Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора (10-бөлім)

Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Үлкендік деген—жаман жау,
Қойды мені пәлеге.
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Хабарлап кел сен» деді,
Саған келдім мен,—деді.
Артық туған Шоражан,
Сау болғайсың сен,—деді.

Сонда Шора шешесіне жауап қайырды:

—Асыл туған анамыз,
Жаңа көріп шыққанмын,
Қолын алып бабамның.
Барамын алыс жолдарға,
Жолымды Құдай оңдасын!
Тірі болсам келермін,
Кешігіп қалман далаға.
Келмей қалман қалаға,
Аман қойса қалмақтан.
«Келеді тез» деп айта көр,
Қош болсын көңлі балаға.
Тапсырдым Аққа, қарт ана,
Қаласың енді сен,—деді.
Ажал жетіп, мен өлсем,
Ақ сүтіңді кеше көр.
Қайран анам, кел енді
Қолыңнан ұстайын мен,—деді.
Сол жауапты айтып Ер Шора,
Таспакермен жөнелді.
Аяндап тұра алмай,
Жылдамдатып аяқ басады.
Құлыншақтың аулына
Кеп, айналып жатады.
Алдынан шығып Құлыншақ,
Келіп бұған қолдасты.
Аттан түсе қалғанда,
Бәйбіше ашты есікті.
Үйге кіріп ол қалды,
Сегіз күн жатып сол үйде,
Шора батыр демалды.
Екі батыр ер еді,
Демін алып болғасын,
Қалмаққа қарай жөнелді.
«Көкөзеннен өтем деп,
Қалмаққа қарай кетем деп,
Қалмақтың елі алыс деп.
Аттанып бұл жау келсе,
Болар бізге найза деп.
Көкөзен бойы терең-ді,
Тәуекел етіп өтем» деп,
Екі батыр жөнелді.
Көкөзеннің кең сала,
Арғы беті—жазық кең дала.
Қалмақ деген—байтақ ел
Бар екен сонда көп қара.
Екі мың кісі көп әскер
Аттанады Ноғайға:
«Ноғайға қайрат етем деп,
Ноғайдың жерін алам» деп.
Көкөзеннің бойында
Томарөткел жағасы.
Ар жағында қалмақтың
Айлық жер еді-ау қаласы.
Түбі терең бұл өзен.
Атын жалдап өтеді.
Құлыншақ пенен Ер Шора
Қалмақтан бұрын жетеді.
Жеткесін ерлер қараса,
Алыс болып арасы,
Сәскелік жерден көрінді
Көп қалмақтың қарасы.

Шаңы шығып қалмақтың
Келе жатыр екен шамасы.
Қапталында бар еді
Көлденең жатқан қара тау.
Қара таудың басында
Ол Маңғыр деген тау еді,
Таудың аты сол еді.
Тауға шығып батырлар:
«Бұл не қара?» деп, қарады.
Ол қараға көз салса,
Аттанып жүрген қол екен,
Шыққан әскер сол екен.
«Баралық жауға, кел»,—деді,
Маңғырлардың тауынан
Екі батыр құлап жөнелді
«Ол қалмаққа жетем деп,
Бармай жауға, не етем?» деп.
Жаудың көріп қарасын,
Сонда білді шамасын.
Жауға жақын келгесін,
Екі батыр кеңесті:
—Екеуміз екі жаққа кетелік,
Қай қалмақ екенін біліп өтейік.
Екеуі де ақылды,
Ойлағаны мақұл-ды.
Алыс емес қалмақ та,
Келіп қалған жақын-ды.
Шораң айтты хабарды
Құлыншаққа абайлап:
—Кідіре тұр сен,—деді.
Алайын барып қалмақтан,
Болса хабар мен,—деді.
Кідіріп егер мен қалсам,
Ту көтер де, шыға шап,
Кідіріп қалмай сен,—деді.—
Аллалап ұран шақырып,
Келгейсің, батыр, сен,—деді.
Шора батыр жөнелді,
Жиналып тұрған әскердің
Алдынан Шора келеді.
Жапанда жалғыз әскерге
Кез келеді Шора ер
Серендейін қалмаққа.
Шора жетіп келгенде,
Қалмақ сөйлей береді:
—Жапанда жалғыз баласың.
Жарқыным, қайда барасың?
Біз қалмақ деген ел едік,
Серен деген қалмақтың
Артық туған бегі едік.
Екі мың кісі әскермен
Ноғайды көрсек,—деп едік.
Томарлыөткел жерлерден
Өтерміз,—деп,—Ноғайға,
Келер деп едік,—қолайға,
Ноғай халқын оңайға.
Мінгенің—қатқан кер,—деді,
Жөніңді айт, ер,—деді.
Қалмақ алды қамалап,
Тұрған шығар «Жалғыз» деп.
Сонда қалмақ шамданып,
Адымыңды ашырмас,
Аяғыңды бастырмас.
Белдеріне буғаны
Бұл қалмақтың берені.
Екі мың кісі—бұл қалмақ
Қорықпайтын ер еді.
Бұл жаныңды қинамай,
Ат-тоныңды бер енді.
Бұл қалмақ сені қоя ма,
Жарағы қанға тоя ма?!
Екі мың кісі—бұл әскер
Бір жаңғызды қоя ма?!
Қалмақ соны айтып жатқанда,
Ер Шора тұр сүйеніп найзаға
Жасқанбайды батыр-ай,
Қауіптенбейді ер Шора:
«Жау екен» деп япыр-ай.
Енді Шора сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жиналдың, қалмақ, сен,—деді.
Мен бір—Ноғай деген ел,—деді.
Мекенімді сұрасаң,
Үшқиян деген жер,—деді.
Шәрімді сұрасаң,
Қазан деген қала еді,
Сонда да хан бар еді.
Ноғай деген көп халық.
Сонда жатқан бар еді.
Салулы халқым кең,—деді.
Ноғай халқың—мен,—деді.
Қаумалап тұрсаң сен заңғар,
Жасқанбаймын мен,—деді,
Қанша айтсаң да сен,—деді.
Сонда Мұса хан қалмақтың ханы:
—Балдырғандай жас жігіт,
Қай Ноғайсың сен?—деді,
Сұрайын сенен мен,—деді.
Сонда Шора сөйледі:
—Ноғайлының ішінде
Асылым артық Арғынмын.
Бергі атамды сұраеаң,
Көк нарлы танамын.
Атам аты—Қарт Нәрік,
Мен—содан туған Шорамын.
Сансыз кәпір болсаң да,
Баршаңызға мен болам,
Мен сол Ноғайдың ері едім,
Шора деген мен едім.
Іздегенім сұрасаң,
Қалмақтың байтақ елі еді.
Жерін алып қалмақтың,
Ноғайға қоныс етем,—деп.
Дүниеге етіп табиғи,
Қалмақты жеңіп кетем,—деп,
Сол жауапты айтты да,
Оңтайланып найза алды.
Найзаны оңғарып алғасын,
Астындағы Таспакер
Шабайын деп қозғалды.
Қалмақтар оқты сыбады,
Үстінде қызыл шекпені,
Шекпеннен оғы өтеді.

Тағы оқыңыз