Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қоңқа би мен Төле бала

Төле би · 5 мин оқу

Төленің жас кезі. Жотада мал бағып жүрсе, анадай жерде бес-алты аттылы кетіп бара жатады. Бала олардың алдынан шығып сәлем береді. Орталарындағы ақсақалды Қоңқа би деген жасы жетпістерге келген кісі екен.

– Балам, бұл қай ауылдың малы?

– Әлібек бидің.

– Анау үйездеп жатқан жылқылар кімдікі?

– Ол Жыланкөз байдікі.

– Е, е, іздеп келе жатқанымыз сол Жыланкөз бай еді.

– Менің де сол ауылға барар шаруам бар еді, сіздерге ілесе барайын, – дейді Төле бала.

Олар жүріп келе жатып сәске түс кезінде көп жылқыны көреді. Жылқының көптігі соншалық, кіші бесінге дейін шетіне шыға алмайды. Сонда жолсерік бала:

– Ата, мынау жылқы қандай байдың жылқысы болды екен? Білесіз бе? – деп сұрайды. Оған Қоңқа би:

– Қарағым, бұл нысапсыз деген байдың жылқысы, – дейді.

– Нысапсыз деген қандай бай?

– Балам, айтайын: нысапсыз деген, осы малды жия берген, жия берген. Бұл нашарға, кедейге қайырымы жоқ, ат майын бермейтін байдың малы.

Олар одан әрі жүріп келе жатады. Кенет кең далада жайқалып өсіп тұрған қалың егіннің үстінен түседі.

– Ойпырым-ой, ата, мынау қандай адамның егіні болды екен? Көз жауын алып, жайқала өсіп тұр ғой, – дейді бала.

– Ә, шырағым, бұл егін қайырсыз деген байдың егіні.

– Қайырсыз деген бай ма? Қай ел болады, ата?

– О, шырағым, айтайын. Бай бір өзі пәлен адам жалдап, осынша жерді айдатты. Арзанға жұмыс істетіп, еңбегін бір жеді. Енді егінді біреудің еңбегімен орғызып, қырманға салды. Бастыртып, қамбаға құйды. Мұның бәрін өзі істемеді, біреуге істетті. Сонан соң елде астық болмай калған жылы қымбатқа сатты. Өзі жан қинамай үйде май шайнап жатты. Келесі жылы тағы егін ектірді. Енді екі есе адам жалдады. Жылдан-жылға осылай кете берді. Одан жұртқа пайда жоқ. Ел ашыққанда, қымбатқа сатты. Мұның қайырсыз болатын себебі осы. Түсініп ал, балам.

– Түсіндім, ата.

Екеуі келе жатса, бір жерде көп адам жиналып, көр қазып жатады.

– О, балам, – дейді Қоңқа би, – анау жиналған топ адам кімдер? Көзің жетік қой, қарашы? – дейді.

Бала қарайды:

– Ата, өлген адамды қойғалы жер қазып жатқан көрінеді.

– Ендеше, сен барып біліп қайт. Көметіндері өлген адам ба, тірі адам ба екен? Соны сұрағын.

Бала шабады да кетеді. Барып көр қазып жатқандарға сәлем береді.

– Сіздердің жерлейтіндеріңіз өлген адам ба, тірі адам ба?

Жақыны өліп, жаны күйіп тұрғандардың біреуі:

– Не деп былшылдайды мынау? – Екінші бірі келіп, баланы қамшымен басына салып жібереді.

– Иттің баласы, не оттап тұрсың?

Бозбалалардың екеу-үшеуі оған жабыла кетіп еді, араларындағы бір қария кісі:

– Тоқтаңдар, – дейді айқайлап: – Әуелі жөн сұрайық. Қайдан келе жатқан бала екен, білелік. Кәне, балам, сен не дедің? – дейді.

– Көміп жатқандарыңыз өлі адам ба, тірі адам ба? – дедім.

– Қарағым, осы сөзді өзің айтып тұрсың ба, жоқ басқа біреу айтқызды ма саған?

– Қасымда үлкен кісі бар еді. Сол кісінің атқосшысы едім. Ол кісі:

– Аналардың жерлейін деп жатқаны өлген адам ба екен, тірі адам ба екен, барып біліп келші? – деп жұмсады.

– Апырым-ай, мұны сұраған қария тегін адам емес екен-ау. Қой, баланы ұрмаңдар, жігіттер. Мұнда бір мән бар. Сол қарияны біреуің барып шақырып келіңдер.

Екі жігіт қарияға барып сәлем береді.

– Ақсақал, бір қадірлі адамымыз қайтыс болып, соны қойып жатыр едік, ілгерінің жолы, өлікке құран оқып аттаныңыз. Қоңқа би:

– Ә, ондай болса жарайды, – деп атының басын бұрып, әлгілерге барады. Өлікті қойып болған соң көпшілік:

– Ақсақал, алыстан келе жатыр екенсіз. Өзіңіз де бір қадірлі кісі көрінесіз. Бұл кісі де қадірлі адамымыздың бірі еді. Мына баланы бізге жіберген екенсіз. Бала шауып келді де бізден:

– Қойып жатқан өліктеріңіз өлген адам ба, болмаса тірі адам ба? – деді. Соны көңілімізге ауыр алып, осында бозбалаларымыз қол көтерді. Баладан мұны қалай сұрадың, өзің бе, жоқ саған біреу үйретті ме? – деп едік, «ақсақалым бар еді, сол кісі осылай сұра деп жұмсады» – деп шынын айтты. Тағы бір қария былай деп сұрады.

– Сізден сұрайтынымыз, мұны қалай айттыңыз? Бұл өлі адам ба, жоқ тірі адам ба дегеніңіздің мәнісі қалай, түсіндіріңіз?

– Ә, оны дұрыс сұрайсыңдар. Тірі адам ба дегенім, артында өзіндей болатын бала-шағасы бар ма, ас-су беретін мал-жаны бар ма дегенім. Ал өлі адам ба дегенім, өзіндей болып өсетін артында бала-шағасы жоқ болса, ас-суын беретін мал-жаны жоқ болса, мұның аты шын өлік, шырақтарым. Осының қайсысы білгім келіп еді. Бұл өлік осының қайсысы?

– Уа, ата, артында баласы бар, ас-суына жарайтын мал-жаны бар дәулетті кісі. Қоңқа ақсақал құран оқып, бата қылады. Көпшілік:

– Ауылға жүріңіз, мейман болыңыздар, – деп өтінеді.

– Шырақтарым, маған ауылға қонуға болмайды. Мен түздің адамымын, – деп Қоңқа би атының басын бұрып жүріп кетеді. Жолда келе жатып бала тағы да:

– Ата, түздің адамымын? – дегеніңіз қалай? – деп сұрайды.

– Қарағым, өзің аңғарымпаз бала екенсің. Сенің атың кім?

– Атым – Төле.

– Төле қарағым, түздің адамымын дегенім – көпшіліктің халықтың адамымын дегенім...

– Бата берейін, сені түзде кездестіріп, серік болдым. Мен секілді сенің де өмірің түзде өтсін, түздің адамы бол, балам, – деп бетін сипайды қарт. Төле би есейгенше сол жол үстінде жолыққан Қоңқа қартты үнемі құрметтеп еске алып, өзіне ұстаз тұтқан екен.

Шешендік сөздер

Барлығы: 103 шешендік сөз

Тағы оқыңыз