Шабданның үйінде айтқаны (3-бөлім)
Тілемес Есболұлы · 178 жол
Батыр енді жөнелді.
Сыр мен таудың арасы,
Құлазыған дала еді.
Түйе шалар түні жоқ,
Жылқы тебер қыртыс жоқ.
Сусын болар сусын жоқ,
Бет қаратпас желі бар,
Ұшан-теңіз дала еді.
Сондықтан халық бұрыннан,
«Бетпақ» – деп оны атады.
Құдай басқа салған соң,
Қоныстан ауып көп Дулат,
Ақ қар, көк мұз аязда,
Басқалармен қосылып,
Солай қарай шұбады.
Алыс жолға жүре алмай,
Қара боран суықта,
Талайлар жолда құлады.
Орта жолға келгенде
Көл кездесіп кішкене,
Шаршаған халық қуанды.
Айнала көлді жағалап,
Алқа-қотан қонады.
Аз ғана күн аялдап,
Арттағыны жияды.
«Көшеміз ертең» – дегенде,
Қатты боран соғады.
Қорғаларға пана жоқ,
Қайда барып бұғады?
Арық мал мен аш адам,
Сол жерде қатып сұлады.
Артынан келген батырлар,
Тірілерін жияды.
Басын құрап халықтың,
Біраз сабыр қылады.
Осы жерде азғантай,
Үш жүзден бүлік шығады.
Орта жүз кетіп Арқаға,
Кіші жүз кетіп Шалқарға,
Ұлы жүз ғана қалады.
Көшті бастап Өтеген,
Бораннан алып шығады.
Аман-есен Ұлы жүз,
Хантауына келеді.
Өтегеннің бұл ара,
Өзінің туған жері еді.
IV
Кейін қалған Үйсінді,
Төле би құрап жинапты.
Білуші еді бұлбұлдың
Бетіне келер ұятты.
Жолбарысты хан сайлап,
Жұрттың басын құрапты.
Қаратау мен Хантауы,
Саласына орнапты.
Дулаттың қолы күшейіп,
Қалмақты қайта айдапты.
Жауды қуып қаладан,
Ташкенді Дулат қайта апты.
Қырғыздар оны көре алмай,
Іштері күйіп қайнапты.
Сарт пен Қырғыз бірігіп,
Абайсызда бір күні,
Жолбарыс ерді өлтіріп,
Хан көтеріп қалаға,
Қоқым биін сайлапты.
Қатыннан қорқақ Қоқым би,
Соғыспай жауға қарапты.
Кейінгі мына Қынайың,
Жанғараш, Бәйтік, Жантайың,
Қоқым биден үлгі апты.
Түсінер өзі ер Шабдан,
Салыстырса ойланып,
Ар жақ пенен бер жақты,
Біле тұра осыны,
Шабдан қалай жамандар
Ежелден батыр қазақты.
Сол қазақтың баласы -
Әйгілі аты әлемге,
Менің атым Өтеген.
Жолын қуған қазақтың
Келе жатқан ертеден.
Көрсе де талай азапты.
Қайтпаған батыр сертінен.
Абылаймен екеуі
Жауды қуған жерінен.
Хантауы мен Қаратау,
Адырлы-қырқа белінен.
Туып-өскен кең алқап,
Жетісудың жерінен.
Ары қарата асыра
Алатаудың белінен.
Көрген соң мұны ар жақтан,
Қытай, Шүршіт патшасы,
Қаптаған қалың көп әскер,
Ашылған соң құс ұшпас,
Биік қорған қақпасы.
Қаулаған қара шыбындай,
Шүршіттің қолын көрген соң,
Өтеген қарсы шауыпты,
Елден бұрын шыдамай.
Жаудың қарап алдына,
Бас иіп батыр тұра ма
Бекерден-бекер қарап жай?
Кіріскен жаудың шетінен,
Бас-көзіне қарамай.
Ығыстыра бір жағын,
Шүршітті қырған аямай.
Абылай қорқып, бұл кезде,
Тұрып қапты алыста,
Ілесуге жарамай.
Жалғыздығын көрген соң,
Шүршіттің бәрі жабылған,
Жан-жағынан қамалай.
Келіп серік болмаған,
Қол бастаған Абылай.
Шүршіттерге бас иіп,
Бағыныпты кәпірге,
Оқ шығарып ұрыспай.
Көрген соң мұны Өтеген,
Ол жерде енді көп тұрмай,
Қамауды бұзып жол ашып,
Ауыл жаққа бет қойып,
Жүріп кеткен бұрылмай.
Өтеген батыр өкпелеп,
Абылайға келмеді.
Жалынса да өзі кеп,
Қасына енді ермеді.
Бір кеткен соң бөлініп,
«Халық иесі – ханым» – деп,
Бетін қайтып көрмеді.
Даярланып сапарға,
Іздеуге қоныс беттеді.
Қара қазан, сары бала,
Қамын ойлап, батырың,
Ешбір тыным көрмеді.
Анталаған қалың жау
Батырға ұйқы бермеді.
Ыза қысып жүректі,
Маңдайы шып-шып терледі.
Ақыл сұрап үлкеннен,
Төле биге келеді.
Жасы жетіп Төле би,
Шөгіп қалған кезі еді.
Кәрілігі болмаса,
Аузына үш жүз қараған,
Ақылды ердің өз еді.
Батырдың сөзін есітіп,
Қарт Төленің сондағы,
Айтқан сөзі бұл еді:
«О, Өтеген, Өтеген,
Артық еді туысың
Өз қатарың ерлерден.
Шығып қапсың сапарға,
Жолың болсын, қарағым!
Еліңе қоныс іздесең,
Жоғарыда жерлердің
Жазы қысқа, қысы ұзақ.
Теріс болмас, сонда да,
Көзбен көріп, байқасаң,
Төмен барсаң Қап тауы,
Қалай болар жан-жағы.
Ол болмаса, оң жақта,
«Жиделі – Байсын» – кең сала.
Істің байқап алды-артын,
Қимыл ет, ерім, ойлана.
Болмаса артық бұл жерден,
Елді орнынан қозғама».
Төленнің алып батасын,
Жолға шықты Өтеген.
Асыл туған ер еді,
Артық болып өңдеген.
Айта берсем таусылмас,
Тоқтатайын осы жерден.
Ендігісін айтармын,
Керек болса, тағы ертең.
Білер енді хан Шабдан
Менің атым кім екен.