Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қараішік пен Қубала айтысы

Қараішік, Қубала · 2 мин оқу

Қубала:
Осы жерге біздер келдік той бар-ау деп,
Күреңді бос жібердік ойнар-ау деп.
Бұ тойдан соң қалсам да, үмітім бар,
Жолдықты бізге деген қояр-ау деп.
Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жейді қой деген мал.
Біздерді көп сөйлетіп, не қыласың?
Әкел де, жолдығымды алдыма сал.

Қараішік:
Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жей ме қой деген мал?
Тоқ бала біздің елде толып жатыр,
Әй, бала, жолдығыңды айтысып ал.

Қубала:
Кім еді айтып желсөз өңмеңдеген,
Алладан келмей бұйрық өлмен деген.
Кешегі ел қыдырған есер күнде
Қыз бар ма Байбақтыда мен көрмеген?

Қараішік:
Сен едің азбан Тана, азған Тана,
Жығылсын атың жүрмей сазға жана.
Еш нәрсе өз еліңнен таппай келіп,
Құдықты біздің елден қазған тана.

Қубала:
Мен едім азбан Тана, азған Тана,
Жығылсын атым жүрмей, сазға жана.
Қараішік, келген жерден құдықты айттың,
Немене құдық деген, Құдай тоба!

Қараішік:
Тезегін таза көлдің термеймісің,
Жүгіртіп, ат құйрығын өрмеймісің?
Болмасаң, есің кеткен есер Тана,
Құдықты мал суарған көрмеймісің?

Қубала:
Қараішік қызығарсың қылығыма,
Келтірме бұндай сөзді бұлығыма.
Жолаушы, атым шөлдеп келе жатса,
Салайын тері қауға құдығыңа.

Қараішік:
Қубала, қызығарсың қылығыма,
Келтірме бұндай сөзді бұлығыма.
Жолаушы, атың шөлдеп келе жатса,
Қояйын астау құрып құдығыма.

Қубала:
Өлеңге сен де жетік, мен де жетік,
Айтсайшы жетік болсаң, мендей етіп,
Мінезі құнанымның тентек еді,
Сындырмасын астауыңды қарғып кетіп.

Қараішік:
Қызды көрсең, япыр-ай, күлімдейсің,
Өзіңе өз қылығың білінбейсің.
Қызығып, қыз үйіне кіремін деп,
Мұрының сағанаққа ілінгейсің.

Қубала:
Күлмеймін, ойнамаймын баламын деп,
Ойнасам, бір пәлеге қаламын деп.
Неталы Бисалымен алып келді
Бір тұқым осындайдан аламын деп.

Қараішік:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы,
Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.
Тананың Қубаласын алып келіп,
Неталы, Бисалымен сен қарақшы.

Қубала:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы,
Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.
Қалмақтан біз ұрласақ, жылқы ұрлаймыз,
Өз бетін өз ұрлайтын қыз – қарақшы.

Қараішік:
Қубала, айта алмадың жардан ұшқыр,
Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.
Үйіңнің барлық жаны қырылып қалып,
Байларда малайлыққа күнің кешкір.

Қубала:
Қараішік айта алмадың, жардан ұшқыр,
Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.
Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін,
Әкеңнің оң жағында ішің өскір.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз