Біржан мен Сараның айтысы (3-бөлім)
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 154 жол
Мен пәлен дегеніңе сескенбеймін,
Шошыр деп қоразданып алдасаң да.
Біржанның айтқаны:
Арғынға жете алмайды Найман өлмей,
Ежелден артық туған теңдік бермей.
Жеңбесем осы жолы, Сара, сені,
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, өнер бітер қай жеріңе?
Бүл жолы пайда ілінбес құр теріңе.
Жеңбек түгіл келмейсің ширегіме,
Әкеңнің менен қорықсаң кір көріне.
Біржанның айтқаны:
Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,
Төңірек жеті дуан ойнағы бар.
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы,
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар.
Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын, Жанай,
Ит қосты Нұрмұхамбет, Досан, Қанай,
Солардың хисабына көз жетпейді,
Ол түгіл бір Шақамдай болсаң қалай.
Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман,
Үзілмей келе жатыр ескі қордан,
Қажының белбаласы Садуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл туған Қазанғаптай ата ұлынан,
Тұқымы декдар шыққан жатынынан,
«Полковник» шен алады туа сала,
Шырылдап туған бала қатынынан.
Шыныбай асып еді, пір шағында,
Жан жетпес ер Қажекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем
Ілінген талай Найман қармағына.
Тәттімбет ардагерім Арғын асқан,
Қырық түрлі күй ілінген бармағына,
Ежелден әрі баймын, әрі молмын,
Шын қызсам шыдамайсың, зардабыма.
Адамның ақиығы хажы Құнанбай,
Сан жүйрік сау кеткен жоқ бір сыналмай.
Найманның әулиесі батыр Барақ,
Ішқұста болып кеткен түк қыла алмай,
Ыбырай жас жолбарыс білектенген,
Дұшпанға арыстандай жүректенген,
Өзінің заманының бозбаласы,
Перінің жігітіндей іргектелген.
Ей, Сара, қайсының бар оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз басты білімдісі
Оны да жамандамас Найман бекер.
Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай,
Арғынның асылдығы міне осындай,
Наймандай ағайынын жүрген сатпай.
Бар болса, бұған орай қоймай сөйле,
Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатпай.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып,
Көңілің ауырмасын, қабақ қатып,
Көкшетау, Қызылжарда талай Арғын,
Күн көрген жанын жалдап, жатақ жатып,
Найманнан қай жерің бай мақтағанмен,
Тентіреп нан жемейміз шілік сатып.
Бармаған соң жайымды білмейді деп,
Құр босқа мақтанасың тәңірі атып.
Найманда Қаракерей, Сыбан, Мұрын,
Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын,
Шерубай, Тана мырза, ер Тәукебай,
Кай қазақ сөз бастаған онан бұрын.
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,
Алихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді.
Жан жетпес Бабатайға Жалбы Жанақ,
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап,
Ақтамберді, Алтыбай, Ырайымбет,
Дұшпанын қуалаған қойдай талап.
Кенжеқұл, қазақ жетпес бабасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтұқа, Кеңесбай мен Құт Данияр,
Тұңғиық сөздің сөйлер шамасына.
Арғын жоқ мақтанғанмен Тойғылудай,
Қор құйған қыдыр келіп сабасын-ай,
Бірін-бірі аңдыған қу Арғынсың,
Мақтанған мінсең орыс шанасына,
Екі жыл бақ айналса біреуіңе,
Қайдағы жаулық қылған данасына.
Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,
Қарны ашса қарамайды анасына.
Қім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымына қуа қонған,
Қожағұл, Әлі, Жәкеш, ер Әділбек,
Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан.
Бұтабай, Байжігітте, құт Шиямбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай,
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,
Қаласың жетпек түгіл бір таянбай.
Таласпас, Танекенің жан бағына,
Жеңермін егер тартса іс ағына,
Шетінен қыдыр қонған өңшең, құтым,
Мың-мыңнан құт растаған арт жағына.
Арғынның болад дейді қызы сойқы,
Шот маңдай, иегі ұзын, мұрны көйкі.
Бұйра шаш, дөң жаурын, қысқа тұмсық,
Дорбелжі дорбиған күң ойқы-шойқы.
Жігіті Қоқандықтың аңлағандай,
Аптығар өрттің шалқып жанғанындай,
Асыққа ақ жамбыны ертіп құйған,
Найманның жігіт қайда Бағланындай.
Екі ауыз ән білгені ақынмын дер,
Қыдырдан түсте бата алғанындай.
Ұятсыз сіздің елдің бәрі даңқой,
Айтпасаң мұнан басқа қалғаныңды-ай.
Қапыда қалдым деме, ақын Біржан,
Көңліңнен қоймай сөйле арманыңды-ай.
Сара ақын екеніне көзің жетпей,
Осында қайдан білдің қармануды-ай.
Найманнан жылда тойып кетсең-дағы,
Қоймайсың жылда келіп жалмануды-ай.
Елу күн ғайып білген сұсты құспын,
Білмеймін, әкеңнен де алдануды-ай,
Өзіңді ата қылдың, құс та қылдың,
Жайымды адам күймен атайын мен.
Өнерге екі жағым бәрі бірдей,
Құр босқа бөгелемін келіспей нем.
Сайраған бүтін Найман бұлбұлымын.
Ұрғашы ғой демесең, қай жерім кем.
Құдай талап бермесе сүйегіне,
Жабайы тұлпар болмас жегенмен жем.
Арғымақ ғиялының артығымын,
Он күндей тынбай шапсам бір алмас дем.
Өз басым ұрғашының қара тілі,
Иран бақ бет бітісім қызыл гүлі.
Біржан сал, құдай айдап өзің келдің,
Іздеуге ойланып ем өткен жылы.
Майысып нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі, дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды кәуһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ,
Болғанда аузым сағат, ернім қақбақ.
Міні жоқ отыз тісім меруерттей,
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,
Лебізім шырынындай шарбат судың.
Қаққанда төңкерілген қас бітімім,
Ашылған айбатындай жібек тудың.
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,
Арғынның құдай кәне, қай қызы тең.
Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес,
Азар дұшпан-болсаң да қай жерім кем.
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым нақ сандалдың тірегіндей.
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей,