Біржан мен Сараның айтысы (4-бөлім)
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 114 жол
Арғынды мақтасаң да артық Найман,
Жетпек тұрсын байлыққа өтті Найман.
Бұралқы елге сіңген күшік иттей,
Бай болсаң мұнда, Біржан, келдің қайдан.
Найманның Арғын жетпес қоғамына,
Қаласың бекер мақтап обалына,
Базарда қымыз сатып күн көресің,
Естимін таянды деп жоғалуға.
Мақтанып жоқ нәрсеңді айтпа маған,
Рас, жаным ашиды, Біржан саған.
Сөз білсең кеп таласпа меніменен,
Алысып құр қу даңмен қалмас бағаң.
Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,
Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.
Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,
Барақтың пар келмейді сынығына.
Ұстаған Тобықтыға дүре соғып,
Аққан қан ат суарған тұнығына.
Қапанның Байқарамен қосы қонса,
Жетпеген қалың тоғай қорығына.
Қазбек Құнанбайды найзалаған,
Төрем түгіл төлеңгіт жорығына
Садырбай, Жаманбала, Арқабайым,
Тел емген екі енені марқадайын,
Есілге, Едіреймен қамалған қу,
Көкмайса жерің бар ма Арқадайын.
Ақ Найман Қожамбетке Арғын жетпес,
Төрт ру Қаратайдан қазақ өтпес.
Көкжарлы Сары, Жомарттай қайсының бар,
Қызығы Мысыр, Шамдай естен кетпес.
Есігі іргенекті жатыр талай,
Ойласаң есің шығар санай-санай.
Бора батыр көптігі толық дуан,
Атасы әулие өткен ер Қонақбай,
Дәулетке Бора-дағы артық асқан,
Кім баймын дегенменен жағаласқан.
Жаяубайлар көрді ғой малдан ыза,
Қозғалып көшіп жұртқа жете алмастан.
Қайсы Арғын жетеді Аман, Көшеріме,
Мен дайын сезді қалай десеріңе,
Кең қолтық өзім теңдес кез болмаса,
Алтайдың көзім толмас есеріне.
Түйкі мен Жоламандай тумас қазақ,
Дұшпанын беттетпеген жүндей сабап.
Менімен айтысуға қайдан жеттің,
Жыл сайын мүжуші едің сүйек қажап,
Қоңырға жан теңелмес Бәкешпенен,
Құр айғай түк өнбейді егеспенен.
Түнеп қыдыр қонбаған Ыбырайға:
Күн өтті тойсам деген өңешпенен.
Ел арытпас Серікбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қыдыры барлығынан.
Мақтаған Ыбырайың дәнеңе емес.
Бүлінді бар Тобықты паңдығынан.
Наймандай Арғын болмас қоңыр майда,
Ел тоқтатар бір мінез жоқ Ыбырайда.
Қазақта өнері асқан ер болғанда
Бағланы Жігітектің кетті қайда?
Сал Біржан, мақтансаңшы түбін ойлай,
Арғынның бәрін білем бірін қоймай.
Күнінде-ақ болып тұрған ел бүлінді,
Сен-дағы жас күніңнен ардакерсің,
Құрбың мен жеткізбеген құрдасыңа.
Әуенің жез сырнайдың көмейіндей,
Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына.
Ақын емес жігітсің әңгімешіл,
Мұныңмен шыға алмайсың қыр басына.
Он Жанақ, он Орынбай жолдас алсаң,
Мен кепіл сен жеңілмей тұрмасыңа.
Есің болса, осымен тоқта, Біржан.
Арғынды бос қаздырмай ұрғашыға.
Сонда Біржаннын, айтқан жауабы:
Құтыма тіл тигізбе, ер Құнанбай,
Алашқа аты шыққан кер бұландай,
Ескермес он ақынды есіл басым,
Қадалдың маған, Сара, сұр жыландай.
Сен түгіл жеткен емес еркек қуып,
Төмен болған жерім жоқ, өзім туып,
Шынымен жайнаң қағып самғағанда,
Тұсыма келген емес адам жуық.
Менсінбей қапы болып өкінермін,
Ызғарлы көрінеді сөзің суық.
Болдырып түстен кейін сандырарсың.
Байталсың қапелімшіл бір жел қуық.
Барынша өнеріңнің аянбай сал,
Көңілімді көтермей-ақ сөзбен жуып,
Мені қалай, сен бала, кемітесің,
Жорғамын сарынымен самғайтұғын,
Бәйге аты серпілімді шалмайтұғын.
Әнімді он екі взвод жіберемін,
Есіңнен өле-өлгенше қалмайтұғын.
Сонда Сараның айтқан жауабы:
Қазақ жоқ хан Бараққа теңгерілген,
Күшімен Арғын – Найман меңгерілген.
Есіл ер, аруақ біткен заманында,
Тоқтыдай сан Тобықты өңгерілген.
Еркек жоқ өз басыма теңгерілген,
Сөз пірім он жасымнан меңгерілген.
Небір көзге олқы боп көрінсем де,
Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген.
Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын,
Матайдың Қаракерей сеңгерінен,
Даусыма аспандағы құс айналар,
Құбылып тоты құстай төңкерілген.
Антұрған, құдай қане, жасырмай айт,
Сөзім жоқ бір кісіден кем көрінген.
Сайраған мен бір Найман бұлбұлымын,
Қапаста жел тигізбей жем берілген.
Жұрт сыншы, өзі білмес екі даугер,
Белгі жоқ адымында теңгерілген.
Мақтанғаным болмаса осы кеудем,
Он Арғын шалымымнан кем көрінген.
Бірінен-бірі дамып асып түсер,
Дауысым алтын тудай, шаң көрінген.