Шора (6-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Шора шешесіне жауап қайтарады:
—Артық туған анамыз,
Сіз рұқсат етсеңіз,
Ол Қазанға барамыз.
Алыс емес арасы,
Ноғайлының ішінде
Ол Қазанның қаласы.
Кемітейін несіне
Ол да—ханның баласы.
Батырларға егесіп,
Айтып едім бір сөзді,
Жауаптан танып бола ма!
Рұқсат болса барармыз,
Құлыншақ келсін бұл елге,
Қатарыма алармыз.
Құлыншақ деген ер еді,
Атамның қосқан досы еді.
Қазан жақын жер,—деді,
Барамыз ғой, қарт ана,
Сабыр қылың сен,—деді.
Келгенінше Құлыншақ
Шора елде қалады
Бір жұмаға толады.
Құлыншақ ертіп қалмақты,
Жиналып шыққан көп жесір
Құлыншақты көреді.
Жиналып Ноғай келеді
Қызықсын ба олжаға.
Құлыншақ пен ер Шора
Ноғайға бөліп береді
Ата-атаның ұлына.
Ноғайлының елдері
Отырып олжа алған соң,
Қуанды қатын-баласы.
Адам менен малдарын,
Бөліп береді қарасын.
Шора сонда айтады
Құлыншақтай ерлерге:
—Еліңе таман бар,—деді,
Он күн жатып, Құлыншақ,
Сонда демің ал,—деді.
Сосын біз де барармыз,
Қазанға барып қарармыз,
Әділше қызы Ханжанды,
Бұл еді жауап айтқаным,
Алла қосса алармыз.
Тастай беріп шамалап,
Еліне кетті Құлыншақ
Өзеннің бойын жағалап.
Еліне барып Құлыншақ,
Қисайып он күн жатады.
Құлыншақ алған алмасын,
Астына мінген кер атты,
Керегеге ілген болатты.
Үйінен шықпай демалып,
Құлыншақ батыр ол жатты.
Он күнге күн толғасын,
Нағыз он бір күн болғасын,
Шора ерледі Таспакер,
Құлыншаққа жол жүрді,
Өзінің бұрын көрген жер.
Он екі күн кідіріп,
Он үшінші күн болғанда,
Құлыншақ та атты ерледі.
«Баралық,—деп,—Қазанға»,
Екі батыр ойлады.
Құлыншақ мінді керлерге,
Жемін берді өлшеулі,
«Құлыншақ, Шора келді» деп,
Хабар тиді ерлерге,
Қазандағы ерлерге.
Екі бірдей ер еді,
Басқа жерге кідірмей,
Хан бағына келеді.
Хан бағына келгесін,
Батырлар түсе береді.
Құлыншақ, Шора келді деп,
Жолығып кел енді деп,
Әділше хан жіберді,
Біреуіңіз хабар ал деді,
Екі кісі бар, деді.
Екі кісі келгесін,
Құлыншақ, Шораны көргесін,
Қайта барды екеуі
Әділшедей хандарға,
Артық туған жандарға.
Жалғыз қызы Ханжанға
Әділше хан той қылды,
«Берейін» деп ой қылды.
Үш күн қатар мереке,
Ат шаптырып жасады,
Күрестіріп, қызықты.
Алтын қабақ аттырды,
Тамашаға батырды.
Он күндейін күлкі-ойын,
Қызықпенен жатқызды.
Хабар салып бәрін-ай,
Жинады малдың бәріне-ай,
Жинады малдың бәрін-ай.
Ноғайлының баласы
Жиналып тұр қасында.
Қырық нарға үп артты,
«Көрсін,—деді,—осыны-ай.
Көп қатарын білсін» деп,
Сегіз қанат ақ орда,
Ақ жібектен орданың
Киізін оның жаптырды.
«Лайықты оған болсын» деп,
Зерден бауды тақтырды.
Қырық нарға жібектен
Арқан тарттырды.
«Оның сәні болсын» деп,
Жібектен ноқта салдырды.
«Оның сәні болсын» деп,
Жібектен сағақ тақтырды.
Ұзындығы үш құлаш
Қырық нардың үстіне
Қалдырмай кілем жаптырды.
Және де берді қырық құл,
Қызметін оның етсін деп.
Шора кетсе далаға,
Сырттағы малын бақсын деп.
Ноғайлы көрді тамаша,
Жасырған жоқ оңаша.
Сонша дүние көп беріп
Ұзатқан бұрын жоқ еді
Ноғайлының баласы.
Жалғыз қызы Ханжаннан
Аясын ба дүниені,
Бергенін сонша қарашы!
Жөнелер шағы болғанда,
Құлыншақ пен Шораны
Шақырып алып Әділше,
Айтқан сөзін қарашы:
—Артық туған Ер Шора,
Атадан туған бала едің,
Атаң Нәрік хан едің.