Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сарышолақ пен Тоқсұлу айтысы (2-бөлім)

Сарышолақ Боранбайұлы, Тоқсұлу · 2 мин оқу

Сарышолақ:
Егіншінің тілегі мөлдір бұлақ,
Сөздерің өткір, секілді қияқ-құрақ.
Біздің ел малыменен қоса өрген,
Көшеміз жайылым қуа, алыс жырақ.

Тоқсұлу:
Малдарың қыс болғанда желмен кетер,
Не керек, босып жүріп, жесең шекер.
Қаптап алып отырамын астығымды,
Көп көшкен, түбі ойласаң, телмеңдетер.

Сарышолақ:
Қыздарда уайым жоқ жаннан басқа,
Тап болдым уәж еместе сүмбіл шашқа.
Көрер ем қалыңмалды санап берсем,
Мінезің басылар ед алыпқашпа.

Тоқсұлу:
Жігітім, байлық айтып, босқа таспа,
Жарасар, әзіліңіз асыл жасқа.
Кедейдің тыраштары толып жатыр,
Түзде мырза, жарымас ішер асқа.

Сарышолақ:
Егінші атыздарың миялаған,
Сұлу қыз, сөзің шебер қиялаған.
Көңілімде бір сөз бар тасаланған,
Ала қаздай ін түбінде ұялаған.

Тоқсұлу:
Қаршыға қияласа, құсқа түсер,
Кедейдің осы кез ғой шіреп ішер.
Малыңмен несін маған мақтанасың,
Көжем жақсы тыныштықпен үрлеп ішер.

Сарышолақ:
Егінші майды көрсе, жаланатын,
Шықпаған мешкей деген жаман атым.
Ұрысқа шеберсің-ау, о, сұлу қыз,
Дүние үшін қисық жолға бара алатын.

Тоқсұлу:
Шыққан жоқ ұрысқақ деп жаман атым,
Жақсы еді есендік пен саламатың.
Майды айтып [сен несіне] шылқып тұрсың,
Білсеңіз, Құранға шығып нан алатын.

Сарышолақ:
Ел едік талайлардан алға озған,
Жетем деп, нелер жүйрік мойнын созған.
Өлең сөз бірге өскен құрдасымдай,
Қыз көрсе, екіленіп, арқам қозған.

Тоқсұлу:
Көшесің су жағалап азып-тозып,
Жанжалға жүрген шығар арқаң қозып.
Отырсаң егін айдап, бақша салып,
Қала салған, білсеңіз, орыс – озық.

Сарышолақ:
Сөзімнің түйіні бар зергердей,
Қаңғуға біздің қазақ ерінер ме-ей?!
Тыншулап бір жерлерді мекен етсе,
Бір пәле барлығына көрінердей.

Тоқсұлу:
Қазақтың жері ұшан, шексіз қиян,
Қоныс тепсең болады құстай ұяң.
Маңғазсып мал жиғанға мәз боласың,
Мақтаншақ сол мінезді қалай тиям?

Сарышолақ:
Айтқаның әр қазақтың қанында бар,
Көбінің жақсылыққа іштері тар.
Орыстар мекен салып, қарашекпен иемденді
Қол жая сұрағанды етпейді ар.

Тоқсұлу:
Құдайым сақтасын тілемсектен,
Не күттің жарымаған келімсектен?
Басында ақылы бар тау қопарар,
Ісі жоқ сақтасыншы өзіңдей еріншектен.

Сарышолақ:
Жердің де ат жүрдірмес кебірсегі,
Адамның басын жұтар еріншегі.
Елімде батырлар көп, жауға шабар,
Қазақтың озып жүр ғой көңілшегі.

Тоқсұлу:
Көңілшек пен еріншек – ағайынды,
Не айтып, өзіңізге жағайын-ды?
Батырлықты не қыласың бас кететін,
Егін салып, сынасайшы талайыңды.

Сарышолақ:
Салар ем егініңді сынар болсаң,
Отырып, жай салмаққа құмар болсаң.
Жер жайын сен білерсің дән егетін,
Көңілден топ алдында шығар болсаң.

Тоқсұлу:
Көңіліңді неменен ластадым,
Келе сала, өзіңше құлаштадың.
Ел кезіп жүретін көп, қап арқалап,
Жақсы еді жөн-жосықты сұрасқаның.

Сарышолақ:
Сұрасаң, біздің есім – Сарышолақ-ты,
Сөзбенен талайлардың бабын тапты.
Мырзағұл ана тұрған би болады,
Әлімнен сөзі озған әруақты.

Тоқсұлу:
Ат тіреп, тоқтадыңдар шаңырақ деп,
Қонақты қарсы аламыз Тәңір-ақ деп.
Сөзіңіз қызық екен, мақтаншағым,
Біздің жақта айтады өлікті әруақ деп.

Сарышолақ:
Қыз екенсің, япыр-ай, тілің ащы,
Ақыныңның сөзбенен мауқын басшы.
Жүрген жерден кез келмей өзіңіздей,
Теңім жоқ, болып жүрмін басқа тапшы.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз