Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Құлый айтысы (2-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Құлый · 3 мин оқу

Атырау мен Аралдың,
Арасына оқ жетпес,
Шетінен ұшқан құба үйрек,
Қанаты талып қонады,
Тәңір берсе сананы,
Бұл сөзіме түсінед,
Әлімнің жақсы адамы.
Таппай айтқан жаманның,
Халқына тиер залалы.
Алуан-алуан жүйрік бар,
Әліне қарай шабады.
Боқпен сыбап нетесің,
Тас кесетін араны.
Таз бала неғып бөгейді,
Жетеден құйған сағаны.
Жорғаңды сүрдір, айқында,
Болаттан соғып тағаны.
Көп ішінде білерсің,
Бізге қойған бағаны.
Түсінерсің сол сәтте,
Шарық пенен шаманы.
Басыңа күн туғанда,
Еске аларсың алдыңдағы ағаны.
Қанша көлгір болғанмен,
Белгілі және түсінсең,
Артқа ерген қарамы.
Топқа салар туралап,
Тереңнен сілтер дараны.
Шу дегенде белгілі,
Жеңер сөзді қаралы,
Бала күннен сезілер,
Сөзінің болса орамы.
Басыңа бір бақ қонса,
Ешкім төкпес шараны.
Орайлы жерде сөз алар
Кеңдеу болса орамы.
Батырлар да шалықтар,
Туып тұрса оралы.
Барымташы мал алар,
Тәуекелшіл талабы.
Айналайын, Құлыйжан,
Айналдырсаң нетеді,
Бізден соңғы баланы?
Әбудікі айтақ қой,
Жан-жағыңды байқап қой.
Оны тағы түсінсең,
Адам емес саналы,
Ақыл, ойы шамалы,
Менімен тірессе,
Кесілер алған талабы.
Жеңілгенін білгенде,
Жасқа толар жанары.
Тартынып неден сасамын,
Кімнен бұғып қашамын,
Болған соң әбден болары.
Нағыз өртке қосты ғой,
Бықси жанған шаланы.
Боларсың әлі, Әбуім,
Айықпастай жалалы.

Сарышолақ:
Тілеудің ұлы Мөңке еді,
Алты Әлімге бас болған.
Қара мойын серке еді,
Ақылы зерек әулие,
Қияға көңіл сілтеді.
Ағарып атқан таңымдай,
Шөлді жерге бұлт еді.

Онан туған Қыстаубай,
Алтыны кетіп, мыс қалды-ай.
Мен – Жалтума, сен – Мөңке,
Жарамайсың нұсқауға-ай.
Бұлдырықтай бойы бар,
Сұңқардан ұшқыр құс бар ма-ай?
Сөз ұғатын баласың,
Түсінерсің тұспалды-ай.
Мен қаршыға бүретін,
Шын желігім қысқанда-ай.

Жолайдан туған таз бала,
Ақылың сенің аз ғана,
Жусап тұрған жайынның,
Құйрығын басып, қозғама.
Мен – бір жайын, сен – шабақ,
Өзім бастан қозғайын,
Барлығын құртқан қу тамақ.

Тай туласа, үзілмейд,
Шаптан тартқан қос айыл.
Кірісі мықты сарыжа,
Тартқан сайын қайқаяр.
Тоғай сүзген бүркіттей,
Қанат қомдап қалқайын.
Тоқпақ жалды торы атпен,
Дәмең болса, жалпы айыр.
Төзімің жетсе, тірескін,
Жиғаныңды сарқайын.
Айтысар болсаң, дерек айт,
Сөзіңді естіп, айтайын.
Қопаңдайсың құр бекер,
Шабысыңды байқайын.
Тура сөйлеп дұрыстап,
Мен несіне тайқайын?
Дауылдатып құйындап,
Аз миыңды шайқайын.

Құлый:
Бекіре едім мен өрге жүзген,
Іркіліп қалғаным жоқ айтар сөзден.
Бақадай шөлде қалған домаланып,
Көңілі Шолағымның нені сезген?

Сарышолақ өлең айтса, есіреді,
Жабыдай жалғыз шапқан көсіледі.
...............................................................
Күнәсін бұрын айтып, кешіреді.
Жалтума бұрын мөрін басқанменен,
Торшаңыз Әйтпенбеттің жесірі еді.
Сөз келед бұрынғыдан созбақталып,
Шолақтың іздегені кесір еді.
Ақымын, жұртта қалған тайлақтайын,
Өкшеңіз маған ерсең тесіледі.
Жақсының атын айтып неғыласың,
Бұйырған Шолағыңа несібе еді.
Пайдадан босқа келген айрыларсың,
Тілегің айтпастан-ақ кесіледі.

Сарышолақ:
Әулие болып өткен атаң Мөңке,
Әлімге болған екен көсем серке.
Бізбенен арғы жағың бір туғанмен,
Тұғырдай жал-құйрығың болды келте.
Пақырсың таста ойнаған құмырсқадай,
Сені біз өсіріппіз, қылып ерке.
Қабақтың қосын тігіп, кетіп едің,
Ел қылған өз алдыңа сол Мырзеке.
Жарқырап жердің жүзін алып жатқан
Көлшікке пар келмейді ағынды өлке.
Аңдап бас аяғыңды, тазша бала,
Ағаңның сенен, сірә, сөзі төте.
Алдымды орағыштап қайқаңдайсың,
Менімен айтыспағың әлі ерте.
Сүйреген өрге қарай жампозыңмын,
Сол болады жанамада сынбас терте.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз