Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айтамын замандасқа біраз кеңес

Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 132 жол

Бірінші жігіттің сипаты:
Айтайын замандасқа біраз кеңес,
Жігіттік талап еткен жаман да емес.
Өнермен талпынам деп орға түссе,
Өкініп өз ісіне қайғы жемес.
Атағы артта қалған кей сабаздың
Өлсе де, оның сөзі өлмек емес.
Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,
Бақ қонса ғажап емес ертелі-кеш.
Келгенде оралыңа ойнақтап қал,
Келмейді қайта айналып бұл жиырма бес.

Жастықта əр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тəуекел деп суға салсаң.
Еңбегің еңбектеген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.
Жігіт бар он үш түрлі біз білетін,
Соларды баяндайын, құлақ салсаң.

Əуелі абзалында жігіт басы
Биік боп тұрар оның дəрежесі.
Бəйгеден күнде келген ол бір саңлақ,
Жабының тең келмейді жүз бағасы.
Ілмейтін көлден таңдап қудан басқа,
Алынған ақ тұйғынның томағасы.
Бір мінез, əрі дана, дархан лебіз,
Айнымас темір қазық уəдесі.
Қолға алса күллі жанды раушан еткен
Дүниенің мысалы абзал гəухар тасы.

Екінші жігіттің сипаты:
Екінші бір жігіт бар баулы құстай,
Бауынан босанбайды жазы, қыстай.
Ерігіп құсқа салса ілмей түспес,
Босатар тегеуріні мықтап қыспай.
Зауыттан жаңа шыққан екі жүзді,
Алмастай, майысатын емес мыстай.
Ол-дағы қаз ілгендей бір қаршыға
Жіберсе бабын тауып, көлге нұсқай.

Үшінші жігіттің сипаты:
Үшінші бір жігіт бар толық торы,
Ойлайды кез келмес деп дұшпан оры.
Ауызбен нағыз асыл жігітпін деп,
Кеудесін көтеретін таудай зоры.
Құлашын жас кезінде сермей алмас,
Жетсе де неше апатқа созған қолы.
Аударып бірін-бірі əкете алмас,
Тең тұрар таразыда оң мен солы.
Қырандай бау аспаған көлбелеңдеп,
Көмескі із түспеген жүрген жолы.
Білемін бір жігіттің білсе-дағы,
Не керек зая кеткен білген молы.

Төртінші жігіттің сипаты:
Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр,
Асылзат ажар берген, өңі тəуір.
Жетсе де неше атырапқа атақ-даңқы,
Қажымас қара етті, аттай берік сауыр.
Алмай ма аманатын қолын созса,
Желдетіп соқса-дағы үлкен дауыл.

Топ көрсе, бəйге атындай шабатұғын,
Тұрады жалы барға өкпе-бауыр.

Бесінші жігіттің сипаты:
Бесінші бір жігіт бар терең ойлы,
Сыр айтып еш адамға бермес бойды.
Өнерін жақсы-жаман іште сақтап,
Шығарып майда тілмен перуат қойды.
Адамға жүйрік ақыл бере тастап,
Талайдың қабыл-ғапыл сырын жойды.
Түсіріп ақ көңілді қайласына,
Ішінен білдірместен бітеу сойды.
Ол жігіт түлкіге ұқсас айлакер-ді,
Із тастап, бірдей жортты қыр мен ойды.

Алтыншы жігіттің сипаты:
Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған,
Арсызды ілтипат қып алқымдаған.
Ақ жарқын, ашық ықылас ол бір шаһуаз,
Ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған.
Ажалсыз маған тағдыр келмейді деп,
Қарысып дұшпанынан тартынбаған.

Жетінші жігіттің сипаты:
Жетінші бір жігіт бар желдей есер,
Байлаусыз əр сөзінің артын кесер.
Бір көрген жат адамға сыр алдырып,
Сырының іштен жанған бəрін шешер.
Баянсыз ұшпа бұлт секілденіп,
Дүниеден биопасыз күнін кешер.

Сегізінші жігіттің сипаты:
Сегізінші бір жігіт сегіз қырлы,
Нық сөзді, раушан көңіл, жалғыз сырлы.
Сөзінен тартқан сымдай теріс шықпай,
Сау басын шатыстырмас іске кірлі.
Құйқылжып ақ бүркіттей төңкеріліп,
Сөйлейді əр мəжілісте əрбір түрлі.
Жігіттің оңды-солды құлқын танып,
Əркімнің өзіне сай табар тілді.

Тоғызыншы жігіттің сипаты:
Тоғызыншы бір жігіт бар қоңыр бөрік,
Жел шықпай қозғалмайды белгі беріп.
Табандап шана тартқан өгіздей боп,
Шығармас сырын сыртқа сондай берік.
Кісіден алса алып, өзі бермей,
Қайла мен ақылына болған серік.
Қызбайтын топты көрсе қалың тері,
Базарда бағасы бар қырық теңгелік.

Оныншы жігіттің сипаты:
Оныншы бір жігіт бар қатын жанды,
Киеді қатынынан артылғанды.
Аяғын қия жерге бір баспайды,
Алдынан құрулы арқан тартылған-ды.
Біріне-бірі сондай машықтасып,
Қызықпен таңды солай атырған-ды.
Бұл жігіт əйелменен бірге қисап,
Əйелге жақын келіп ғапылданды.
Əйелдің қолтығына кіріп алып,
Не айтса, бəрін соның мақұлдады.

Он бірінші жігіттің сипаты:
Бір жігіт он бірінші өсек айтар,
Ауызбен көп адамды ол байытар.
Кішкене торсығына сөз құйып ап,
Апарып əр ауылға барып шайқар.
Жамандап бірді-бірге құйылыстырып,
Қуанып ат алғандай үйге қайтар.
Дұрыс сөз ақылынан шықпаса да,
Қынадан жаман сөздің түбін байқар.

Он екінші жігіттің сипаты:
Бір жігіт он екінші кербез сал-ды,
Бойына адамдықты жиып алды.
Өзіне өз жұмысы мақұл болып,
Көзіне кеңес айтар ілмес жанды.
Кісіге бойын беріп жақын келмес,
Семірген мəстек аттай майлы жалды.
Сіресіп сықырлаған тəкаппар боп,
Ойланып өзгелерден білмес халді.
Майданда кейбір жігіт жалғыз тұрар,
Ойға алмай, санамастан дүние малды.

Ақан сері Қорамсаұлы өлеңдері

Барлық 78 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері