Өсиет өлең
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 42 жол
Уа, шіркін, кедейліктен кісі өлмейді,
Өлмегені құрысын, ісі өнбейді.
Аузың бұлбұл, аяғың дүлдүл болсын,
Ер жігіттің аяғын кісендейді.
Ер жігіт мақтанады асы болса,
Биік тау шаттанады тасы болса.
Сол жігіттің басына бақыт қонбас,
Ағайыннан алданған қасы болса.
Жігітке кедейшілік намыс емес,
Жоқ болсаң, туысың да таныс емес.
Суық су, арық соғым, жаман əйел –
Үшеуі кедейліктен алыс емес.
Жігітке ең керек іс – білім деген,
Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.
Білсеңіз елден таңдап бір сұлу ал,
Қыпша бел, оймақ ауыз күлімдеген.
Үшінші, елден таңдап бір жүйрік мін,
Көзіне көрінгеннен сүрінбеген.
Төртінші, заманыңда күліп-ойна,
Бір кезде шал боларсың дірілдеген.
Сал жігіт сүйер ғашық жарды айтады,
Бай кісі қорадағы малды айтады.
Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын,
Үшеуі ер жігітті қартайтады.
Дүние жеткізбейді ойласаң да,
Жақсы артық əзілдесіп ойнасаң да.
Баласы құладынның қу ілмейді,
Тұғырға баптап неше байласаң да.
Шын тұлпар дүбір көрсе тоқтамайды,
Тас қылып төрт аяғын байласаң да.
Жатпайды болат пышақ қап түбінде,
Өтпейді жасық темір қайрасаң да.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге айдасаң да.
Қаршыға əлсіз болса, қаз алмайды,
Ер жігіт малсыз құлаш соза алмайды.
Бұл дүние жұртты алдаған бейне базар,
Əр адам өз əлінше базарлайды.
Жаманды жақынсынып есепке алма,
Айырып туысқанды өсекке алма.
Жетем деп осыменен мұратыңа,
Тұлпарды айырбастап есекті алма.