Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Бақи сұлу айтысы (2-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Бақи сұлу · 2 мин оқу

Сарышолақ:
Жігіт жоқ өлген қыздың қарғысынан,
Қарғысың артық кемпір алғысынан.
Қарғыспен жайпап салсаң жігіттерді,
Нең артық еді солардың жалпысынан?

Бақи:
Қалып ед осы жақта сырғам түсіп,
Не айтпас кездескенде сендей пысық?
Қыз, қыз деп, зарлап қалдың, о, жырауым,
Тіліңе шықса екен сенің ұшық.

Сарышолақ:
Сырғаңнан, айналайын, айдай болған,
Өзің де жан екенсің, жаңа толған.
Жігітпен ақсүйекке таласып пе ең,
Шығарғансың сырғаңды қалай қолдан?

Бақи:
Жігітпен ақсүйекке таласпадым,
Жұмбақтап, Сарышолағым, әрі аспағын.
Атыңнан айрыларсың ағам келсе,
Жақсы еді біздейменен жарасқаның.

Сарышолақ:
Беріпті, айналайын, саған көрік,
Болады-ау қызда әр кез үйде ерік.
Кеткенде ұзатылып басқа жаққа,
Жүре ме мәңгілікке ағаң еріп?

Бақи:
Болады маңдайыма өз жазғаны,
Не дейді Тілеудің мына азбаны?
Батырлығым асады сендейлерден,
Жігіттің жаман дейді түп қазғаны.

Сарышолақ:
Соғайын әр кезде де сойылыңды,
Білейін қанағатшыл тойымыңды.
Батыр болсаң, көрсетші «азбаныңа»,
Қос бұлдырық, төстегі мойылыңды.

Бақи:
Қызықсаң төсімдегі анарыма,
Шоқ түссін, күлімдеген жанарыңа.
Қол түгіл, жел тимеген, о, ақыным,
Сақтағам барлығын да барарыма.

Сарышолақ:
Сақтасаң барлығын да барарыңа,
Ақылың болған шығар шамалы да.
Құрбыны қатар білер бірге жүрген,
Тап келдің әлдекімнің амалына.

Барарсың бір күн ұзап песіріңе,
Кезіккенде осындайда кесіріңе.
Сайрап қал бұлбұлдайын, замандасым,
..................................................................

Құрбының қадірін бірге жүрген білмес,
Барлығы бұл жалғанда ойнап-күлмес.
Әзілін қатарыңның түсінбесең,
Көксауың барғаннан соң құлаққа ілмес!

Жеңілген Бақи жылап жібереді. Сарышолаққа алтын сырғасын ұсынады.

Сарышолақ:
Құрбыда кездеседі қадір білмес,
Кей жаман асыл сөзді құлаққа ілмес.
Жисаң да, қанша алтын қоймалатып,
Сол байлық ақыретке еріп жүрмес.
Болмаңыз жаман үшін жұртпен күндес,
Жақсымен кезіксеңіз анық тілдес.
Сырғаңнан, айналайын, өзіңе құт,
Емеспіз сырға тағар біз жарымес.

Бақи:
Ағатай, ұялттың-ау топ алдында,
Өзге қыздан сыйлықты көп алдың ба?
Сырғамды ұсынғаным, жырау аға,
Жүрейін дегенім де көз алдыңда.
Бақи қолынан ағытып, гауһар көзді алтын сақинасын береді.

Сарышолақ:
Айналдым сақинаңның көздерінен,
Бал татыр айтқаныңда сөздеріңнен.
Құралай секілденіп мөлдірейсің,
Қалайша осы кеште кез келіп ең?

Бақи:
Қалалық айтыспай-ақ бауыр болып,
Кездесіп осылайша тәуір болып.
Бір ағам өзіңіздей бола алмады-ау,
Көрмеді оларға да көңіл толып.

Сарышолақ:
Жақсының жаман жүрер бағын байлап,
Кездестің қалың кеште Құдай айдап.
Көңілің көншісінші, текті құрбым,
Көшті ірік, жырлайын бір үзбей, сайрап.

Бақи:
Басыңыз қайғы жұтқан жүрегімді,
Ойлама, қарындасың құр егілді.
Ән болса айтатұғын, тыңдар құлақ,
Көш іркілер, орындап тілегіңді.

Қыздың ағасы келіп қалады.

Сарышолақ:
Ассалаумағалайкум, ауылнайым,
Мінезің көл шайқаған дауылдайын.
Өлеңнің желігімен келіп қалдық,
Көрейік, Жекейдің де малды байын.

Оу, аға, құлдық ұрдық пәрменіңе,
Асықпыз әрқашанда жәрдеміңе.
Сән-салтанат, көшіңіз думандатқан,
Мәз болып мен келемін көргеніме.

Сүйреткен ақ құрығың қолыңызда,
Кездестік көш-жөнекей жолыңызда,
Көңілін ел-жұртыңның көтерейін,
Үй тіктір, жайлы жерге қоныңыз да, −

дегенде, ағасы көшті тоқтатады.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз