Заман мен Ұмсын айтысы (1-бөлім)
Заман, Ұмсын · 2 мин оқу
Заман:
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәдан пәк қылғайсың, иа, Құдірет,
Ажалға сабыр бергей екі жендет!
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәнің зардабынан қорыққаннан,
Кетіпті кей дәруіштер Меккені іздеп.
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан бұ дүниеде пәк болсаңыз,
Ішінен сегіз бейіш орын сайлар.
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан бұ дүниеде пәк болмасаң,
Ішінде жеті тозақ сорың қайнар.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!»
Ақыретке барғанда, сұрау жоқ-ты,
Ішіне сегіз бейіш кіргендерге.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!»
«Ассалаумағалейкүм!» – дегенмен тең,
Парызға дуа қылып жүрген ерге!
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты, Лаух ал-қалам.
«Үлде киіп, хор қызын құшар, – дейді, –
Ішіне сегіз бейіш кірген адам».
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты Лаух ал-қалам.
«Жеті тозақ ішінде жатар, – дейді, –
Иманынан айырылып қалған адам».
Қыз шыдап отыра алмады, өлеңді қоя берді:
Ассалаумағалейкүм, бердік сәлем,
Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, –
Қай сауаптан бейішті көреді адам?!»
Заман:
Дін мұсылман пендеге жаза қылмас,
Ораза мен намазын қаза қылмас.
Малдан – зекет, қолынан қайыр берген,
Сол себепті бейіштен құры қалмас.
Ұмсын:
Ассалаумағалейкум, бердік сәлем,
Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам,
Қай қылмыстан тозаққа барады адам?!
Заман:
Қиямет қайым болғанда, ақыр заман,
Ақыретте жаныңа күнә жаман.
Өтірікші, зинақор, ұры болса,
Сол себептен тозақты көреді адам.
Ұмсын:
Кім көнбейді Алланың салғанына,
Бейшараның тозақта қалғаны ма?!
Күнә менен зинадан мұқым болып,
Тамам қожа бейішке барғаны ма?
Заман:
Мұсылманшылық көп пайда жандарыңа,
Жан қиналар күнәның салдарына.
Қожа, қара демеңіз, бәрі бірдей,
Жолықпаса Алланың оңдарына!
Ұмсын:
Қол берейік пірлердің төрт жарына,
Жолықтырғай Алланың оңдарына!
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсем,
Қандай пайда болады жандарыма?
Заман:
Нияз берсең, берерсің өз қамыңа,
Өлгеннен соң жатарсың жер тарына.
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсең,
Қожекең басшы болар алдарыңа.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Жұмла жанның тұрағы қайда болар?
Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Жұмла жанның тұрағын иман сұрар,
Иншалла, бейіш бар, сонда тұрар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Періштенің сұрауы қайда болар?