Сарышолақ пен Тоқсұлу айтысы (4-бөлім)
Сарышолақ Боранбайұлы, Тоқсұлу · 3 мин оқу
Сарышолақ:
Тұрған шығар барлығын ішің біліп,
Кірерсің ақ боз үйге, есік түріп.
Оң жақта отырғанда осындайсың
Барған соң жүремісің бөріктіріп?
Тоқсұлу:
Табады әркім-дағы қылығынан,
Сол байлық келмейді-ау жұлығымнан.
Апарып кіргізердей көлгірсисің,
Мені іздеп келгендей-ақ Ұлықұмнан.
Сарышолақ:
Мені де өлең сөзбен жетеледің,
Әзілдеп, жеңбек үшін төтеледің.
Өзіңді батыр болып, алып қашсам,
Ауылға барғаннан соң нетер едің?
Тоқсұлу:
Піспегім – алтын, тай теріден болсын сабам,
Артады көп ішінде Тілеу бағаң.
Батырлықпен сен жүрсең, жау қуалап,
Ал, мен өзіңнен айнымайтын бала табам.
Сарышолақ:
Ауылыңа ат тіредім, жолым түсіп,
Қыз екенсің суырылған сөзге пысық.
Қырғидың аққудан да дәмесі бар,
Қан шеңгелмен көрер ме еді
Көкіректен жаймен қысып.
Тоқсұлу:
Күлесің қызға қарап мұртыңыздан,
Естіп ем дабылыңды сыртыңыздан.
Тең іздеп жүрсең осы жақта,
Барлығы тәкаппарлық құлқыңыздан.
Жәрмеңкемен гуілдер Қарақамыс,
Тары теңдеп, ол жаққа бара аламыз.
Келесің қап арқалап, астық сұрай,
Ағайынның көңілі үшін, жоқты да таба аламыз.
Сарышолақ:
Жәрмеңкеңді көріп ек Қарақамыс,
Арқаңды қыздырды ма тапқан табыс?
Шойынжолда зырлаған отарбамен,
Орынбордан әрі асып, Петрборға бара аламыз.
Тоқсұлу:
Отырғаным сөзіңе қайран қалып,
Батып жүр, деп естіп ем, салған салық.
Шойынжолмен Петрбор өзің барып,
Қызметіңе жүрсің бе шапан алып?
Сарышолақ:
Патшаның кей салығы қиын болды,
Есеттен соң оларға тыйым болды.
Сұрап алған аурудың емі қиын,
Бұрдырып ек Торғайдан шойынжолды.
Тоқсұлу:
Бұрғызғанда шойынжол ауылыңа,
Бір жақсылық болды ма қауымыңа?
Орыспен ерте дос боп отырсыңдар,
Қарайлас біздей жатақ – кедейлеу, бауырыңа.
Сарышолақ:
Орыс келді, әуелі қала салды Елекке,
Мұжықтары қаба сақал, өлермендеу желөкпе.
Үйренгенше мысық табан жүрісі,
Ал, қазірде, біздің сөз жарамайды керекке.
Тоқсұлу:
Мұңыңды айтып, әр нәрсені қақсама,
Найза алып, шаптыңдар ғой баста да.
Мен періште болғанменен сөз ұғар,
Барлық билік Петрборда, патшада.
Сарышолақ:
Барармыз ол жаққа да дәм айдаса,
Сіздей қалқа арт жақта қарайласа.
Патша да өз халқын біздің елге бостырды ғой,
Сөз мәнін терең ойлап, абайласа.
Тоқсұлу:
Түлкіні құтқаратын көп айласы,
Әркімнің ойлағаны – бас пайдасы.
Көңілшек болса, ағалар, сырт басынар,
Айтпай сезер көңілімнің ішкі айнасы.
Сарышолақ:
Қырғи ем дауылдата жалғыз ұшқан,
Кездестім құба үйрекке қапыл тұстан.
Сөзіме сөздерің сай, теңдесім-ау,
Сен бір жан, Тәңір айдап, жолығысқан.
Тоқсұлу:
Асылдар сөз маржанын түптен терсін,
Аңдамай сөйлесең, тіліңнен таяқ жерсің.
«Ауылыма сөзім жүреді» дедіңіз ғой,
Бір сұрағаным, Мырзағұл түсіп, атын берсін.
Сарышолақ сасып, Мырзағұл биге қарапты. Сөз қадірін білетін би атынан түсіп, шылбырын жерге тастай салыпты.
Сарышолақ:
Дедің бе мені тағы сөзден таяр,
Би ағам інісінен несін аяр?
Бір қылқұйрық не тұрады би ағама?
Інісі өлеңменен атын жаяр.
Тоқсұлу:
Атын мен не қыламын бұл ағаның?
Ағаңның мәрттігі ғой сынағаным.
Қыз ғой деп, менсінбес деп ойлап ем,
Мен-дағы айтқан сөзге тұра аламын.
Жас талдай жаңа өскен бұраламын,
Жалғыздық әркезде де бір алаңым.
Біреудің жалғызы едім маңдайдағы,
Алат [ұғ] ын халқынан сұрағанын.
Жүретін өздерін ұстап елге биік,
Кетті ме айтқан сөзге ішің күйіп,
Аттан түс, барлығың да, кербезсімей,
Асықпасаң, беремін тары түйіп.
Сарышолақ:
Тарының қатығына майың болса,
Біз даяр ондай істер жайың болса.
Ән шырқап, көңіліңді көтеремін,
Істеген қызметіңе көңілім толса.
Тоқсұлу:
Мен емес айтар сөзден бек жаңылар,
Іздесем, көкіректен сөз табылар.
Атыңнан түс, жолаушым, шалқақтамай,
Ниетім қонақжайлық, құп қабыл ал.
Сарышолақ:
Құрады қалың жымға үзбес тұзақ,
Кеттік қой айтыспенен алыс ұзап.
Сұлу қыз шақырғанда шырайменен,
Қонақжайлық – ата салтын кімдер бұзар?