Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шора (7-бөлім)

Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Мынау тұрған Қазан да
Атаң тұрған қала еді,
Қазанда атаң хан еді,
Ақылы кәмал дана еді,
Сен сонан туған бала едің.
Атаңның тұрған болмай ма
Алсаң мынау тұрған қаласын!
Берейін мінген атымды,
Басыма киген тәжімді
Баламды алған балаға.
Ханжанды алып кетпесең,
Қайтеді, балам, далаға!
Ие болсаң, не қылады
Осы атаң тұрған қалаға.
Асыл туған баласың,
Ақсүйек туған төресің,
Атаңның ұстап тұрсайшы
Мынау қазына, мұрасын.
Тірі тұрған күнімде
Берейін мұра мен,—деді,
Ие бол, балам, сен!—деді.
Осылай деп Әділше,
Шораға сөз сөйледі.
Атқа мінбей ер Шора
Жерде жаяу тұр еді,
Қайрылып мойнын бұрады.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ақылы кәмал данамыз,
Қайырлы болсын бұл, ата,
Өзіңіз тұрған қалаңыз.
Ноғайдың едік панасы,
Қазан деген—Ноғайдың
Ертеден салған қаласы.
Қайырлы болсын бұл орын,
Отыра берің сіз,—деді.
Аударып сізден алуға
Лайық емес біздерге,
Болғасын баба сіз,—деді,
Болдық бала біз,—деді.
Көз салармын Қазанға
Сіздің тұрған қалаға.
Ешкім көзін сала алмас
Сіз секілді бабаға.
Ішіңізден шыққан бұл Ханжан,
Сыртыңнан тудым мен,—деді.

Сонда Шораның Ноғайлыға айтқаны:

—Қаптап тұрған көп Ноғай,
Егер естісем сөздерін,
Тұқымыңды құртармын,
Бәріңді қырып сіздерді.
Әділше сұлтан ханымыз,
Кеудедегі жанымыз.
Әділше мен хан Нәрік—
Ноғайдағы барымыз,
Жылатпаған балаңыз,
Жақын болған қалаңыз.
Қалаңызды қорғап,
Тұрған бұл панаңыз.
Ойласаңыз, білмейсіз бе
Пана болған шамасын.
Тапсырдым Аққа, сұлтаным,
Тірі ме екен елдегі
Ата менен анамыз?!
Алла берсе сапарды,
Он-он бес күнде барамыз.
Рұқсат етсең, жан ата,
Енді кеткіміз келіп барады.
Құлыншақ пен Шораның
Қасына ешкім ермеді.
«Ілгері озып кетем деп.
Құлыншақты ауылына
Бұрын барып жетем» деп,
Құлыншақ адам жіберді,
«Ханжандайын адамды
Үш күн қонақ етем» деп.
Әділше алтыннан жасатқан
Арба менен күймені,
Жібектен тағы жасаған
Үстіндегі шатырын.
Үш жорға мен пар жеккен
Қасына көп құл береді.
Сонда келіп Құлыншақ
Ханжанға сөз сөйледі:
—Асыл туған ақ Ханжан,
Ақылға кәмал данасың,
Ақ сүйек ханның баласы.
Қатарында тастама,
Мынау тұрған дүниені.
Атаңа алып барсайшы,
Бірін алман мен,—деді.
Алмай кетсең дүниені,
Сізге болмас жөн,—деді.
Өкпелеймін, Шора, мен
Енді сізге мен,—деді.
«Менің ордамды көрсін деп.
Дәмдес болып, кетсін» деп,
Қайырып едім мен сізді.
«Алман,—десең,—дүниені»,
Қалмақта олжа кем,—деді.
Бұл дүниеңді алып кет,
Тастама бір жібіңді.
Сонда Ханжан сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Он бес жасқа келгесін,
Қатарға түспей, көз салдың.
Алысқа қолың сермедің,
Дұшпанға кегің бермедің.
Лашын құс секілді
Қанат қақпай қу алдың.
Сен қаһарланып ұмтылсаң,
Дариядай тасқан су алдың.
Сіз бір қайтсаңыз дұшпаннан
«Әкеліп мал берер» деп,
Ноғайлы халқың қуанды.
Бұл сөзіңе кідірдім,
Өкпелеймін дегесін.
Қасыңдағы жолдасың
Ол төреге хабар сал.
Не деп жауап береді
Қасыңдағы төреңіз?
Рұқсат сізден болғасын,
Айтып едік біз,—деді.
Ол төреге жолығып,
Жауабын ал сен,—деді.
Сонда барып Шораға,
Ер Құлыншақ сөйледі:
—Сөйлейін деп мен келдім,
Ақ сүйек ханның баласы.
Қазан деген үлкен шәр,
Барып көрдік шамасын.
Қайырлы қылсын бір Алла!
Жолдас қылып келгесін,
Ханның алып баласын,
Алғаның қатар, тең,—деді,
Екеуің де—хан баласы,
Айтайын деген сөзім бар,
Батыр Шора, мен,—деді,
Құлыншақты сыйласаң сен,—деді.
Шорадайын сұлтаным,
Қасындағы жолдасың,
Қырық түйе, сексен құл
Кетемін тастап мен,—деді,
Алсаңыз оны сіз,—деді.
Жолда жүріп тастаған
Олжа емес жөн,—деді.
Риза емен бергенге,
Мені риза болсын десеңіз,
Жолшыбай Ноғай көргенге,
Ақ Меңдідей арудың
Қатарына қонғанға.
Ақ ордасы тізіліп,
Қасыңда қоңсы болғанда,
Ақ Меңдідей аруға
Басқа әйел тең емес.
Қасыңа қоңсы қондырмай,
Отырғаның жөн емес.
Ол жүргенде қызығып,
Алып қалар мен емес.
Олжа деген қалмақтан
Келген жесір, мал,—деді.
Ол қызықсаңыз олжаға,
Алмас па едік біз,—деді.
Ноғайлының баласы
Ол үйінде жатса да,
Айдап келген олжаға
Олардың бәрі баюлы.
Меңді арудың қасына
Барып қоңсы қонсын да,
Жиналып қара толсын да.
«Келін келді!» деген сөз
Ноғайға хабар болсын да.
Нәріктейін ханымыз,
Халық ұстаған ханымыз,
Талайды көрген шалыңыз,
Қуанып қалсын Ер Шора.

Тағы оқыңыз