Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Заман мен Ұмсын айтысы (2-бөлім)

Заман, Ұмсын · 2 мин оқу

Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен несі қурар?
Сираттың көпірінен сауал қылып,
Періштенің сұрауы сонда болар.

Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Қыз, жігіттің күнәсі қайда болар?

Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Күнәң үшін қожаңа ысқат берсең,
Жаныңа бір шыбындай пайда болар.

Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?

Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Еститұғын құлағың, сірә да, өлмес,
Сөйлейтұғын қызыл тіл – аруақ болар.

Ұмсын:
Ажал келсе аңсыздан, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Көздің нұры көгісіңмен қайда болар?

Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Әлхамды ат қылып, мініп жүрер,
Топырақты тон қылып, киіп тұрар.

Ұмсын:
Алланың мың бір аты «Аллажар» ма?
Қожеке-ау, сізден бізге дәрмен бар ма?
Адамды өлгеннен соң, бес бөліпті,
Оның, сірә, қосылар жері бар ма?

Заман:
Қожа – Құдай пендесі, о да не дер?
Мұхаммедтен басқада жоқ-ты өнер.
Қиямет-қайым болғанша қосылмақ жоқ,
Заманақыр болғанда, сөз күн сұрар.
Жамиғы жан сол шақта түгелденер!

Ұмсын:
Қожеке-ау, сіз – ақсүйек, біз – қарамыз,
Бәріміз Тәңірі алдына бір барамыз.
Тәңірі алдында табамыз сізден сауап,
Дәнемені білмеген бейшарамыз.

Заман:
Ұмсын-ау, мұнша неге қысағаның?
Көп дейді сұрағаныңнан сұрамағың.
Шыныңменен: «Пірім!» – деп, нияз берсең,
Сауабымен Тәңірге тапсырамын.

Ұмсын:
Бір мағына сұрайыншы, Заман-еке,
Қиялы бұзған қалай-ды халал неке?!
Мүридін бастап Құдайға пірі апарса,
Елді неге іздейді мүрид Мекке?

Заман:
Қожаң айтар кітаптан, көрген сөзін,
Күнәң қалмас, Меккенің көрсең жүзін.
Ғалым қиған некені арам қылсаң,
Қаса доңыз болғаның, бір мегежін.

Қожа қайраңдап қалды, не айтарын білмегеннен, қалбалақтап айтқаны:

Ұмсын:
Қожекем – қара құлып, алтын сандық,
Тақсыр пірдің жауабына қайран қалдық.
Сөз сұрасам, теңейді мегежінге,
Қай жерінде қалды екен мұсылмандық?

Заман:
Әркім-ақ бұ дүниеден өтер, Ұмсын,
Өткен жанның жұмысы бітер, Ұмсын!
Ісіне шариғаттың талас қылсаң,
Күнәһың асып таудан кетер, Ұмсын!

Ұмсын:
Қожеке-ау, адал көп пе, арам көп пе?!
Жеті қат жер, жеті қат аспан көкте.
Көрер көз, сөйлеген сөз – бәрі күнә,
Қожеке-ау, өлең айту сізлерге еп пе?

Заман:
Шыныңмен Құдайдан қылсаң қауіп,
Тілеулі құл жүреді иман тауып.
Шын дініңе берік болсаң, Ұмсын ақын,
Өлеңнің күнәсы жоқ: істер сауық.

Ұмсын:
Қожекем кітабымен болжайды екен,
Екі жендет кітапты сұрай ма екен?
Көз бен тілден, күнәдан пәк болса адам,
Қожеке-ау, енді күнә қандайда екен?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз