Ақан серінің Қызылжарда қажыларды қарсы алғанда айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 28 жол
Қажылар, барған жерің Маккаи мукаррама,
Екінші Мəдинаи мунаууара.
Ішінде бұл жиһанның абзал орын,
Жаратқан абзал қылып хақ тағала.
Шапағат барған жанға уəжіп дейді,
Пайғамбар Хадишамен сейіл құра.
Үзіліп бақ алманың піскен жері,
Қайғыны бал-шекердей ішкен жері.
Қабырына анасының хазірет Жүсіп,
Түйеден бұғауменен түскен жері.
Қажылар, зиярат қып, көріп қайттың,
Тақсырдың сол мəнзелден көшкен жері.
Ысмағұл туып, хазірет Ажар ана,
Кірін жуып, кіндігін кескен жері.
Су шығып зəмзəм шариф құдіретпен,
Өкшесі қара жерді тескен жері.
Жəннатттың инһарына əсер келіп,
Шешманы шешма келіп шешкен жері.
Жəннатул пердаусиден қошқар келіп,
Көңілі қызыл гүлдей өскен жері.
Тауында сол Минаның құрбан шалып,
Ысмағұл забихулла дескен жері.
Қажылар, зиярат қып көріп қайттың,
Көшпелі алтындардың көшкен жері.
Хұрматлу қаж болдыңдар хақ қасында,
Риядат сізлерді Алла сақласын да.
Қажыларға Құдай айдап кез келген соң,
Ақаның судай ағып таспасын ба?!