Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Құлый айтысы (3-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Құлый · 2 мин оқу

Құлый:
Баласы Боранбайдың сенсің – Шолақ,
Ақылың болған екен мұнша молақ,
Күпініп, сөз бермейсің,
Сені ақын деп жүрген жұртың дорақ.
У беріп, өз ағаңды өлтіріпсің,
Үйіңде көрген екен қонған қонақ.
Келгенше жиырма беске қатын алмай,
Сорлы едің Бәйінбеттің артын баққан.
Өлгені Бәйінбеттің саған жаққан.
Есіңнен кетпей жүр ме сол күндерің,
Кірме боп талайлардың асын татқан.

Сарышолақ:
Ылдидан Құлый келді есек мініп,
Мұны мен айтпай жүрмін, өсек біліп.
Қуырып, әйелдерге бидай сатып,
Келеді жазғытұрым жүнін жиып.
Тотанның асқақ дәулет арқасында,
Сен, Мөңке, не қыласың мінге күліп?
Мырзағұл, біле білсең, біздің ағай,
Мөңкесің дөңгеленген алдың тұйық.
Ел болдың өз алдыңа жерді алып,
Әйтпесе, артқы жағың болған сұйық.
Мөңкені не қыласың тіліңе тиек қылып?
Сенсіз де тұрған жоқ па жұрттан биік?
Жаманның өресі тар шермендедей,
Кетеді осындайда тілің тиіп.
Жалтума – ең үлкені Тілеуімнің,
Жататын ұлы өзенге өзі құйып.
Үлкенді сыйламаған бетің қара,
Жүрмессің бұ қылықпен елге сыйып.
Жанып кет шаладайын бықсығанша,
Отырса, айтқан сөзге ішің күйіп.

Құлый:
Өз айтқаның дұрыс деп,
Бөдене борбай, шүріш көт,
Кезбедейін елеуреп,
Бүріскен табан, бұрыш бет.
Әкеңнің атын сұрасаң,
Құдай соққан Әйтпенбет,
Шалап ішкен көнектен,
Ас ұсынған шелекпен,
Ақыретке кетіпті,
Жарымаған қорекпен.
Екі ноғай, төрт орыс,
Параға беріп бешпетін,
Уақпай көпір аузында,
Қызыңды зорлад кезекпен.
Соларды қорғап алмаған,
Айырмаң қайсы көжектен?

Қатеден бір Жаңғылыш өле қалып,
Ауылыңды құмға қарай сүйрегенсің.
Ішінен Құлекеңнің қашып келдің,
Артыңды шанышқымен түйрегенсің.
Қопасор қондың-дағы адам болдың,
Қолтықтан Қабақ-Тілеу сүйегенсің.

Сарышолақ:
Ит болсаң, қарғы тағып жүрер едің,
Ас бергенге жағымпаздана үрер едің.
Қатын болмай, аман қалған тазша бала,
Әйел болсаң, шағыстырып, бүлер едің.
Сауысқан секілденіп боқ шоқыған,
Арсыз боп өміріңді сүрер едің.
Көргендей барлығын өз көзіңмен,
Еліріп, бос сөз айттың түрегеліп.

Сөзімнің жоқ қатасы,
Қабыл болған батасы,
Күлтөбеде сөз айтқан –
Тілеу елдің атасы.
Биік еді бәріңнен
Жалтуманың жотасы.
Атамыз өткен Жолдыаяқ,
Хас жүйріктің шашасы.
Ақырып, жасақ сайлаған,
Кекті қылыш қайраған,
Қабағың сонда Есет пе?
Жауын қойдай айдаған,
Зорлықшыл мен үстемге,
Шойын қазан қайнаған,
Қасарысқан дұшпанын,
Алдын орап байлаған,
Ата жаумен алысып,
Жеңбей тағы қоймаған.
Сендей нәтсіз жеңбекке,
Атасының сақалын,
Былғауыштай ойнаған.

Мәнжубас туған сендейлер,
Қайсысын соның санапты.
Бүкіл Әлім сөзге ұстап Тілеуді,
Жауға салды Қабақты,
Өзіңді-өзің жамандап,
Сарттан аласың ба манатты?
Жақсыларды табандап,
Қайдан таппақсың санатты?
Битке өкпелеп, күпіңді отқа жақпассың,
Тотан жаппас жанатты.

Еріп алып өсекке,
Қабақ десең сөз қозғап,
Тілің тиді Есетке.
Орайлы сөзге әрқашан,
Керек еді есеп те.
Бауыздамай салайын,
Теріңді теспей іреуді.
Сыйынған Алла біреу-ді,
Шаңырақты ұстаған,
Алтын діңгек тіреу-ді.
Тоз-тоз болып ірірсің,
Құрт жемей-ақ, шірірсің,
Жау шаппай-ақ алыстан,
Өз-өзіңнен құрырсың,
Жамандасаң, өз атаң – Тілеуді,
Асылдан соққан білеуді.
Басқалар да жетпей ме,
Қозғағанша сіреуді.
Аузыңа сөзді кім салған,
Сынау менен мінеуді.
Менің жолым айқын-ды,
Найзам жауға тіреулі.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз