Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора (2-бөлім)

Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Нәрік айтты:—Алпысының да мойнын да, қолын да босат,— деді. Сонда қолдарын босатқасын:—Аттарыңа мініп, үйлеріңе қайт деп, босатып жібереді. Нәрік хан:—Ақташы ханға сәлем айтыңдар. Сегіз күнде Ер Шора барады, қалмақтың елін шабады,—деді.

Алпыс би атқа мінеді,
Ол төбеден асқанша
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Сол шабуылмен алпыс би
Ақташы ханға барады,
Ханға хабар береді.
Алпыс биі сонда сөйледі:
«Біз Нәрік деген шал көрдік,
Шора деген жан көрдік.
Мұрсатқа қоймай алғандай,
Шора ойын салғандай.
Шора деген бек екен,
Келсе, қоймай алғандай.
Қырар келсе қаламыз,
Жылап қалар баламыз.
Біз қорықтық Шорадан,
«Келмей ме,—деп ойлаймын,—
Сол Ноғайға шамамыз».
Дүние менен мал құрысын,
Өзіміз босып кетейік,
Жан айласын етейік.
Нәріктің сөзімен құтылдық,
Балбұлақтан айдады,
Сорымыз судай қайнады.
Етікті шешіп қолға алып,
Жалаң аяқ айдады.
Аяқтан аққан қанымыз,
Қиналды жаман жанымыз,
Сорымыз сөйтіп қайнады.
Кідірейін бір десе,
Қамшымен сабап айдады.
Өзі мықты зор екен,
Ер Шораға жолыққан
Мандайының соры екен.
«Ұрысамын» десеңіз,
Әскеріңді жи,—деді.
«Сегіз күнде келеміз,
Әзірленіп тұр»,—деді.
Сірә, алады қалаңды,
Адамды қояр жан емес.
Балбұлақтың басында
Қамап алдық біз,—деді.
Ат үстінен ұмтылып,
Жағамыздан алады,
Лақтырып салады.
Шыға жаздап жанымыз,
Тек шыбынымыз ғана қалады.
Жаман екен ойыны,
Жағамыздан алғанда,
Адамның үзіле жаздайды мойыны.
Сұрады Нәрік «Сауға!» деп,
Өзінен туған балаға
Тұрды Нәрік бата алмай.
Үлкендіктің бұл тиді
Нәріктің бізге пайдасы.
Жібергесін хан Нәрік:
«Көрсін,—деді,—қаласын».
Ойлаған ғой ақсақал
«Көрсін деп қатын, баласын».
Сенсеңіз егер біздерге,
Өлімнен басқа нәрсе жоқ,
Ақташыдайын ханымыз,
Шора келсе біздерге».
Ақташы хан сасады,
Ақылы кетіп танады,
Түсі кетіп қашады.
Сонда Ақташыдай ханыңыз
Билердің тілін алуға,
Оңтайланды қашуға,
«Жерің адыра қалсын!» деп.
Ақташы хан сонда бұйырды,
Қой мен сиыр қалсын деп,
Жылқы менен түйені
Ол үш күннен қалдырмай,
Бәрін жиып алсын деп.
Үйде тұрған қазынаның
Жақсыларын алсын деп,
Жамандары қалсын деп.
Ақташы қолы асады,
Үш күннен соң білінді,
Дүниесін тастап шұбырды.
«Жарамайды деп айдауға»,
Сиыр менен қой қалды,
Толып жатқан қор қалды.
Ақташының елі кідірмей,
Бес күнде асып, жоғалды.
Нәрік ханның жасаған
Бұл қалмаққа айласы,
Бұл істеп отырған
Көп Ноғайдың пайдасы.

Сонда баласы Шора әкесі Нәрікке:—Алпыс биді неге тірі жібердіңіз? Бәрін өлтіру керек еді,—деді.

Сонда Нәрік хая айтты:—Ол алпыс биді жібергенде, пайдасы саған болар,—деді.

—Сегіз күнде барғанда,
Жалғыз адам көрмессің.
Сиыр менен қой қалар,
Тігулі үй мен қора қалар.
Иесіз малды аларсың,
Олжаға батып қаларсың.
Қалмақ кетсе, жоғалсын,
Ноғайлыға хабар сал,
Аш-арық барып олжа алсын.
Алпыс биі айтқасын,
Тұра алмайды, кетеді.
Алпыс жаман торыққан,
Сізден қатты қорыққан,
Сүй деп айтты Нәрік хан.
Күн сегізге толады,
Баратын шағы болады.
Шақырып алып Ноғайды,
Нәрік хан хабар салады.
Жарлысы мен жақыбай
Ер Шораға ереді.
Ақташының жеріне
Шұбырып жетіп қалады.
Тігулі тұрған үйлер бар,
Жайылып жатқан қойлар бар.
Ешкімнің малмен ісі жоқ,
Ішінде жалғыз кісі жоқ.
Шұбырғасын бұл қалмақ,
Дүниесі қалған соң,
Олжаға батып аш-арық,
Иесіз дүние қалғасын,
Қара Ноғай адамы
Шұбырып келді еліне,
Көп дүние айдап, жеріне.
Шора қайтты еліне,
«Қанша жер бар екен деп,
Ақташының еліне».
Басқа қара Ноғай
Қуанып қайтыпты
Өзінің тұрған жеріне,
Алып келген малына.
Мал жинаған ел келді,
Бұрынғыдай болсын ба,
Ол Шораның сәніне.
Ноғайлыққа сиыр менен қой қалды,
Толып жатқан қор қалды.
Шора қуып кетеді,
«Аламын деп хабарға,
Шамалы жерде бар болса».

Тағы оқыңыз