Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора (3-бөлім)

Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Сонда Үшбөкенбай деген жерден Ақташының халқы шұбырып өтеді.

Сонша жерге жеткізіп,
Бармай Шора қайтады,
Атының басын тартады.
Қайдан қайттың деген Нәрікке:
—Үшбөкенбай деген жерден асты,—деп,
Қорқып қалмақ, қашты,—деп.
Отырып, демалармыз,
Құлыншақ келсе артынан
Тағы қуып барармыз.
Сонда Шора сөйледі:
—Ұрыспай тұрып қашқан ел,
Жерін тастап асқан ел.
Ащыбас шаттың басынан
Ақташыдай қалмақтың
Қашқан жері сол еді.

Сонда Құлыншақ ер Шораны іздеп келеді. Келіп, Шораға айтқаны:

—Артық туған Шорамыз,
Асылы артық төреміз!
Қайда барды Ақташы хан,
Артынан барып көреміз,
Айлап, жылдап жүрерміз.
Қызылбас пен Үндісті,
Қалмақты да көргенбіз.
Үйде отырып бола ма,
Алыс та болса, барайық.
Бала мен қатынының
Барған жерінен алайық.
Ізделік, батыр, кел,—деді,
Барамысың сен?—деді.
Шора, сені барар деп,
Іздеп келдім мен,—деді.
Құлыншақ сөй деп сөйледі.
Сонда Нәрік ханымыз
Құлыншақ пен Шораға
Бір сөз айтып қалады:
—Екі бірдей ер,—деді,
Тастамаңыз киімді,
Жеңіл жүрмек қиын-ды.
Барған шығар ол жерге
Ақташының қатын-баласы.
Түйе мен жылқы бар шығар,
Оның жүрген қарасы.
Алыс емес жеріңіз,
Жақын болса, барармыз.
Оңғарса Құдай сапарды,
Ол қалмақты аларсыз.
Сауыт пен шарайна,
Тастамай оны, киіңіз.
Ат шабады күйімен,
Ерлік те керек жігітке,
Әрбір айла түрімен.
«Айласыз ер тез өледі»
Деген сөзді қарашы.
«Айласыздан Аршылан
Қолға түсті» деген сөз бар,
Осыны байқап қарашы.
Артық туған Құлыншақ,
Талайдың көрдің шамасын.
Екі жыл, үш жыл жол шегіп,
Қалмақтың алдық қаласын.
Үндіс пенен қалмақтан
Қызылбас оңай, қарашы.
Қызылбастың жерлері
Белгілі жазық жер екен.
Қалмақ пен Үндістің
Тұрған жерін қарасаң,
Бір жағы—су, бір жағы—тау,
Сондай мықты жаман жау,
Естеріңе салғаным,
Енді үйден шығарға
Бізде ешбір дәрмен жоқ.
«Үйде отырмай, қартайған
Қарт адамның сөзінде,—
Деп жүрмеңіз,—мақұл жоқ».
Үлкеннің тілін алмаған
Жастарда тіпті ақыл жоқ.
Жақсылық қылма қалмаққа,
Тек Үндіс пен Қалмақты
Шетінен бәрін кескіле.
Қызылбас жылдам көнеді,
Қаңқылдаған бұл сорлы
Тек бишара ел еді.
Сонда Құлыншақ сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Әуелі шықсақ, барамыз
Ақташының еліне,
Соның барған жеріне.
Есіттік сізден хабарға
Кезеніп қалдық, ал, тақсыр,
Ақташыдай қалмақтың
Елін іздеп барарға,
Ақташыдай қалмаққа
Екі батыр кетерге,
Іздеп соған жетерге.

Сонда Шораға Меңді арудың айтқаны:

—Артық туған Шорасың,
Ақ сүйек туған төресің.
Оңғарсын Құдай жолыңды,
Тоқсанға келген қарт әкең,
Байқап кет енді сөзімді.
Тірі болсаң дүниеде,
Өлгенін көзбен көріңіз.
Аманатын Алланың
Көз алдында беріңіз.
Мынау тұрған ханыңыз
Сөзіме құлақ салыңыз.
Алыс-жақын жүрсең де,
Бабаңды еске алыңыз.
Оңғарып Құдай жолыңды,
Жасың үлкен бабасың,
Жайып қал, балалар, қолыңды!

Сонда Нәрік сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Аман болсаң, балаларым,
Мен тоқсанға таяндым,
Жылдамырақ кел,—деді.
Ақташыға барам деп
Екі батыр жөнелді.
Екі айдай болғанда
Ел шетіне жетеді.
Ел шетіне барғасын,
Сонда тұрып Құлыншақ
Ер Шораға сөйледі:
—Қару-жарақ ал,—деді.
Шора батыр, сен,—деді,
Далдалап кейін қал,—деді.
Мен қалмаққа барайын
Қанша халқы бар екен,
Төңірегін қарайын,
Қарап, көзім салайын,
Шамасын біліп келейін.
—Барыңыз,—деп Ер Шора,
Тау басында қалады.
Қаңтарып қойып Таспакерді,
Отырады оның қасына.
Құлыншақ кетті аралап,
Мінгені кер ат астына.
Елеусіз жерде жүреді,
Белінде алмас болат бар,
Аяққа киіп етікті,
Аралауға қалмақты,
Ақташыдайын хандардың
Аралап елін көруге,
Шамаларын білуге.
«Аттанып Ноғай келді» деп,
Шетте жатқан қалмақтың
Аулына хабар береді.
Ақташы әскер шақырды,
«Жиналсын» деп билерін,
Артық туған ерлерін.
Ақташы хан әскер шақырды,
«Жиналсын» деп билерін,
Артық туған ерлерін
Айтушы екен ерлері:
«Ноғайлыны көріп, білсек» деп,
Үйінде отырып, кеңес құрады.
Ақташы хан шақырып,
Жинап алды қалмақты.
Отырғанда үйінде,
Бәрі де оның салмақты.
Қайдан білсін бишара,
Онан мықты жау шықты,
Тістеп қалар бармақты!

Тағы оқыңыз