Шонтыбай қажыға айтқаны (2-бөлім)
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 101 жол
Тағы да тірі болсаң барасың ба,
Есіңе сонда бізді аласың ба?
Меллайын, ехзирайын зиярат қып,
Жүгірдің Мəруа, Сапа арасында.
Бардыңыз түйе мініп Арафатқа,
Жүрмейді ешкім мініп ол жерде атқа.
Бесін мен намаздыгер қосып оқып,
Үйдің ондағы көп жамиғатқа.
Айт күні оныншы күн құрбан айда,
Байлықтан хаж бармаған көрмес пайда.
Оқыдың таң намазын сарғайтпастан,
Машһүрүк харам деген абзал жайда.
Қонақтап сол жайларда жатқаныңыз,
Жалғанды ақыретке сатқаныңыз.
Қажеке, қабыл болсын бастан-аяқ,
Шайтанға жетпіс тасты атқаныңыз.
Күн шықпай Мина барып даярландың,
Бір-бір қой қажы басы сатып алдың.
Ағызып таудан қанын сарқыратып,
Құдайға жанын қиып құрбан шалдың.
Мойныңнан парыз, уəжіп түсіп қалған,
Есіңнен сонда кетті пəни жалған.
Тастарды жалаңаяқ басып жүрдің,
Үстіне тастаған ет пісіп қалған.
Адамзат қайдан білсін көрмей оны,
Бола алса сіздей болып жұрттың бəрі.
Анамыз жатқан жайы Хадишаның
Көрдіңіз сол жаннатул мұғаланы.
Сахаба онда жатқан əулие көп,
Шаһиттың онда жатқан хисабы жоқ.
Дін үшін əр тараптан барып өлген,
Жетпейді хисап қылсаң жердегі шөп.
Тілеген тілегіңді берді Құдай,
Күнəдан əбден пəк боп болдың, жүдə-ай.
Жарылып қуанышпен жүрегіңіз,
Болды деп дұғаң қабыл етіп нудай.
Жиналған Арафатқа көпті көрдің,
Күн бата Мұзталапа тауға келдің.
Қалмайтын бір зəрредей бойда күнə,
Жерлерге қасиетті енді келдің.
Пайғамбар сонда тұрып дұға қылған,
Сақта деп үммəтымды ғазабыңнан.
Күнəсін үммəтіңнің ғапу ет деп,
Құдайға жанын қиып құрбан қылған.
Ей, достым, көп түйінді шештім дейді,
Куə боп періштелер естің дейді.
Дұға оқып Арафатта тұрғандарың,
Бар болса қанша күнə кештім дейді.
Хаж барар пайғамбардың жолын қуған,
Махшарда ол үммəті жасыл тудан.
Күнəдан тазарады пəндам дейді,
Баладай анасынан жаңа туған.
Бізге айтқан хақ пайғамбар Құдай сөзін,
Жаратқан абзал етіп Тəңірім өзін.
Сол жайда аяғыңмен басып келген,
Қажының көзге сүрме қылсақ ізін.
Көресің іздеп Мəкка сол барғаның,
Баянсыз əлі-ақ өтер бұл жалғаның.
Сол жайды аяғыңмен басып келген,
Қажеке, сіздердің де бар ма арманың?!
Ол бір тау шықтыңыз ба Хұбайысқа,
Айтыңыз көрген күнді біз байғұсқа.
Жете алмай арманда боп жүрген жанбыз,
Айрылып хазірет Науан қолым қысқа.
Көрдіңіз Мұхамметтің туған жерін,
Тазалап жуып келдің көңіл кірін.
Дəлелдер басшы болып көрсетті ма,
Зиярат етуіңе еркін күнің.
Сөйлескен Мұса хаққа тауы да тұр,
Тартады қиямет күні Есрапыл сор.
Баршасын сіз келдіңіз тамам айлап,
Ақыры зияраттың жаббалы нұр.
Дəлелдер басқыш болып оңыңызда,
Бірге еріп періштелер соңыңызда.
Əулие Шайхы Махмұт зияратын,
Бастыңыз кіре бере жолыңызда.
Бар шығар көңіліңізде бұл арасы,
Көп таудың Мəкка шаһар сол дарасы.
Елестеп көз алдыңа тұрған шығар,
Қырық есік, соның жеті мұнарасы.
Бұл жолда аш-арықтар сізді жақтар,
Шарапат дұға тиіп, құдай сақтар.
Сауабы өзге жылдан артық дейді,
Жəне де болған биыл «Хаж акбар».
Жүйріксіз сағымдайын топтан шыққан,
Көргенде көңіліңнен шайтан бұққан.
Ехласың бір Аллаға жақын болып,
Сіздерден қасиетті баға шыққан.
Ту болдың бұл жалғанда қыпшаққа,
Жасыңнан қойған жансың мойның Хаққа.
Жетелеп алып барып енгізгендей,
Соңыңнан ергендерді сол жұмаққа.
Алтын, күміс оңғақ шығар көрігіңнен,
Жасыңнан дін ісіне жерігіңнен.
Шонтыбай батыр қажы атанып ең,
Айрылып қала қапсыз серігіңнен.
Өлді ғой дін жолында шыбын жаның,
Жасыңнан сіздің жағдай бізге мəлім.
Таяныш бір босағаң жоқтай болып,
Қайғымен таласып тұр сол бір бағың.
Ендігі бола берсін қалғаны аман,