Шонтыбай қажыға айтқаны (1-бөлім)
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 140 жол
Ассалаумағалейкум, хай, қажеке,
Мəдина құтты болсын бардың Мекке.
Қыл көпір сол сираттан өткендей боп,
Сау қайтып есен-аман келдің жеке.
Қажылар опат бопты əрбір елден,
Құдайдан пəрмен екен бұл бір келген.
Сіздерге қалай айтсам жарасады,
Бөлініп сол қырғыннан аман келген.
Келдің бе аман-есен данышпаным,
Дін үшін қайрат қылған арысланым.
Көзбен көріп пайғамбардың раузасын,
Төрт жармен құтты болсын табысқаның.
Мəдина мунаууара бардыңыз ба,
Жайларды харам-шараф көрдіңіз ба?
Пайғамбар раузасына зиярат қып,
Есіктен баба ислам ендіңіз ба?!
Келдіңіз сондай абзал жайға барып,
Тілектес болып жатқан біз бір ғаріп.
Көз көріп, қолмен ұстап қадам басып,
Сонан соң айналдыңыз рауза шəріп.
Бір жатқан Əбу Бəкір, хазірет Омар,
Тарқайды бəрін көрсе көзден құмар.
Келетін сол Жебірейіл қадам жайлар,
Сайрап тұр көңіліңізде айтсам солар.
Аралап кезіп келдің дүние жүзін,
Ұнатып қостаған соң Құдай сөзін.
Зиярат еткеніңіз құтты болсын,
Фатима пайғамбардың сүйер қызын.
Мекке мен Мəдинаның бəрі араб,
Баршасын көріп келдің қылып тауап.
Сол жерде асхабларға қылдың дұға,
Жүзленіп Əли хазірет қарсы қарап.
Мекке мен Мəдинаға қондыңыз ғой,
Нұрланып сол жайларда толдыңыз ғой.
Жұма күн зиярат қып біткеннен соң,
Жəннатул бақияда болдыңыз ғой.
Ибраһим пайғамбардың жалғыз ұғлы,
Сахаба жеті мəшһүр кетті тұғры.
Басында дұға қылып отырдыңыз,
Имамға имам мəлік болып тұғры.
Тұз айдап барады екен дəмі тартқан,
Бара алмай не бітірді мұнда жатқан.
Рухы пайғамбардың мұтаһарат,
Өзі бір күмбезбенен алтындатқан.
Бар дейді жəне сонда Ғайша анамыз,
Көре алмай сол жайларды көп санамыз.
Сіз бір шам жанып тұрған ішімізде,
Айналып біз бір келген пəруанамыз.
Болды ма сізге басшы дəлел онда,
Көп шығар ішіңізде жетік молла.
Зейнеп пен һəм Рақия, Һуммугүлсім,
Қызлары пайғамбардың жатқан сонда.
Басына хазірет Ғайбас барғаныңыз,
Табылған сол жерде ойға алғаныңыз.
Раузасы имам Хасан көзбен көріп,
Қажеке, тарқады ма арманыңыз?!
Мекке мен Мəдинаны араладың,
Жақсыны жамандардан сараладың.
Бəріне сахабаның зиярат қып,
Гүлістан, пақияны араладың.
Саны көп, хисабы жоқ мəсжит көрдің,
Қыдырып соның бəрін, əбден кездің.
Тамамлап Мəдинаны болғаннан соң,
Бет түзеп Ұхит тауға енді жүрдің.
Келтеді Тəңірім қалап біздің үшін,
Мəдина араладың іш пен тысын.
Басшысы хазірет Хамза жетпіс шаһит,
Көрдіңіз пайғамбардың жалғыз тісін.
Зиярат қылдың бəрін болсын қабыл,
Жерлерге аяқ бастың жетпейтін қол.
Жүруге енді Мекке жабдықтанып,
Қуанып мұнан шығып түзедің жол.
Қағазға жаза берсем кетер симай,
Көзіңнің ағызғанда жасын тыймай.
Артыңда сол бір нəрсе қалғандай боп,
Жөнелдің пайғамбарды ішің қимай.
Бір түйеге қажылар екеу ара,
Мінуге көлік жоқ боп жеке дара.
Өңің мен түсіңдей боп қала берді,
Мəдина рауза шəріп, бес мұнара.
Жолсыз шөл, жапан кезіп таудан астың,
Артыңа бұл жалғанды тастап қаштың.
Арманың ойыңа алған бала жастан,
Байтулла, қағбада боп араластың.
Түйесін бəдəуилер жаяу айдап,
Бойыңа ехрам кидің, сəлле байлап.
Жамыратқан қозыдай боп улап-шулап,
Жөнелдің лəббакайлап, иə құдайлап.
Бұл жалған пəни сонда шықты есіңнен,
Көп рахат, қызық көрдің сол күшіңнен.
Шарапат сіздерден біз үміткерміз,
Сау қайтып, есен-аман келісіңнен.
Басқаны қажы есіңнен қылдың харам,
Шарттарын Құран айтқан істеп тамам.
Бет түзеп Байтуллаға жүргеніңде,
Жөнелдік құстай ұшып көкке таман.
Өлімге бердің басты ыңғайланып,
Ақырет жабдығын жеп, соны ойланып.
Ия Ғафур, ия Рахман деген Алла,
Жүгірдің Байтулланы жеті айналып.
Байтулла қара жабу төрт бұрышты,
Көргенде Байтулланы көңілің өсті.
Есіңнен мал, жан шығып кетіп еді-ау,
Дариядан бері өткен соң, сонда түсті.
Айналдың Байтулланы көбелектей,
Қарамай жолдағыны баса көктей.
Қажеке, əлі күнге армандасыз,
Келдіңіз сонда жаның шығып кетпей.
Мойныңды ұсынған соң бердің Хаққа,
Болмаған қайтуға ойың сол боп жақта.
Келтірді сізді мұнда Тəңірім айдап,
Жүзіңді көрсетуге біздің баққа.
Тірідей сонда үстіңе кебін кидің,
Желге төгіп, жалаңаш күнге күйдің.
Ғайбаттан қиянаттан түгел көшіп,
Қол созып, хажыра суат тастан сүйдің.
Қажеке, қабыл болсын бұл қылғаның,
Бұйырған бұл сөзіңе адал малың.
Күнəні ішкі, тысқы кетіруге,
Суына зəмзəм шəріп шомылғаның.
Бақытына ел-жұртыңның аман келдің,
Шарапат дұға тиіп, өлмей жүрдің.
Өзіңді ғазап уаракку һəм,
Уараккун-хатте арасында аттай желдің.
Сағындық сыртыңыздан сізді жоқтап,
Əкелген бақытымызға Құдай сақтап.
Тұрғанда сол ғаршының саясында,
Өзі пəни ямалында тұрдың тоқтап.
Көрмеген біз білмейміз жер шамасы,
Қармансаң қолың ұзын, мол табасың.
Қажеке, айналайын қолыңыздан,
Қағбаның құшақтаған босағасын.
Шақырған сізді сонда Тəңірім қалап,
Бас қосып жүрдіңіздер өңшең манап.
Құдая, күнəһымды кеше көр деп,
Қол жайып сол жайларда қылдың тəуап.
Бастаған құдай оңдап бұл ісіңді,
Ұнатқан дос пен дұспан жұмысыңды.
Тіледік мұндай шариф жайда жүріп,
Ағайын халық туған-туысыңды.