Шора (5-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Қалмақты алып, Шора қайта еліне тартады.
Өзінің көрген жеріне,
Қайта жүрді еліне.
Ащыбас шаттың бойымен
Қалмақты айдап келеді.
Жылайды қатын-баласы,
Жалаң аяқ, жалаң бас
Жолға жүрді шамасы.
Еркектері жүреді
Екі қолы байлаумен,
Сорлылар жүрді айдаумен.
Бұрынғы баққан қалмақтың
Жылқысы менен түйесі
Ноғайлы болды-ау иесі.
Айдаған соң Құлыншақ,
Жолға жүрді, шамасы.
Еркектері жүреді,
Екі қолы байлаумен,
Сорлылар жүрді айдаумен.
Жетейін деп еліне
Елге жақын келгесін,
Ер Шора озды көрем деп,
Ата мен анаға барам деп.
Құлыншақты тастады:
Бұл қалмақты баста деп,
Кідірмей, қуып айда деп.
Өзінің кеткен жерімен
Шора келді керімен.
Келсе Шора еліне,
Кірейін деп үйіне,
Кеткенде қалған төріне,
Тоқсаннан асқан бабасы
Атқа мініп жүруге
Келе ме қарттың шамасы.
Сәлем берді Нәрікке
Шорадай жалғыз баласы:
—Саусыз ба, қайран баба?!—деп,
Біз—кешегі кеткен
Шорадай бала,—деп.
Ақташы ханның елдерін,
Суалтып айдын көлдерін,
Құлыншақ ерге тастадым,
«Айдап кел,—деп—қалмақтың,
Тірі қалған ерлерін».
Озып келдім мен,—деді,
Қуатты-күйлі бармысыз,
Ата мен ана, сіз!—деді.
Осылай деп Ер Шора
Үйіне келгесін сөйледі.
Сонда Нәрік сөйледі:
—Алыс жерге бардың ба,
Барған ісің бітіріп,
Ақташыдай қалмақтың
Жеңіп елін алдың ба?
Сау-саламат, перзентім,
Арымай-ашпай келдің бе!?
Үлкендік жетіп, меңдедім,
«Бір көрсем» деп, перзентім,
Жатып саған шөлдедім.
Ризамын бергесін,
Сау-саламат келгесін,
Дидарласып көргесін.
Перзентім, бер қолыңды,
Әр сапарға жүргенде,
Оңғарсын Құдай жолыңды!
Жас тоқсанға келгесін,
Қарттықта енді арман жоқ.
Бұл жасымда еш нәрсе
Қапы болып қалған жоқ.
Өлмеске қылар айла жоқ,
Үлкендік болған шіркінге
Қарсылық қылар жай да жоқ.
Құлыншақтай досыңыз
Сау-саламат келді ме,
Қасыңдағы қосыңыз?
«Досың» деген қиын сөз,
Пайда болмас жиғаннан,
Айрылсаңыз досыңнан,
Айрыласың иманнан!
Жүре алмаймын баруға
Құлыншақтың аулына.
Естігенмін аман деп,
Дегенде, сонда шешесі
Меңді ару Шораға сөйледі:
—Асыл туған Шорасың,
Ер жігітке екі сөз
Жарамайды, Шоражан,
Өзің байқап қарашы.
Әділшедей хандардың
Қызы Ханжан бала екен.
Алам деген сөзіңіз
Сіздің айтқан бар екен.
«Ханжан» деген ат келді,
«Аламын деген бар ды деп,
Ердің сөзі екі емес»,
Деген сүйінші хат келді.
Ер танбайды сөзінен,
Айтып еді өзіме:
«Ол батырға сәлем емес де,
Өзі қолай көрмесе,
Хабар берсін өзіме.
Кеткенім жоқ жол тауып
Ердің айтқан сөзіне,
Мен тұрмын бұл бағып.
Келем деген ер еді,
Ақ сүйек туған төре еді.
Жапанда тұрған боз терек
Жапырағы жайнаған.
Екіталай жер болса,
Дұшпанға кегін бермеген.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Балдағы алтын беренді
Алмасын жауға сермеген.
Хан баласы болғасын,
Басқаны көзім көрмеген,
Қатар болса тең-ді деп,
Тірі болса, көрініп,
Бір кетер-ау енді деп,
Ер тана ма сөзінен!
Артық туған ер,—деді,
Жауабынды бер,—деді.