Ақан серінің Құлагер жайында айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 30 жол
Ел еді Баянауыл барған жерім,
Бар еді һəр мүшеңде біткен келім.
Арымас алты ай шапса арғымағым,
Серке сан, қанжар мойын, қурай керім.
Түбінде қарақшының тұрдым тосып,
Бəйгеңді алушы едім талай қосып.
Алдыңғы ат баран емес, қылаң деді,
Сол жерде тұра алмадым бойым шошып.
Құлпырған қара құндыз құйрығың-ай,
Суырылып топтан озған жүйрігім-ай.
Жеріне Ерейменнің алып барған,
Тəңірімнің айналайын бұйрығын-ай.
«Бас есенге мал бітеді» деген сөз бар,
Жанымның қылдым тəуба тірлігін-ай.
Қараймын отқа салып ашутасты,
Не көрмен, əлі де болса басым жас-ты.
Күнінде тоқсан тұлпар мінсем-дағы,
Ашуы Құлагердің басылмас-ты.
Жануар Құлагерім қолдан кетті,
Дұшманның қастығымен қаза жетті.
Өзге жұрт көтермеге аттанғанда,
Алдынан қарсы бармай маған нетті.
Өлді деп Құлагерді естігенде,
Баласы Орта жүздің намыс етті.
Келетін жеке дара жануарым,
Үмітсіз қандай дұшман қағып өтті.
Жүз жылқы, бір қыз болса сенің құның,
Сондай-ақ бір биеден туар құлын.
Мың сом ақша, отыз түйе, екі жамбы,
Алтайдан əпердің ердің құнын.