Жақыпқа
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 23 жол
Жануар, күндіз келмей, түнде келдің,
Білмеймін қай сайтанның тіліне ердің?
Обалыңа қалыппын, өзің кешір,
Қараңғыдан қол жайып бата бердім.
Ертеңіне Ақан Зікірияның үйіне келіп қонады. Ол
қой əкелуге кісі жіберейін деп жатқанда, мұнысы да бір
жасықтың обалына қалмасын деген ниетпен: «Түнде
Жақыптың үйіне қонып едім, бір тоқтысы арыз айтты», –
дейді-дағы, өлеңдетіп жібереді:
Жаңа май жан денеме шашып едім,
Көк жеген соң, көзімді ашып едім.
Тамыз бенен шілдеде мені сойса,
Адам алса аузына, жасық едім.
Имиіп не бетіммен көрінем деп,
Мейманнан ұялғаннан қашып едім.
Жақып мырза бір қиял бастап алды,
Бес жүз қойдың ішінен қастап алды.
Талдан талға қорғалап қашсам-дағы,
Жұлдыз туа қуалап ұстап алды.
Енемді жаздай, күздей сауып алды,
Көздің жасы жаңбырдай жауып алды.
Бозторғайдай жорғалап қашсам-дағы,
Стражникке іздетіп тауып алды.