Шора (4-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Құлыншақ Шораның қасына қайтып келеді. Келіп, Шораға сөз сөйледі:
—Шора батыр, сен,—деді,
Көріп келдім қалмақтың
Шамалы жерін мен,—деді.
Қалмаққа хабар мен бердім:
Жиналсын қалмақ енді деп,
Ноғайлы саған келді деп.
Айтпайынша сөз ашып,
Пәленше саған келді деп.
Аттанып бәрі шыққасын,
Жиналғанын көргесін,
Бір тәуекел етуге,
Шығарып алып бұл елден,
Үлкен бір соғыс етуге
Шора тұрып қарады.
Таспакерге ер салып,
Жал-құйрығын өреді.
—Алла берсе, көреміз
Бұл қалмақтың шамасын.
Қарсы келген қалмақтың
Алармыз,—деп,—қаласын.
Екі мың кісі әскермен
Ақташы шықты алдынан:
«Келді ғой,—деп,—қолайға,
Өлтіруге оңайға.
Ерлік деген солай ма!
Байтақ жатқан ел,—деді,
Мақтандың бәрің «Ермін!» деп,
Осы сапар хабарла
Бұл Ноғайға сен»,—деді.
Шора менен Құлыншақ
Жауға таман келеді.
Алдарынан Ақташы хан
Жүз кісімен шығады.
Екі кісі артында,
Хан келеді тартынбай.
Сонда Ақташы сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Екі бірдей батырсың,
Қайда бара жатырсың?
Сендер ме еді кешегі
Ноғайдан келген ер?—деді.
Екеуің де Ноғай ма,
Екі мың кісі әскерді
Екі кісі жеңе ме?!
Мен—қалмақтың елінде
Ақташы деген ханымын.
Қасымдағы ерлерім,
Өңкей мықты билерім.
Сонда Шора сөйледі:
—Менің елім сұрасаң,
Ноғайлы деген ел,—деді.
Әкем атын сұрасаң,
Нәрік деген хан,—деді.
Өз атымды сұрасаң,
Шора батыр—мен,—деді.
Қасымдағы Құлыншақ,
Оның берген билігі
Он екі кісімен тең,—деді.
Өлесің ғой, қалмағым,
Сорлы болып, сен,—деді.
Мықты болсаң, Ақташы,
Отырғаның, білемісің
Жас күнде мекен қылған жеріңді?
Со жеріңнен қашырған
Шора деген—мен,—деді.
Мақтанба, қалмақ, сен,—деді.
Ноғай менен қалмағың,
Сірә,—деді,—тең емес.
Құдайға дінің дұрыс емес,
Тұрамыз ба сөйлесіп,
Соғысалық, кел!—деді.
Астындағы Шораның
Мінгені Таспакер еді.
Үстіндегі кигені—
Оқ өтпейтін шарайна.
Қасындағы Құлыншақ,
Емес қой, сірә, еріншек
Қашаннан-ақ соғысқа
Құлыншақ пен ер Шора.
Іркілмейді, шабады,
Шабуылды салады.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Келген ерлер қозғалып,
Үстінде бар-ды ерлердің
Ішінен киген сауыты,
Қалмақтан артық зауыты.
Жүз кісі шауып жау болды,
Көрмегенге таң болды.
Артындағы қалмақтың
Екі мыңын жапырды.
«Келіңіз» деп билерге
Ақташы хан да ақырды.
Сонда соғыс салады,
Жұлқысып ерлер қалады.
Күннің көзі көрінбей,
Жердің жүзі шаң болды,
Секілді тұман қаптаған.
Бір күн бір түн соғыста
Қалмақтың бір мыңы өледі.
Ағарып таң атқанда,
Қалмақты сонда қырады.
Төгіліп жатқан қан еді,
Үш мың кісі қалмақта
Ол да бір бөлек жан еді.
Мың жарымы өледі,
Қалмақтар сонда бөлінді,
Жақсылары табанда өліп,
Жаманы қашатұғын көрінді.
Ақташыдай хандардың
Құлыншақ алды басын-ай,
Іркіліп, қарап тұрсын ба,
Батыр келіп қасына-ай.
Келіп батыр алады
Астындағы атын-ай.
Ақташыдай хандардың
Шапқаннан соң мойынға,
Қан төгілді қойынға.
Кім шыдайды сол жерде
Құлыншақ пен Шораның
Қия салған ойнына?!
Қарамады ер Шора
Қалмақтың қатын-баласын
Елден шыға қашқанға,
Ұшқан құстай аспанға,
Жапырады Таспакер
Жер басып шіркін қашқанға.
Үш мың кісі қалмақтан
Мың кісі қалды тірісі.
Таусылғасын ірісі,
Қалған екен сірісі.
Құлыншақ пен Ер Шора
Қалмақтың қатын-баласын
Алдына салып айдады,
Қалмақтың соры қайнады.
Бұл секілді қалмаққа
Бұрынғы дәурен қайда-ды!