Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора (13-бөлім)

Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Жолдасынан айрылып
Қалған жалғыз қайда жоқ?!
Ақ сүңгілі найза тұр
Ақ орданың қағулы.
Бұрынғыдай күйі жоқ
Кершабақ атың бағулы.
Маңайында көп Ноғай,
Барғаныңыз көп қолай.
Құлыншақтай ерлердің
Ішіне қайғы нақ толды-ай,
Құлыншақ сондай ер,—деді.
Шораны айтсақ бір сөзбен,
Адам тоқтап тұрғысыз
Көзінің аққан жасына.
Бара қалсаң Құлыншақ
Секілді ердің қасына.
Енді өзің біл,—деді.
Бердім хабар мен,—деді,
Осылай деп болады
Ол Ханжанға сөзін-ай.
Ханжан сонда қарады,
Керегеде тұрған ен жібек
Беліне буа салады.
Құйылып тұрған бұл Ханжан
Қарамады асына,
Тартпады жаулық басына.
Ертпеді бір жанды
Жолдас қылып қасына.
Құлыншақтың аулы
Ақты-бозды жер еді
Екеуінің арасы.
Қамшы басты күреңге,
Қамшы өткесін жанына,
Тұрсын ба күрең жорға ат!
Байлаулы тұрған Кершабақ
Ханжанды көріп кісінеп,
Тұра қалды жануар.
Мойнын бұрып қарады,
Ханжанға көзін салады.
Бір-екі рет кісінеп,
Аузын жиып алады.
Таспакердің қасына
Ханжан жетіп барады.
Ұстай алып шылбырдан,
Аттан түсіп қалады.
Қасына келіп Таспакердің,
Бір ауыз сөз айтады:
—Жануар мінген Таспакер,
Үстіндегі бұл қайда
Шорадай артық туған ер?
Жібермей ұстап қалды ма
Ер Шораны қара жер?
Көрген болсаң көзіңмен,
Көмген болсаң қолыңмен,
Құлыншаққа хабар салайын,
Қасыма жолдас алайын.
Тірліктің күнінде
Ең болмаса моласын
Ердің көріп қалайын.
Алланың өзі бек күшті,
Не қылса да келеді
Жаратқан жанға шамасы.
Алып кел мұнда Шораның
Қару менен жарағын.
Құлыншақ, үйде бар болсаң,
Шықшы, мұнда, қарағым.
Қорамса мен қылышы
Бар ма екен үйде Шораның.
Шыға алмаған секілді,
Бар ма екен Құлыншақтың дыбысы.
Ханжан келіп қалғасын,
Тарылған екен тынысы.
Құлыншақ үйден шыққасын,
Аяғын тура баса алмай,
Көзін тура сала алмай,
Буыны кетіп, ер босап,
Жылдам жүріп бара алмай,
Құлыншақ сасып қалады.
Жақын келіп Ханжанға,
Құлыншақ жауап айтады:
—Асыл Ханжан, сен,—деді,
Әйел де болсаң, ер едің,
Налыма, Ханжан, сен,—деді.
Алғанына тоймайды
Залым қара жер,—деді.
Алып кеткен қара жер
Бір ұстағасын бермейді.
Мен тапсырдым Аллаға,
Алладан басқа пана жоқ,
Жерге түсіп кеткесін,
Шығарып алар шара жоқ.
Құлыншақ сөйтіп мұңайды.
Сонда отырып бұл Ханжан
Екі-үш ауыз сөз сөйледі:
—Артық туған Құлыншақ,
Асыл едің сен,—деді.
Қасыңдағы Шораның
Мықты екенін білеміз.
Айыптамаймыз ешкімді,
Пәрмені күшті бір Алла
Ешкіммен емес тең,—деді.

Сонда Ханжан аулына қайтайын деп, Құлыншаққа айтып кетеді:

—Бір жұмада біздің ауылға келіңіз,—деп,
Таспакерді жетелеп
Еліне Ханжан жөнелді.
Бір жұмада Құлыншақ
Аулына Ханжан барады.
Қорамса менен қылышты
Сандыққа алып салады.
«Сені ұстайтын ер қайда?!» деп,
Бәрін жиып алады,
Отқа әкеп салады.
Сонан кейін Таспакерді сойып,
Шораға ас береді.

Тағы оқыңыз