Шора (12-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
—Жаны бар нәрседен қорқам ба?—деді.
—Қияметтік дос едік, қош айтып айрылайық, енді сен өлесің,—деді Шора,—Күншығыстан саған бір айдаһар жылан келіп, сені жұтам дер. Сонда қолыңды сермеме, қолыңа қару алма. Ал егер қару жұмсап, қолыңды сермесең, онда мені көрмейсің.
Құлыншақ:
—Мен жанды нәрседен қорқам ба,—деп отыра береді.
Шора Құлыншақтың артында жатып қалады.
Құлыншақ құбылаға қарап отыра береді. Сол уақытта күншығыстан бір айдаһар жылан ысқырып қоя береді. Құлыншақ тек отыра берді. Жылан Құлыншақтың қасына келіп, аузын ашып, жұтуға айналады.
Сонда Құлыншақ беліндегі алмасты суырып, жыланды шабайын дегенде, жылан жоқ болып кетеді. Енді артына айналып қараса, Шора да жоқ. Сонда жер ойылып, Шораны жер жұтып кеткен екен. Сонда айдаһар жылан болып келген Шораның аруағы болған екен. Ол Құлыншақты жұтам деп, аузын ашып келсе де, бәрібір жұта алмайды екен. Сонда Құлыншақ алмасын сермемеген болса, Шораны жер жұтпаған болар еді. Сонда Құлыншақ қасындағы Шорадан айрылып қалғасын, жылап айтқаны:
—Қияметтік досым-ай,
Тұрып қалдым қасыңда- ай,
Төгемін көзден жасым-ай.
Егер көрсем өзіңді,
Тыңдар едім, Ер Шора,
Сенің айтқан сөзіңді.
Жасым үлкен мен,—деді,
Мені алмады бір Алла,
Не шарам бар көрерге?
Сенен жалғыз қалғасын,
Жолықтым ғой бекерге.
Дүниеде қиын бұл болды
Ханжанға хабар етерге.
Келтірді Шора жыланды-ай,
Өлгенім жақсы мұнан да-ай.
Баратұғын күн қайда
Саламат қайтып жеріме-ай?!
Не деп жауап айтармын
Ноғайлы деген еліме-ай?!
«Аттанып жауға кетем деп,
Шорамен бірге жетем деп.
Тірі болса Ер Шора,
Жау алмай, енді не етем!»—деп.
Жыландының залым тау,
Ер Шораны жалмадың.
Жамандатқыр Кершабақ,
Үстіңе мінер адам жоқ,
Істейтін Ақтың амалы жоқ.
Елге қайтып Құлыншақ,
Таспакерді жетелеп,
Елге қарай асады,
Қалмаққа бармай қашады.
«Құрысын Қалмақ ел,—деді,
Бармаймын енді мен»,—деді.
Айрылғасын досынан,
Құлыншақ сөйтіп шөлдеді.
Тамақ таппай қиналды,
Еліне қарай жөнелді.
Елінен шығып кеткенде,
Ол Жыландының биік тау
Он бес күндік жер еді.
Он бес күнде еліне
Құлыншақ жетіп келеді.
Бәйбішесі өзінің
Таспакерді көргесін,
Алдынан шығып келеді,
Келіп тұрып сөйлейді:
—Қатарыңнан артықсың,
Ноғайдан асқан сұлтаным.
Қалай жүріп бос келді
Жетегіңде тұлпарың?
Досың бір қайда? Көрмедім.
Уақыт біткен адамның
Күні бар ма екен өлмеген.
Жетелеп келдің тұлпарды,
Жолдассыз келдің, дарасың.
Қайда тастап келдіңіз
Хан Нәріктің баласын?
Алтын жүзің солыпты
Досыңызға бір қайғы,
Сұлтаным, сіздің түсіпті.
Ол тұлпарға көз салсам,
Төңірекке қарайды,
Бұрынғыдай күйі жоқ,
Ішін тартып, жүрмейді.
Сонда Құлыншақ сөйледі:
—Дүниені білдім бек жалған,
Бізде болды көп арман.
Жыландының тауында
Сұлтаным түсіп тар жерге,
Бір көрінбей бұл қалған.
Көре алмадым реңін,
Ала алмадым срогын.
Досым есіме түскенде,
Оттай қайнап жанамын.
Емес едім мен артық,
Бітпеді қатар срогым.
Мен қысылып отырмын
Таспакерді берерге,
Ханжандайын арудың
Дидарын барып көрерге.
Болмаса бұйрық, шара жоқ
Ажалсыз жан өлуге.
Жатқан жері ойылып,
Біз секілді жандарға
Бір көрсетпей шөлдетті.
Бір шұқырдың аузында
Төгіліп жасым сөйлетті.
Ноғайлының бір қартын
Шақырып алды Құлыншақ,
Ханжанға хабар берсін деп.
«Келіп алсын кер атты,
Бере алмай тұрмын мен,—деді.
Барып, хабар берерге,
Ақ сақалды жан еді,
Ақылы көп дана еді,
Ноғайлының би еді,
Білгір жанның түрі еді.
Ол Ханжанға барғанда,
Қасында тұрып сөйледі:
—Айтпайын сөзді санасыз.
Қаһары күшті Пәрменнің,
Ешкім болар шарасыз.
Адам артық туар ма,
Дәуіт ұлы Сүлеймен
Олар да өтті баласыз!
Мұхаммед пен Мұстафа
Төрт перзенттен айрылып,
Олар да өтті баласыз!
Жолдасың кетіп дүниеден,
Бұл Таспакер келіп тұр
Құлыншақтың үйінен.
Өзіңіз, ханым, барыңыз,
Шығушы емес Құлыншақ,
Ұялып тұр келуге,
Дидарынды көруге.
Байлаулы тұр Таспакер,
Әкеліп сізге беруге.
Белді буған көк берен
Ер қасында ілулі.
Қорамса салған көк жебе
Қанжығаға байланып.
Жыланды таудың басында
Шора батыр қалыпты.
Жылағанмен пайда жоқ,
Құдайға қылар айла жоқ.