Жарқынбек пен Айнұр айтысы (3-бөлім)
Жарқынбек Наушабеков, Айнұр Тұрсынбаева · 3 мин оқу
Айнұр:
Не істесем екен ағайын,
Кеңесшілерім қайдасың.
Джипті берсем берейін,
Шаңдатып жолды айдасын.
Шапанды алам қайтсем де,
Уәдесінен бұл таймасын.
Құтыра бермей бұл жігіт,
Келіншегін де ойласын.
Әйелге көлік не керек,
Өзінің білер пайдасын.
Шапаныңды шешіп-ап,
Мына жоспарды жоймасын.
Джипіңмен қоса құры деп,
Сандыққа салып қоймасын.
Бөлінді-ау санам сан саққа,
Ойым да кетті он жаққа.
Көзім де жайнап кетті ме,
Қызықпаушы едім не затқа.
Бүгінгі мынау айтысқа
Оюлы шапан себепті
Оны қалай пайдаланамыз
Қасиеті сондай бөлек па?
Шапамда алып күйеуім,
Шымкентте кию керек па?
Ағайын ел боп, жұрт болып,
Осыған көңіл бөлейік,
Мына шапанның қасиетін,
Бәріміз бірге көрейік,
Жаңалық ашқан Жәкеңе,
Мемлекеттік бюджеттен,
Патенттің құнын төлейік.
Осы әдісті қолданса,
Ат төбеліңдей аз қазақ
Кетеді ғой деп көбейіп.
Азаматтардың бәріне,
Ақ шапан тігіп берейік.
Жарқынбек:
Бұл шапан жоспарымды шектемейді,
Деп тұрсын ғой әйелім өкпелейді.
Шапан беріп орнына джип апарсам,
Күнің бос өтпепті ғой текке дейді.
Мен білетін Әсемге әпке болса,
Джип емес, кит берсең де жоқ демейді.
Наурыз келді нұр шашып,
Шуағын төгіп қызу күн.
Қуанышты халқымның,
Шаттанған көрдік жүзін мың.
Қабыл болсын тілегі,
Айнұрдай ару қызыңның.
Бағаңа бармай байыптап,
Оңтүстік сені айыптап,
Мекені ғана деп білер
Қауын мен қарбыз, жүзімнің.
Тарихың сенің әріде,
Баяндап елдің бәріне,
Айтып та жатыр көк белдер
Дәлелдеп жатыр қызыл құм.
Отаны бүкіл түркінің,
Ордасы қазақ ғұрпының,
Қасиет тұнған өз өлкем,
Бірісің алып тұғырдың.
Тәкәппар анау тауың да,
Далаң мен қалаң ауыл да,
Алқабың менен бауың да
Мекені болған Қызырдың.
Оңтүстік ұлтымызға ұйытқы болып,
Жүргейсің әрбір күнің құтты болып.
Бауыр бүтін, бастары амандықта,
Елім жүрсін, саулығы мықты болып.
Ал Айнұр, сен аман бол жүрген жансың,
Қыз да болсаң жүрегің түкті болып.
Жүрген жансың халықтың қамы үшін,
Талай игі істерге түрткі болып.
Осыменен екеуміз қоштасайық,
Сен шапан, ал мен болсам джипті болып.
Айнұр:
Қабыл да болып тілегің,
Алланың көзі оң болсын.
Сол шапанды өзің ал,
Күш қуатың Жарқынбек
Әрқашан да мол болсын.
Қызыңның саны бесеу боп,
Ұлынның саны он болсын.
Аман боп елдің тойлары,
Несібесі де мол болсын,
Айнұрдан тілек сол болсын!
Шымкеттіктерді көп адам,
Жақсы әңгіме етпейді.
Оңтүстік десе ойбайлап,
Жүзінен үрей кетпейді.
Себебін оның сұрасаң,
«Шымкентский вариантты»
Жасайтын адам көп дейді.
Мен түсінбеймін соларды,
Сіздерден қалай шеттейді.
Оңтүстік болса ешкімді,
Өзегінен теппейді.
Шын мықты болса дәл солар,
Мақтаны неге екпейді.
Жеміс-жидегі бұл жақтың,
Астананы да асырап
Асқазанды да реттейді.
Шәмшінің сазы болмаса,
Концерттің сәні жоқ дейді.
Ал, Заттыбектің әнінсіз,
Қазақтың тойы өтпейді.
Көре алмағандар көпірер,
Ол енді түк те етпейді.
Ұзын сөзімнің қысқасы,
Сіздерге ешкім жетпейді!
Наурыз да келді еритін,
Самарқанның да көк тасы.
Мерекелерге толы тұр,
Көктемнің осы аптасы.
Шымкентке де ақынның,
Байланды міне, ат басы.
Мейрамға келген мейманға,
Бұл елдің даяр тәтті асы.
Қазығұртым жазылған,
Таңбалы тарих тақтасы.
Отырар тұнған қасиет,
Ешкімнің оған жоқ бәсі,
Әлемге мақтан қашаннан,
Мақтаралымның мақтасы.
Қаратауым қазаққа,
Көктемнің кірер қақпасы.
Осындай жерді Жаратқан,
Пәле-жаладан сақташы!
2013 жыл.