Шора (8-бөлім)
Шора · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Осы олжаны тастамай,
Аман алып барсаңыз,
Мен де сізге ерейін.
Меңді менен Нәріктің
Қуанғанын көрейін.
Шорадайын досым-ай,
Айтқан сөзім осылай.
Риза болсын десеңіз,
Алып кетің сіз,—деді.
Егер алмай кетсеңіз,
Екі дүние жүзінде
Риза емен мен,—деді.
Сонда Шора сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Бұрын туған Құлыншақ,
Жасың үлкен ағасың.
Жақсы менен жаманды
Көп көрген артық данасың.
«Өкпелеймін» деген соң,
Сөзің қатты секілді,
Бізбен бірге ер,—деді.
Нәріктейін хандарға,
Меңдідейін анаға
Барып жауап бер,—деді.
Бар дүниені сыпырып
Алсаң да ризамын,
Құлыншақ батыр, мен,—деді,
Өзімнен қалма сен,—деді.
Екі батыр жүреді,
Нәрік ханға жөнелді.
«Жекенді көлдің қасына,
Қоғалы көлдің басына
Ертең көшіп келер» деп,
Құлыншақ батыр бірге еріп
Ер Шораның қасына,
Ілгері озып алдынан
Менді аруға барарға.
Сонда Құлыншақ келіп,
Нәрікке сөз сөйледі:
—Сәлем бердік, Нәрік хан,
Халық ұстаған ханымыз,
Ақылға кәмал данамыз!
Шора, жалғыз бала едің,
Қазанның көрдік қаласын.
Әділшедей хандардың
Алып Шора келеді
Ханжандай жалғыз баласын.
Ілгері келдік хабарға,
Ертең түстің шағында
Қасыңа қоңсы қонады,
Ханжан жолдас болады.
Келеді еріп қасына
Ханжанның туған анасы.
Қырық шамалы секілді
Алып жүрген қарасы,
Қасына ерген жолдасы.
Екі қырықтан бір сексен
Қызылбастың баласы.
Мінгені жорға Ханжанның,
Байқасаңыз парымен.
Келе жатыр сексен құл
Әділшенің қырық нарымен.
Ілгері келдім мен еріп,
«Сізге хабар етем деп,
Хабар етпей, не етем?» деп.
Меңдідейін жеңеше,
Келін келді сіздерге.
Құдай тілек бергесін,
Қасына қоңсы келгесін,
Шоражандай досым-ай,
Қонысыңыз қонды қасыңа-ай.
Алла өзі бергесін,
Сексендегі Нәрікке
Жолдас болдың осылай,
Он сегізде жасың-ай.
Хабарға еріп мен келдім
Шоражанның қасына-ай.
Жатқан екен қарт Нәрік,
Көтерді сонда басын-ай.
Сүйеген екен Ақ Меңді
Қарт Нәріктің басын-ай.
Сонда Нәрік сөйледі
Бір ауыз жауап айтып
Құлыншаққа осылай:
—Құлыншақ бала, ер,—деді,
Қара Ноғай қалың ел,
Бұған хабар бер,—деді.
Қызмет етің біздерге,
Айтайын, Құлыншақ, сіздерге:
Ноғайлының баласын,
Мерекелеп, той қылып,
Шығарыңыз атағын,
Бұл Ханжанның, қарашы!
Жинаған болсаң құлдарды,
Бәйгіге тіге бер,
Ат шаптырып күңдерді,
Қарасүйек құлдарды.
«Артық отау қонар деп,
Хабар салды Ноғайға,
Енді қызық болар» деп.
Қызықпен жатып қалмады
Келді,—дегесін,—келіншек»,
Жүгірді-ау Ноғайлының
Қызы менен келіншек,
Тіпті жүрмейтін еріншек.
«Келеді,—деп,—қыз Ханжан,
Көреміз деп жүгірді
Қыз-келіншек осындай.
Барайын,—деп,—қасына-ай».
«Отау тікпей тұрып жетем, деп,
Кейін қалып, не етем»,—деп.
Қыз-келіншек толықты,
Бірімен-бірі жолықты.
«Жетемін» деп, жүгіріп,
Бірі қалмай кідіріп,
Қара Ноғай елінен
Қыз-келіншек келеді,
Көш қарасын көреді.
«Барамыз,—деп,—келінге»,
Таянып адам келгенде,
Атынан түсіп бұл Ханжан,
Үстіне киген алтын тон,
Алтын менен інжуден
Жасатқан екен сәукеле,
Шаңқанды Ханжан киеді.
Бетінде оның бар еді
Жібектен жапқан пердесі.
Алтыннан шашақ төгілген
Пердесінде келеді.