Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айқын қыз бен Жарылқасын қожа айтысы (4-бөлім)

Жұмбақ айтыс · Айқын қыз, Жарылқасын қожа · 3 мин оқу

Айқын:
Қожеке, құлақ салып тыңласаңыз,
Алдына қазір болсын сөзің бәрі.
Бір ақ қой, бір қара қой кезек оттап,
Тынбайды бір сағатта ауыздары.
Қара қой отқа шықса, қалқа ұрып
Қалмайды отырған жан еш манзелі.
Ал, ақ қой кезегімен отқа шықса,
Болады шат һәм харам жанның бәрі.
Қожеке, сол екі қой не қылған қой,
Баян қыл, біз сұрадық, тақсыр, соны.

Жарылқасын:
Тілеймін әуел тілек Құдайымнан,
Пайда жоқ ер жігітке уайымнан.
Болса да, саған қиын, бізге асан,
Жарқыным, сөз сұрадың оңайынан.
Бірі Күн екеуінің, біреуі – Ай,
Деп айттың мұны сауал қалайынан?
Түн болса, жұрт ұйқыдан арылмайды
Жорыдық бұл сөзіңді солайынан.
Халайық күндіз болса, сайран етер,
Мен сенің тоқталмаймын мұндайыңнан.
Сөз сұра мұнан гөрі қиынырақ
Жел сөздің озып жүрмін талайынан.

Айқын:
Кімнен өтпей қалады дүние жалған?
Пасық – антқа, мұсылман сертке нанған.
Армансыз бір сұрайын сауалымды,
Білімің сіздің артық жүмле жаннан.
Жауап бер бұл сөзіме, ақылың кәміл,
Неше жыл Әбубәкір патша болған?

Жарылқасын:
Қыз Торы, пірлі сөзге келдің жаңа,
Тіліме медет бергін, Хақ Тағала.
Айтайын білгенімше хикаятлап
Сұрасаң білмек үшін, Айқын бала.
Хазірет хақ өмірден өткеннен соң
Мекке мен патша болған Мәдинаға.
Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айтайық,
Екі жыл алты ай патша болды Әбубәкір.
Туғаннан өлең сөздің мекенімін,
Қойсаңыз, тигізермін нысанаға.
Жүйріктің озып жүрген тұқымымын,
Ғазиздің әулетімен нағыз ғана.
Жүйрігі Қоңырат елінің, сұлу Айқын,
Бар болса, тағы сөзің сұрап қара.

Айқын:
Хазірет Әмір, хазірет Оспан, Әлі
Бұлар да болған екен шариярдан.
Бұлардан жасы үлкен бе, жолы үлкен бе,
Ол Сыдық неге бұрын патша болған?

Жарылқасын:
Қайынды, күйеу еді барша атасы,
Қыз Торы, бұл сөзімнің жоқ қатасы.
Алла елшісі Меккеден шыққан шақта
Әбубәкір – Расулдың жан жолдасы.
Перзенті Әбубәкірдің Бибіғайша
Хазіреті пайғамбардың зағипасы.
Сол себептен Сыдықтың жолы үлкен,
Сұрасаң, осылайша сөздің нәші.

Айқын:
Айтады діннің сөзін Хақ, пайғамбар,
Үмметі пайғамбарға мұсылмандар.
Перзенті Әбубәкір Бибіғайша
Тақсырға жұптылыққа жазған шығар.
Жауап бер, бұл сөзіме ақылың кәміл,
Неше жыл патша болды Хазірет Әмір?

Жарылқасын:
Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей,
Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей.
Пендеге туғаннан соң өлім – рас,
Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай.
Сұраған сауалыңа сөз айтайын,
Тоғыз жыл алты ай Әмір патша болды-ай.

Айқын:
Құдай артық жаратқан Ай мен Күндей,
Жігітке дәулет бітсе, перзент гүлдей.
Бендеге туғаннан соң өлім – рас,
Білмейді бенде, байғұс, оң мен солды-ай.
Әмірдің бұрынғы аты Әмір дейді
Фаруқ аты не себептен пайда болды-ай?

Жарылқасын:
Бұ дүние ойлап тұрсам, жалған екен,
Бұрынғы пайғамбардан қалған екен.
Әуелден таққа мініп, патша болмақ
Жігітке хакім болмақ арман екен.
Бір жөһит пасықпенен даулы болып
Алдына пайғамбардың барған екен.
Жөһиттің ойлап тұрса, ісі мақұл
Турасын әділдікпен берген екен.
Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң
Әмірге бар деп, жарлық қылған екен.
Екеуі келіп, Әмірге арыз айтып,
Алдында тағзымменен тұрған екен.
Разы пайғамбарға болыңыз деп
Көп өтініш екеуіне қылған екен.
Ол пасық разы болмай тұрғаннан соң
Калласын Әмір патша алған екен.
Расулдың сол жерде көңілі бітіп
Фаруқ атын сол жерде қойған екен.
Сұрасаң осылайша, сұлу Айқын,
Фаруқ ат сонан пайда болған екен.

Тағы оқыңыз