Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Тоқсұлу айтысы (3-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Тоқсұлу · 2 мин оқу

Тоқсұлу:
Сынық түймеге даяр-ау қисық ине,
Тілім ащы, уына босқа күйме.
Қамыс күрке жас күннен мекенім-ді,
Кіргізерсің белгілі ақбоз үйге.

Сарышолақ:
Өзімде болмаса да, өзгеде бар,
Болады барлығына Тәңірім жар.
Тіршілік жұбыменен өмір сүрер,
Таппадым ел кезсем де, өзіме пар.

Тоқсұлу:
Бұл жалған екі айналып, тағы келмес,
Іздеп жүр ме едің маған теңдес?
Көңілім патшада еді біле білсең,
Кім бар ед содан басқа маған шендес?

Сарышолақ:
Көнбеспін, Тоқсұлуым, ыңғайыңа,
Батармын аша майдай шымбайыңа.
Сөздерің ақ көжектей құмнан қашқан,
Мінің жоқ, қарап тұрсам, тал бойыңда.

Тоқсұлу:
Айтылған сөздерімді деме бекер,
Көп қарама бойыма, көзің өтер.
Сөздерің ұрысқақтың сөздеріндей,
Түбіңе зарылдаған тілің жетер.

Сарышолақ:
Секілді айтқан сөзің маған шекер,
Деген бар, жастығыңда көңіл көтер.
Бір түнді меніменен өткізсеңіз,
Көңілің алып ұшып, әрмен кетер.

Тоқсұлу:
Сарышолақ, белгілі ғой көңіл құртың,
Ақ шалып, қырауланған сақал-мұртың.
Ботадай керуенге ілесетін,
Жүрем бе өзіңменен, ой-бой, шіркін?!

Сарышолақ:
Сарышолақ сұлу қыздың жайын білер,
Кезің ғой жақсыменен ойнап-күлер.
Сұлудың тарпаңдары толып жатыр,
Мен − қырғи, бабындағы аққу ілер.

Тоқсұлу:
Тілеулер қойын айдап, қыр жайлаған,
Біз едік егін үшін су бойлаған.
Малыңды мақтан тұта, шіренерсің,
Жүресің ұшыр сұрап, сор қайнаған.

Сарышолақ:
Жоқшылық не істетпейді таршылықта,
Әркім шіреп сөйлейді баршылыққа.
Малыңды жау алды ма, жұт алды ма?
Күнің осылай өте ме жалшылықта?

Тоқсұлу:
Кедейде біз боламыз арлы кедей,
Сөз айттың мына бізді жарлы демей.
Адамға бұл жоқшылық мін бе екен,
Несібе талап қылып, тауып жемей?

Сарышолақ:
Аққайранда ойнайды күміс шабақ,
Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ.
Сөзіңіз терең екен тұңғиықтай,
Күлім көз, келбетіңіз, беу, ақтамақ.

Тоқсұлу:
Жүрсің-ау талай жерде қызды мақтап,
Жолаушы солай ғана жанын бақпақ.
Темірдің мал айдатпай базарына,
Жүрмісің қыл-қыбырмен жаның сақтап?

Сарышолақ:
Жақсы мен жақсы әр кез тең болады,
Жайлаған біздің Тілеу ен даланы.
Қыл-қыбыр, сауда-саттық – ноғай білер,
Ат аунаған жерінде түк қалады.

Тоқсұлу:
Тілеуде толып жатыр сасық байлар,
Биім деп, Мырзағұлға тақтың айдар.
Би болар, батыр болар жасқанбаса,
Тоқтатар табылады оған жайлар.

Сарышолақ:
Егінші көктемеде соқа сайлар,
Астығын себетұғын қаппен тайлар.
Біздің ел малын айдап, қона көшіп,
Ор асып, Жем жағалап, тауға жайлар.

Тоқсұлу:
Тең болсаң меніменен көш бастарсың,
Артыңа өсиетті сөз тастарсың.
Қыз жолы жіңішкелеу келеді-ау,
Кедейлікті мін қылып әрі аспассың.

Сарышолақ:
Жақсының әр кезде артық түсінігі
Бұл ағаң талай топқа түсіп еді.
Сөзім жүред еліме, қатарыма,
Айтқаным халқыма несіп еді.

Тоқсұлу:
Бар болса, толып жатқан шеберлігің,
Қыздар сөзін сөйлер өнерлінің.
Ноғайдан бір тең былғары алып едік,
Білген-ау етікші Сарышолақтың келерлігін.

Сарышолақ:
Барады, Тоқсұлужан, сөзің өтіп,
Болдың-ау қағытпаға сондай жетік.
Сен жүрсең, су басында торғай қуып,
Сарышолақ көксауырлап тігер етік.

Тоқсұлу:
Билігің бармай жатып менде кетті,
Тоқсұлу шаруасына болар епті.
Ән қуып, кетесің бе ала жаздай,
Не қылам дәйегі жоқ жеңілтекті?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз