Заман мен Ұмсын айтысы (3-бөлім)
Заман, Ұмсын · 3 мин оқу
Заман:
Ұмсын-ау, сөз күнәсі – өтіріктен,
Нәпсінің бір күнәсі – мәкүріптен.
Залалы жоқ адамды ғайбат қылма,
Аллаға тіл тигізбе, үміт етсең!
Ұмсын:
Қара кісі қожаны: «Иа, пір!» – дейді,
«Аллаға тіл тигізген кәпір!» – дейді.
«Пендесінің күнәсі сол-ақ па екен,
Білмеген қанша күнә жатыр?» – дейді.
Заман:
Иар солы Жаббардың ісі таса,
«Сауаптан обал көп!» – деп ойламаса.
Қол берген пірді салма көңліңізден,
Күнә сол – ата-анасын сыйламаса!
Ұмсын:
Қожеке-ау, пірлігіңмен қолдармысың,
Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан.
Тәңірі алдына барғанда, тақсыр қожам,
Біз сол жерде көреміз қандай қысаң?!
Заман:
Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың?
Сен данышпан ақылды өз жынысыңнан.
Тәңірі алдында бар дейді талай қыспақ,
Әркім тартар өзінің қылмысынан.
Ұмсын:
Қожеке-ау, көрген сөз бе салдамаңнан?
Пендесі құтылмайды бір қазадан.
Қара кісі тартады қылмысынан,
Қожа қалай болады ысқат алған?
Заман:
Ұмсын-ау, мен ысқатты алушы емен,
Ысқат алған қожаның ақылы кем.
Ысқат алған қожаның рауаяты бар,
Өтейді намазының сауабымен.
Ұмсын:
Қожеке, олай деме, бір Алла де,
Кім сыйынбас Алланың құдіретіне?!
«Ысқатқор», – деп, шақырса екі жендет,
Сонда берер қожаның жауабы не?
Заман:
Иар сол Жаббардың ісі көп-ті,
Екі жендет: «Ысқатқор қайда?» – депті.
Сонда берер қожаның жауабы жоқ.
Күнә болар, айтпаймын өтірікті.
Ұмсын:
Қожалардың қойнында сөз бар екен,
Өлгеннен соң кеңдік жоқ, жер тар екен.
«Ысқатқор», – деп шақырса, үндемесе,
Қожамда да бір сұрау мол бар екен!
Заман:
Иары сол Жаббардың ісі бір дүр,
Өзің құрбы әйелде сен бір – дүлдүл.
Айтқан сөзің кем емес шариғаттан,
Құдайдың ұсындырған жері бар дүр.
Ұмсын:
Шариғат қапия ма, жария ма,
Қожеке, біз – шұқанақ, сіз – дария.
Сұрамаған бір сөзім қалған екен:
«Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?»
Заман:
Сірә, жоқ Мұхаммедтей арызы жеткен,
Ыдырыс, Ғайса пайғамбар тірі кеткен.
Ұмсын-ау: «Өлмеймін!» – деп, қапы қалма,
Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.
Ұмсын:
Иманды адам өлгенде, қалай – демес,
Көкіректе дәрмен жоқ, денеде – күш.
«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет,
Сонда пенде тіріліп, не дейді-міс?
Заман:
Тірлікте көңіл қой бір әдетке,
Иманды адам барады қаны бетке.
«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет,
Жауап берер таянған Құдіретке!
Ұмсын:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»!
Тақсырға қол бермедік әйелдіктен.
Сұралмаған бір сөзім қалған екен,
Елден бұрын сауапқа нені біткен?
Заман:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр, «Мән раббиктен»,
Бір бисмилла мың жылда әзер біткен.
«Сауаптың бисмиллада байлауы», – деп,
Имам Ағзам осылай айтып кеткен.
Ұмсын:
Қожеке-ау, айттың тауып, сәлемет бол,
Сізден біздің сұралмай қалды бір жол.
Заманеке, сізді біз пір тұтайық,
Таңда махшар күнінде хабардар бол!
Заман:
Ұмсын-ау, екі дүние сәлемет бол,
Жабулы бойыменен қалсын ол жол.
Бізді сыйлап, қожа деп, пір тұтсаңыз,
Таңда махшарда имам Ағзам қаумында бол!
Ұмсын:
Дәуіт темір соғады, мылтық ата,
Бір Алладан басқада көп-ті қате.
Заман-еке, сізді біз пір тұтайық,
Ықыласыңмен қол жайып, берсең бата!
Заман:
Мүсәпірдің көңілінде бар дүр сана,
Жаратқан Жаббар Құдай, өзі пана!
Ұмсын-ау, түрегеліп, қолыңды жай,
Өмір мен иман берсін, иа, Раббана!