Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Құлый айтысы (1-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Құлый · 3 мин оқу

Сарышолақ:
Зергер сатар өнерін,
Жақсы адам жұтпайд жегенін.
Алып жатқан көп жылқы,
«Сүтті көлдің» кемерін.
Жақсылықтың белгісі,
Ағайынға бұлдамайды әрқашан да берерін.
Көп жылқышы ішінде,
Мырзасынған пішінде,
Толықсып, толып ісуде,
Өзінше біреу бар екен,
Есенқұл-Бабай дауысты,
Есенқұл емес Мөңке екен,
Сыр-сипатын санасам,
Жақсыларға баласам,
Айналдырып қарасам,
Мал жігіттің көркі екен.
Көп жылқының ішінде,
Қой бастаған серке екен.
Ақылын бұның кім білген?
Шалдуырлау ерке екен,
Өзінше былай сән қуып,
Кигенде тоны келте екен.
Сыртына киіп тай жақы,
Басындағы әлеміш,
Тотанның қалған бөркі екен.
Мінезіне қарасам,
Қара тастан салмақты.
Көп жылқышы ішінде,
Жалғыз ұлдан ардақты.
Сөйлеген сөзі малжанды,
Жігіттей-ақ жан-жақты.
Алып келді қосына,
Шәугім ілді мосыға,
Сапырулы сары қымыз.
Бәрекелді, масына!
Ат сұрай келген құрбыңа,
Көкке қарап сөйлейсің,
Өй дейсің де, бүй дейсің,
Әбу, құрдас, тасыма,
Мақтаныш деген осы ма?
Жазғытұрым болған соң,
Басыңа тағдыр салған соң,
Тотан жылқысын алған соң,
Қаңғырған қудай қаларсың,
Айтқан сөзге нанарсың,
Өткен істі шаларсың,
Шалқақтаған бұл басың,
Ісінген қазір, құрдасым,
Еңкейіп барып, күн туса,
Пұшпағын местің жаларсың.
Не болды деп бұл күнге,
Есіңнен сонда танарсың,
Әлпештеген жұртыңды,
Елді есіңе аларсың.
Айтқан сөзге нанарсың,
Бармақты тістеп белінен,
Гөй-гөйіңе саларсың.
Жақсы адам әсте бұлдамас,
Кем-кетікке берерін.
Терең сайлар құрғамас,
Суға толар тереңім.
Атадан қалған алтын жоқ.
Өмір болса көрермін,
Бостан босқа тасыма,
Бір күнгі ішкен асыңа.
Бағың таяр күн туса,
Жан жуымас қасыңа.

Бұрыннан қалған сөз бар еді:
Құдай қарсы – асыға,
Ілгері кейін күн болса,
Қаларсың сөзден тосыла.
Іркіт бермей сары тоқал
Шөмішпен ұрар басыңа.
Барар жерің қысқарып,
Ақ соғар сақал-шашыңа.
Көптен бері естімей,
Жүрген де сөзің осы да.

Содан Әбу, қайтсе де, Сарышолақ шайырды жеңбек болып, аулының оқыған ақыны Құлыйға бір жылқы беріп, айтысқа қосады:

Құлый:
Сұрасаң, әкем аты − молда Жолай,
Жақсылар өткен екен елде талай.
Дәулетім асып-тасып жатпаса да,
Мен сорлы болғаным жоқ Боранбайдай.
Біз білген Бестоқалда ерлер көп ед,
Дүниеден өткен әкең, сол − Боранбай,
Көрінген алысынан бізге дара-ай.
Сарышолақ, сол көбінің бірі едің,
Өзім бір санап жүрген мыңға балай.

Сарышолақ:
Барғаның дұғай сәлем айт,
Тінәлі мен Молдаға,
Қызықпасын мәрттеніп,
Әркімнен алған олжаға.
Жақсыға тиер залалы,
Жаманды жаудан қорғама.
Шабысы аз жабыны,
Топқа қосып, зорлама.
Батыр шабар ар үшін,
Түсі суық найзаға.
Хас әдіскер салады,
Неше түрлі айлаға.
Шешен сөйлеп, тіл безер,
Хандар тіккен ордада.
Шорағай бөгет болар ма,
Еділ менен Ақ Жайық,
Қосылып аққан арнаға.
Шіркей бөгет болар ма,
Құлази аққан дарияға.
Жортақ жолдас болар ма,
Теңселе басқан жорғаға.
Хас жүйріктің баласын,
Басыңа күн туса да,
Сала көрме арбаға.
Сұңқар жолдас бола ма,
Сауысқан мен қарғаға.
Тілеудің ұлы Жалтума,
Шалқыған өзен секілді,
Басқалар қонған айнала,
Айырдың күші пар келмес,
Аруанадан туған түс нарға,
Біз секілді алтынды,
Қор қылмаңдар мыстарға.
Айызыңды қандырам,
Жетпей де жүрсең құштарға.
Қаз ілетін қаршыға,
Салмаңыздар тышқанға.
Тіресетін алыппен,
Әбуіңде күш бар ма?
Айқайға қосып сүренді,
Сескенетін тыс бар ма?
Таз бала түсіп жүр ме екен,
Өлең деген жоспарға.
Әлі де болса, кейін қайт,
Түсінерсің астарға.
Әулекілеу сөзге еріп,
Бостан-босқа мастанба,
Ағаңның сөзін сынап көр,
Қиырдағы дұшпанға.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз