Ақан серінің өлеңмен қыз шешесін айналдырғаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 56 жол
Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа,
Мінген ат қыраулатып танауласа.
Адамы, өзі қызыл арлан түлкі,
Құлпыртып ақ сабаумен сабауласа.
Болғанда биең бедеу, атың қату,
Жігітке лайық па қарап жату.
Жүрген жер ойын-сауық, сəн-салтанат,
Жан бойда тұрған кезде дуылдату.
Қара көк, салыңқы төс, қамыс құлақ,
Қимастай бір құрбыңнан алсаң сұрап.
Нағыз дос, жанқиярдан майын мініп,
Кежімдеп, керуатта жатсаң сұлап.
Бүркітің сонда тұрса саңқ-сұңқ етіп,
Күтілген саятшымен бабы жетіп.
Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып,
Көзіне көрінгенге шап-шап етіп.
Қарғылы арлан тазың сылдыр қағып,
Керіліп, бір сілкінсе дүр-дүр қағып.
Таңертең аңға шығар мезгіліңді,
Еркелеп келсе жетіп, бұраң қағып.
Сол кезде іздеп келсе аң құмарың,
Осындай бір іс болып ынтызарың.
Бүгілтіп жылқыдағы қату атты,
Азанмен алып келсе малшыларың.
Құсты алып, аңға шықса құсты біреу,
Еріңе күміс балдақ етіп тіреу.
Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,
Пау, шіркін, шалқытып өт, бұл – бір тілеу!
Тауыңнан қашса түлкі бұлдыр қағып,
Соңынан қуса тазың сылдыр қағып.
Ойдағы қағушының айқайымен,
Шайқалып ұшса қыран бұлтты жарып.
Алғанда бірі бастан, бірі таңнан,
Құтылмас қашқан түлкі құс қыраннан.
Жігіттің бес күн жарым өмірінде,
Пау, шіркін, шалқытып өт, бұл жалғаннан!
Күн бұрқақ, түлкі қақсаң тауды айналып,
Күн батып, қарауытып, көз байланып.
Түлкіні қанжығаға байлап алып,
Қонуға қызды ауылға ыңғайланып.
Сол мезгіл соқса көңілің қайтуға елге,
Мінген ат қыраулатып, батса терге.
Өлеңшің, домбырашың қасыңда боп,
Кез болсаң қоналқыға бұраң белге.
Самаурын, ақ шəйнекпен тұрса қайнап,
Құлпырған бір мамыр гүлі көзі жайнап.
Сол күні қыз əкесі үйде жоқ боп,
Отырсаң əзілдесіп, күліп-ойнап.
Шешесі желөкпелеу жастау келсе,
Ол қыздың бір жеңгесі қастау келсе.
Бір жігіт жарықпенен түлкі сойып,
Өлеңмен əзіл сөзін бастай берсе.
Ол жігіт бастай берсе əзіл сөзін,
Төрт қылып мырза отырса екі көзін.
Тиюге қиыстырып жол таба алмай,
Ұнатып қыз да отырса істің тезін.