Ақанның Шоғырмаққа айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 46 жол
Шоғырмақ, талай жерді бүлдіргенің,
Досты жылатып, дұшманды күлдіргенің.
Түлкідей шыңнан қашқан бұлаңдаушы ең,
Төскейде ақиыққа ілдіргенің.
Шоғырмақ, бұл уақытта келдің қайдан,
Болды ғой саған түсу бір Құдайдан.
Қиянат, зұлымдықты ойлаушы едің,
Енді мен астым ғой деп Атығайдан.
Қолында Əубəкірдің талдан таяқ,
Шоғырмақ, соғып едің аямай-ақ.
Тоғыз жыл болыснай боламын деп,
Семіріп кетіп едің шошқадай-ақ.
Омбыдан кісі келгенде қалдың сасып,
Жөнелдің Қызылжарға қадам басып.
Үйіңе бір мезгілде тоқтай алмай,
Есілдің ар жағына кеттің қашып.
Қашсаң да ер Сұраған қуып жүрген,
Ажалға шыбын жаның жуық жүрген.
Қаныңды қайда барса ішемін деп,
Беліне алмас қылыш буып жүрген.
Баласы Жылгелдінің алтындарым,
Дұшпанға тиіп жүр ғой салқындарың.
Əр жерде Аю батыр шығып жүр ғой,
Кісінің Шоғырмақтай алқымдары.
Жəрмеңке болатнайда жиын болды,
Сол жерде біразырақ сиың болды.
Ісіңді Абрамобиш тексергенде
Мүн беру жан беруден қиын болды.
Арбасы Əлібектің үрілдеген,
Табаны Шоғырмақтың дірілдеген.
Бетіне Шоғырмақтың қарап тұрсаң,
Екені жанды-жансыз білінбеген.
Қалтаңа қайта-қайта қол салғанда,
Ызнакқа тура қолың ілінбеген.
Ақбұзау болыснай болған шақта,
Андағұл, Ырсай болып күлімдеген.
Кеудеңді жолбарысқа талаттырдың,
Мұрныңды қышаменен қанаттырдың.
Жағасы дүрия қамзол дал-дал қылып,
Қатынына Саполаттың жаматтырдың.
Жаныңда қайда кетті азбандарың,
Секілді шілдің боғы тозғандарың.
Аяғы арыслан боп сынған екен,
Аспанда айға қолы созғандардың.
Бетіне оралмастай перде салып,
Намруд, Шеддат секілді азғандарың.