Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жарқынбек пен Айнұр айтысы (2-бөлім)

Жарқынбек Наушабеков, Айнұр Тұрсынбаева · 2 мин оқу

Жарқынбек:

Шыға салып досыңа,
Дедің-ау Айнұр аппағым,
Сол аппақтан басқаны,
Іздедің бірақ таппадың.
Біріміз аппақ дара боп,
Біріміз енді қара боп,
Оңтүстікті айтайық
Бар қазақтың мақтанын.
Аман болып жалпыңыз,
Бақытты боп халқымыз,
Өніп-өсіп ұл-қызың,
Оңтүстіктей еліме,
Қызыр қонған жеріме,
Мейірімі жауып Алланың
Назары түскен патшаның,

Өзіндік айтыстағы ізі басым,
Бұл Айнұр ақ көңілді қызық ақын.
Үстімдегі жабыстың шапаныма,
Әрине жөніңіз бар қызығатын,
Бұл шапанның құпиясын саған ашсам,
Еріксіз таңдай қағып қызығасың,

Айтыста әрбір сөзі шегеге тең,
Айнұр сен елдең ерек керемет ең.
Баяғыда Қожанасыр өз шапанын,
Құрметтеуінің жөні бөлек екен.
Қайда барса тастамай сол шапанды,
Үстіне жабыстырып келеді екен.
Үстіңдегі шапанды тасташы деп,
Кемпірі шалға ұрыса береді екен.
Шапанды неге кидің деген кезде,
Қожекең сөзің былай өреді екен:
«Шапан кисем жас шағым еске түседі»,
Дегенді айтып кемпірін жеңеді екен.
Кемпірі содан кейін сөзге тоқтап,
Екеуінің ортақ қамын жеген екен.
Шапан кисең жас шағың еске түссе,
Түнде де киіп жатшы деген екен.

Айнұр:

Біз келіп атқан бұл өлке,
Қойнауы құтты мекен ғой.
Ал, Жарқынбек ұлдары,
Демеймін бізге бөтен ғой,
Бес баланың папасы ең,
Бала табудың ағайын,
Құпиясы көп екен ғой,
Шапан киіп ұйықтасам,
Күш қуатым тасиды
Деп қазір ғана көтерді ой.
Папам мықты деп жүрсем,
Шапан мықты екен ғой.

Шымкентте ақын көп,
Ешкімнің жоқ таласы,
Барлығы да көп балалы,
Сенбегендерің санашы.
Жарқынбек пен Маржаннаң,
Бар еді бес-бес баласы.
Төрт перзентті Бекарыс,
Алыс емес-ау арасы.
Бұлар неге көбейіп,
Кетті ғой деп Айнұрдың,
Сандалып еді санасы.
«Шымкентский вариантпен»
Баланың саның көбейткен,
Қулықтарына қарашы.
Ынтымақпен бөлісіп,
Бір ауыздан келісіп,
Жалғыз шапанды кезекпен,
Киіп жатқан-ау шамасы.

Жарқынбек:

Жарқынбек мына жайды еске алады,
Бұл деген көбеюдің есті амалы.
Үстімнен тастамай еш осы шапанды,
Әке болып жүрміз ғой көп балалы.
Ал енді кей ұлттардың ісін көрсең,
Көбісі көбеюден кеш қалады.
Мысалы, ағылшындар әйел затын,
Қоғамның деп білгенмен текті адамы.
«Ай лавю» - деп жарына өліп-өшіп,
Бір бала туғаннан соң тоқталады.
Орыстар да «я тебя люблю» дейді.
Ол сөзбен тапқызып жүр неш баланы.
Біз болсақ «әрі жатшы ей» - деп жүріп-ақ,
Өмірге әкелдік қой бес баланы.

Айнұр-ау, бұл сөзіме сүйсінгін сен,
Мыналарың керемет дейтін де сен.
Шапанның құпиясын естігенде,
Ойпыр-ай, бұл Айнұрдың кейпін көрсең.
Қайтсең де осы шапанды әперші – деп,
Күйеуінің құлағын жейтінде сен.
Досымсың ғой мен саған бере салам,
Орнына күйеуіңнің джипін берсең.

Ілінген ақын едің ірі атаққа,
Жеткейсің арманыңа мұрат арт та.
Дос болған соң арзанға берем деймін,
Айнұр-ау бұл сөз үшін кінә тақпа.
Ал егер күдіктенсең тексеріп көр,
Қиналмай беріп тұрам прокатқа.
Күдігің сонда анық сейіледі,
Пайдаланып көрген соң бір-екі апта.

Жайың жоқ текке күйіп қалам дейтін,
Оны да ұқтырып тұр санаң кейпің.
Бір-екі апта тексеріп көргеннен соң,
Жағдайың болмай қалар жаман дейтің.
Дүниені, бар малды салсам дағы,
Қайтсемде осы шапанды алам дейсің.
Одан кейін айтысқа қолың тимей,
Жыл сайын роддомға барам дейсің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз