Сарышолақ пен Тоқсұлу айтысы (1-бөлім)
Сарышолақ Боранбайұлы, Тоқсұлу · 2 мин оқу
Мырзағұл Шыманұлы бастаған жолаушылар тобы Орынбордан елге қайтып келе жатса, шуылдасып, суға түсіп жатқан қызкеліншектер бұларды аңғармай, тек қасына жақындағанда ғана байқап, қоғажай қамыс арасына жасырынады. Бір қыз арғы жағаға жүзіп өтеді де, асықпай киініп, құрбыларының киімдерін алып барып, береді. Сол сәтте қарсы беттен Сарышолақ қыздарға дауыстап:
Қара судан көрінген нұр бейнесі,
Жел қақпаған, ақ күміс пәк денесі.
Әдептілік қайда еді, оу, сұлулар,
Көрініп қалды, әттең, «күн тимесі», –
дейді. Сол сәтте арғы беттен бір қыз:
Аузыңнан суың шұбар жегендей, алуа шекер,
Көп қарама тесіліп, көзің өтер.
Күн ыссы, суға түсіп жатыр едік,
Көрмегендей өтсеңіздер, неңіз кетер?
Қарауға құмарлансаң жалаңашқа,
Көңіліңде не бар еді одан басқа,
Сен ұялмай, орныңа мен қысылдым,
Қарап тұр, сол жағада аузыңды аш та, –
деп айтыпты да, қыздар күлісіп, ауылдарына қарай жүре беріпті.
Жолаушылар өткелменен айналып келсе, әлгі қыз-келіншектер қырман басында тары суырап жатыр екен. Бағанағы өлең айтқан өткір қыздың кім екенін білгісі келіп, жолаушылар ат басын бұрады. Сөйтсе, әлгі қыз қараторының сұлуы, шашы тобығын қаққан, күлім көз, ерекше тартымды жымиысы бар Шүрен елінің Тоқсұлу атты ақын қызы екен.
Сарышолақ:
Қара қыздың көңілі арыда,
Сары қыз құмар тарыға.
Ұяла күліп, тұр бәрі,
Шіркіндердің бары да.
Тоқсұлу:
Арбалған жыландайын қалмадыңдар,
Жолаушым, бізде қандай алмағың бар?
Көрдім деп қыз денесін су ішінде,
Көп болса, әзіліңнің салмағы бар.
Қасқырдай қойға келе араласқан,
Жол білмей, ел қыдырған қара басқан.
Тәтті түс көргендей-ақ тамсанасың,
Ақыл сұрай жүрсің бе жалаңаштан?
Сарышолақ:
Жігіттің қыздан әркез алмағы бар,
Сіз – ақшабақ, аулаушының қармағы бар.
Қырғи ем, аққу алған, шындағанда,
Ал, құрбым, сайлан-дағы, қорғанып ал.
Тоқсұлу:
Кемерге тағып жүрген қының бар ма
Әйелсіз бұл жалғанда күнің бар ма?
Қарғы түсер аққу үшін тамағыңа
Ал, сенің қызды көрсең, жының бар ма?
Сарышолақ:
Мен жүйрік топ алдында іркілмеген,
Сен – қулық, алға оза бүлкілдеген.
Сұлу қыз, келбетіңе сөздерің сай,
Көргенде жүрегім май ішкендей кілкілдеген.
Тоқсұлу:
Бұл жалған өтеді-ау бір күн деген,
Жүйрік пе топ алдында сілкінбеген?!
Дауысың ащы екен байғыздайын,
Өлең қайдан шығады осындай сұрқыңменен?
Сарышолақ:
Егіншінің ісі көп, қара борбай,
Жауы бар, қаптай ұшқан қараторғай.
Ауылыңа маңдай тіреп келгенімде,
Жігіттің біз секілді жолы болғай.
Тоқсұлу:
Жолың болмай, о, шіркін, жүр едің бе,
Әлде түнде далаға түнедің бе?
Шұбыртпадай соңымнан қалмай қойдың,
Бір запыран бар секілді жүрегіңде.
Сарышолақ:
Жолаушының жайы жоқ түзде жүрген,
Мен едім сендейлерді іздеп жүрген.
Жастың жас табады сұрағанын,
Аман ба, оу, кербезім, қоныс-іргең?
Тоқсұлу:
Талай шөңге кірді ғой табаныма,
Көктемеде келмедің сабаныма.
Тары пісті, маржандай қырман толы,
Қап әкеліп, баспақсың-ау амалыңа.
Сарышолақ:
Қыздары бұл жатақтың сөзге ұста,
Әр сөзді өзің айттың осы тұста.
Ауылыңа келгенімде жолым түсіп,
Шаруаңды неге айтпадың өткен қыста?
Тоқсұлу:
Сөзіңнің түрі қызық, ақын шырақ,
Болды ғой көктемде ауылың жырақ.
Есіңнен бәрі ұмыт болғаны ма,
Келмеп пе ең ауылымызға астық сұрап?