Ақан сері айтқан әйел сыны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 74 жол
Ақыл – шам, керек оған май мен білте,
Сасарсың кеш боп қалсаң, ескер ерте.
Кеш болмай, күн бұрыннан жабдық сайлап,
Қолыңа түсіре бер бірте-бірте.
Кім мінер ел көшкенде тауып атын,
Жігіт жоқ танитұғын əйел затын.
Дүниенің тұрақтайтын мекені осы,
Гүл жүзлі, шырын сөзді жақсы қатын.
Белгілі ұрғашының бізге жайы,
Бұл күнде мал боп кетті қыздың байы.
Қарауыл кəні құлан, түссе қолға,
Қатынның барып тұрған қақ маңдайы.
Болмайды онан кісі ерте тұрған,
Бұлаңдап оң қолына алар құман.
Көйлегінің етегі шұбатылып,
Асады маң-маң басып екі-үш қырдан.
Аймақты ауыл, қоңсы бірдей сыйлап,
Адамды ренжітпес текке тұрған.
Ерінің бары-жоғын білдірмейді,
Қонаққа қандай жайлы ол антұрған.
Ешкіммен бет жыртысып көрген емес,
Шақ етіп, даусы шықпас баланы ұрған.
Бұлттан шыққан күндей көрсең жүзін,
Келтіріп əрбір түрлі күймен сөзін.
Толғанып, оқжыландай толықсиды,
Пəндаға сынатпайды басқан ізін.
Ал сонда түгел болар ажар-көрік,
Мінезі сымбатына болар серік.
Алыстан құрбыларын лебі тартып,
Боп жүрер кім көрінген оған жерік.
Көрмедік өңде түгіл, түсте де біз,
Қыламыз сенің үшін əңгіме сөз.
Бірден соңғы əйелдің бабірігі,
Алып кете жаздайды қиғашты көз.
Ішпей-жемей тойғызып сөзіменен,
Жақсы əйелді бəстес қып өзіменен.
Шығып кете жаздайды кеудеңнен жан,
Мөлдір қара, қарақат көзіменен.
Танимыз осылай деп əйел түрін,
Мінезін, ажар-формын, көрік-нұрын.
Нөмірге, міне, үшінші жаңа келдік,
Ақ мамық, үлпілдеген бота бұрым.
Іс болар басқа түскен ол бір сарсаң,
Жаманнан құтылмассың қайда барсаң.
Төртінші нөмерлі əйел көңіл ашар,
Алқызыл, ақ саладан қимылға алсаң.
Қол жетпес сермегенмен көктегі айға,
Дерт болар бірдей келген жарлы-байға.
Жолама шамаң келсе бесіншіге,
Жай бабірік, жайма төсек жадағайға.
Сияды қанша иірсең жіп ұршыққа,
Ілінсең шыға алмайсың бір қырсыққа.
Шалсаң да боз қасқаңды құтыл сонан,
Сары аю, сартылдаған тымырсыққа.
Шошытар иманыңды кейбір жауыз,
Дəні жоқ іліп алар бəрі қауыз.
Дұшпанға досың түгіл, кез болмасын,
Талайтын ит сияқты қисық ауыз.
Тай ойнап, тақыр жерге жылқы жусар,
Не жұтса, ит баласы соны құсар.
Өлікті бір аманат сақтағандай,
Тұнжырға томағалы болма душар.
Үй ішін жаман қатын тұмандатар,.
Домалап от басында құман жатар.
Тазалық үй ішінде болмаған соң,
Күнəға жігіт адам сонан батар.
Көйлегі жуылмаған май-май ғана,
Байымен ұрысады таймай ғана.
Сыртына шөмішінің битін сығып,
Салады қазанына шаймай ғана.
Ойламас бұл байының ата тегін,
Сонымен қатын алар байдан кегін.
«Үстіңе киім кисең, жыртасың» деп,
Бермейді жəне жамап екі жеңін.