Шора (1-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Қалың ойнап жатқанда Ақташы хан алпыс биіне: «Нәрік баласы Шораның Таспакерін алып кел»,—деп жіберген. Алпыс би Таспакерді барып сұрағанмен, бермеді. Сонда, алпыс би үйді шыр айналып шапқанда, аттың дүбірімен, мылтықтың дуымен Таспакер сарайды бұзып, есігінен шығып кетеді. Сонда, алпыс би Таспакерді ұстап алып кете береді. Сонда, Нәрік Таспакерді алып кеткесін, артынан қуып барайын деп ойлайды. Егер қуып жетіп, Таспакерді айыра алсам, жақсы. Айыра алмай, өліп кетсем, оны Шора білмей қалады өлгенімді. Сондықтан Шораға хабар берейін. Шора қорқып, бара алмаса, өзім кетейін, деді.
Сонда Шора ең шеттегі бір отауда ұйықтап жатыр екен. Сонда Нәрік барып, Шораға сөз, айтайын дегенде, сонда келіні тұрып, түндік ашайын деп сыртқа шығып келе жатыр екен. Үйдің артындағы Нәрікті көріп, сәлем беріп, түндікті ашпай, үйге кіріп кетеді. Сонда ұйықтап жатқан Шораның басын шайқап айтқаны:
—Артық туған сұлтаным,
Астыңдағы тұлпарың.
Келіп тұр сыртта бабаңыз,
Көрмеп едім бұл түсін.
Егже етемін атаңа,
Барып, өзің қараңыз.
Сақалының ағы бар,
Ашуы күшті тағы бар.
Неше түрлі қасында
Сол кісінің болат бар,
Астында жақсы қара ат бар.
Ұйықтамаған секілді
Ұзақ түннің бойында,
Не бар екен ойында?
Оятқаным сіздерді
Барып хабар етерге,
Алдынан сәлем берерге.
Сонда Шора жүгіріп
Үйден шықты далаға,
Үстіне кимей, көйлекшең.
Баласы қалай шыдайды,
Ұстай алды шылбырдан.
Сәлем беріп алғасын:
—Түсіңіз аттан сіз,—деді.
Түспей тұрып атынан
Сонда Нәрік сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Ақташтың алпыс биі
Шыр айнала бұл шапты.
Ат шығарып алдынан,
Айланы зұлым бұл тапты.
Есігін бұзып сарайдың,
Таспакер шығып бұл қашты.
Жетелеп алып алпыс би
Таспакерді алып ол кетті.
Бара алмадым торығып,
Алпыс иттен қорқып.
Сіз бармасаң, Шоражан,
Кетейін деп мен тұрмын.
Ақташтың алпыс биі
Жатқан шығар
Балбұлақтың басында.
Көк шалғынға жіберіп
Өңкей аттың қасында.
Таспакерді қаңтарып,
Ортасына алған-ды.
Түніменен жүрген ит
Таң атқанда ұйықтап
Бұл сәскеде жатқан-ды.
Балбұлақтың басында
Жатқан жеріне жетейін,
Қусам, жетпей не етейін!
Бармайтын болсаң сен,—деді,
Түспеймін аттан мен,—деді.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
Түсе бер, ата, сіз,—деді,
Барармын оған мен,—деді.
Қалай да болса, жетермін,
Таспакерді жіберіп,
Үйде қалып не етермін.
Отырып демалыңыз,
Осы отауда жатыңыз,—деп,
Нәрікті атынан түсіріп, Шора үйге апарады. Неше түрлі жақсы тағам береді. Сосын өзі қара тұлпарды мініп, қолына қару алып, кетейін деп жатқанда, атасы Нәрік бір ауыз айтып қалады:
—Айналайын, Шоражан,
Туған балам сен болсаң,
Алпыс биді өлтіріп,
Кесіп басын, алып кел.
Таспакерді жетелеп,
Алып келші сен,—деді.
Ол айтқаным етпесең,
Ұйықтап жатқан жерінде
Таспакерді алып қашсаң,
Тумағаның сен,—деді.
Шора сонда жөнелді,
Қара тұлпар астында
Дөңгеленіп барады.
Ақташтың алпыс биі
Балбұлақтын қасында,
Жатқан екен басында,
Таспакер тұр қасында.
Шора түртіп оятты
Алпыс биді найзамен.
—Тұрыңыз билер, сіз,—деді,
Таспакердің артынан
Қуып келдім мен,—деді.
Сонда Шора тұрады,
Таспакерге бармады,
Шылбырынан ұстай алмады.
Билер жатпай жүгіріп,
Атын бұрды тұра алмай,
Мінейін деп кідіріп.
Атқа мініп алғасын,
Шораға билер шабады,
«Көппіз ғой» деп қамады.
Суырып Шора қылышын
Тарылтты алпыс бидің тынысын.
Тырп еткізбей, билердің
Шығармады дыбысын.
Алпыс биді түсіріп,
Алпысының да атын алады.
Әр аттың шылбырын
Әр бидің мойнына салады.
Алпыс биді қосақтап
Алпысын да қуады,
Билерге мүшкіл туады.
Таспакерді жетелеп,
Салады жолға төтелеп.
Билердің қолын буғасын,
Қосақтап атпен қуғасын,
Басына күнтуғасын,
Билерді сөйтіп айдады,
Сорлары сөйтіп қайнады.
Табандары қып-қызыл,
Терісі түсіп жайнады.
Бір замандар болғанда,
Бір төбенің басында
Отыр екен хан Нәрік.
Ер Шора келді еліне
Алпыс биді қуалап.
Маңдайының тері ақты
Бұл сорлының жұмалап.
Үйде отырған қатынын
«Мұнда кел» деп, шақырды,
Қатыны келді жүгіріп.
Сонда Шора бұйырды:
—Мынау тұрған билердің
Мойнына шылбыр сал,—деді,
Желіге байлап тастай бер,
Айуандай қылып бұл,—деді,
Есікте жүріп, болсын құл,—деді.
Сонда тұрып Нәрік хан
Баласын Шора шақырды.
—Шора батыр, сен,—деді,
Сұраймын сауға мен,—деді,
Сауға берсең ер,—деді.
Сонда Шора:
—Сауға бердім мен,—деді,
Ала бер, ата, сен,—деді.
Мынау тұрған алпыс би,
Алпыс биді бердім,—деп,
Шора батыр айтқасын,
—Бір-бірден жетелеп,
Қасыма алып кел,—деді.
Сонда келіні жетелеп
Алып келіп еді.