Сарышолақ пен Құлый айтысы (4-бөлім)
Сарышолақ Боранбайұлы, Құлый · 3 мин оқу
Алды-артыңды анықта,
Шамаңа қарай шалықта,
Сен секілді көрдемше,
Қараған ба парыққа?
Білерменсіп сөйлейсің,
Шықпай жатып жарыққа.
Тірілей түсіп қаларсың,
Шықпайтұғын табытқа.
Ақылың болса, тереңдеу,
Бостан-босқа сарықпа.
Хас жүйрікпен тіресіп,
Басыңды тықпа қамытқа.
Аз сөзден шығып үлкен өрт,
Зияның тиер халыққа.
Сен секілді көрдемше,
Қараған ба парыққа?
Теңесем деп өрменен
Бостан-босқа салықпа.
Шамаңа қарай шіренің
Айтқаның, сірә, болып па?
Құлый:
Тап болдың өрлі жердің қайқаңына,
Кезікпес біздікіндей жай табыла.
Көшкен елдің соңына ілесіп-ай,
Еріпсің Мырзағұлдың айтағына.
Намысың неден қозып отыр, Шолақ,
Тотанның тап боларсың қай жағына?
Тотанның қазір отыр мерейі асып,
Айтқан сөз жүріп тұр ғой өзгелерге,
Ақылы, байлығы да судай тасып.
Шалқарда үй салдырды оязыңа,
Ұлыққа керегінше ақша шашып.
Ояз да құр қалдырмай Тотекемді,
Шен берді қағазына мөрін басып.
Битше өрген Бестоқалсың жалаң аяқ,
Ел көшсе, жұртта қалған өңшең сасық.
Шақпалап, аш кенедей жабысасың,
Байлықтан әлде отыр ма құтың қашып?
Жеңілсең, Мырзағұлдан жерсің таяқ,
Тұрғаны сендей құлға жаным ашып.
Желпініп, сөз сөйлейсің ескі байдай,
Қашаннан жарып едің,
Бұйырып адалдықтан саған нәсіп?
Сарышолақ:
Қайраған сайын сөзбенен,
Еліре шабам туралап.
Межем бар еді көздеген,
Қиып түсер топшыдан.
Ақ алмастай түрленем.
Нәсілі жаман кей тексіз
Сөйлер сөзін білмеген,
Ойсыз айтқан сөзіңді,
Құлағыма ілмегем,
Сасық сордан шығатын,
Жел секілді іргеден.
Арам қанды төгейін
Найзадай өткір тілменен.
Өспес елдің шолжаңы,
Асылдарын құл деген.
Шірігі мен қасаңын,
Топ алдында пұл деген.
Сөз тимеске сөз тиіп,
Өзінше шіреп гүрлеген.
Сенен жақсы маң төбет,
Қара қорыр түнменен.
Жуынды ішіп Тотаннан,
Мастанып, көңіл бірлеген.
Қияға салсаң, төсте озған,
Қаттылығым сырлы емен.
Қаншама сөз айтқанмен,
Туралап ешкім жүрмеген.
Мырзағұлда нең бар еді,
Не біледі кейінгі,
Қасына еріп көрмеген.
Біз секілді жібектің,
Сыны әсте бұзылмас,
Сен – бөз шұлғаусың,
Аяқта жүріп, кірлеген.
Сөйлер болсаң, дұрыстап,
Тураға қарай дұрыс бақ,
Сүйегіңді шығарам,
Дауылдатқан жырменен.
Жырлаған сайын құлпырып,
Ағылады аузымнан,
Құпиялы сыр деген.
Алынбастың қамалы,
Алдыңда тұрған биік тау,
Неше түрлі саналы,
Сөз төркіні тереңде,
Келтіретін тобаны.
Арлан қарсы шабады,
Таусылғанша амалы.
Сөзімнің қиуы қиылған,
Алысқа кетер хабары.
Іркітке тойып көбеңсіп,
Қалай-қалай көсілед,
Тотанның мына шабаны?
Талайдан озған сүлеймін,
Мырзағұл – елдің барары.
Ойланып істеп әр ісін,
Оң болып тұр талабы.
Жағымпаз болсаң кірмеге,
Басыңа тиер қарары.
Тотанға ерсең, телмеңдеп,
Ұқпассың әзір шаманы.
Қисық ісің көрінер,
Күн туғанда қаралы.
Болыстық Тотан не теңі,
Жолы бар ма саралы?
Байлығын бұлдап әркімге,
Орысқа берген параны.
Шындықты терең түсінсең,
Бар ма содан табары?
Мақтағанға есірсе,
Өзін-өзі өсірсе,
Моншақ болар тағары.
Ретті сөзі келген соң,
Тілекті Құдай берген соң,
Айтпас сөзді айтқыздың,
Жасқа толар әлі жанары.
Дерексіз сөйлеп қайтесің,
Тіліңді қысқарт шамалы.
Басыңа бәле қу тілден,
Айдап салған өзіңді,
Пейілінен табады.
Үйірі азса асылдың,
Жабы қарсы шабады.
Осы жолы жеңілсең,
Мойныңа іліп құрымды,
Көк шыбынға жем қылып,
Көз жасыңды сел қылып,
Пістіріп қояр сабаны.
Тотанда қулық жетеді,
Ретін еппен табады.
Итаршылық – қу өмір,
Сараңшылық – қу жемір,
Тотанда жүріп тесілген
Талайлардың табаны.
«Шолақ» деп, мені кекетсең,
Қашан саған соғып ед,
Байлықтың қоңыр самалы?
Бөлтірікке бал берсең,
Өскенде ол да жетіліп,
Иесін, сірә, қабады.
Таппай айтқан жаманның,
Айырмасын анықтап,
Жұртым өзі табады.
Оқыған деп жүруші ем,
Өзіңдей өскін баланы.
Жүндіқұдық, Ердене,
Мойынқұмдай саланы,
Мекендеген ел едің,
Сүйеген соң Мөңке боп,
Тілеу менен Қабағы,
Мырзағұл емес пе ед,
Орысқа айтқан жобаны.
Ұмытып қазір бар істі,
Жақын менен алысты,
Ұмытып түлкі намысты,
Өзінше салды шабысты.