Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Төле бидің бота дауын шешуі

Төле би · 2 мин оқу

Төле бала ауыл сыртында қозы бағып жүргенде, жанынан өтіп бара жатқан қос аттының бірі: «Әлібек қартайыпты, әділдігінен айныпты» деп ренжіп бара жатқанын естіп қалады. Төле олардың алдарынан шығып, сәлем беріп:

– Оу, ағалар, әкем Әлібектің билігіне ризамысыздар жоқ, наразымысыздар? – дейді.

– Наразымыз, балам. Әкең әділ билік айтпады.

– Ендеше қайтыңыздар.

Екі жақ Әлібектің алдына қайта келгенде бала Төле:

– Ата, билікке екі жақ бірдей риза болу керек. Әйтпесе, ол әділ билікке жатпайды. Жеңілген де, жеңген де шындықты мойындауы керек, – дейді.

– Олай болса, балам, осы даудың билігін өзің айтып берші?

Төле әуелі таластың мәнін сұрайды. Сонда дауды бастаған жігіт ботасында жоғалтқан түйесін жолда кезіккен керуен ішінен танығанын айтады.

– Бұл өтірік айтып тұр, – дейді керуенбасы саудагер.

– Ал, енді, жігітім, «тапқан қуанады, таныған алады»деген, сен таныдым дейсің, қалай таныдың?

– Менің танығаным, – дейді ол. – Түйем туар уақтысына жақындаған кезде бошалап кетті. Бір жетіге дейін таптырмаған түйем тау баурайында боздап, ары-бері кезіп жүр екен. Ботасын қасқыр жесе де, шала туса да кетпес еді. Сонысына қарап, ботасын біреу алып кеткенін түсіндім. Содан бері жүргінші көрінген түйеге көз салып жүруші ем, көрген бойда Таныдым. Төле ойланып отырып:

– Сол танып тұрған аруананың енесі бар ма? – дейді.

– Бар.

Төле қарсы жаққа қарайды.

– Иә, саудагерім, сөйле.

– Бұл өз түйемнің ботасы. Жалақорға тура сөзіңізді айтыңыз. Іштегі ботаны танимын дегенге адам сене ме?

– Енесі бар ма түйенің?

– Туған енесі бар.

– Онда екеуің де енелерін алып келіңдер? Дауласқан екеу бесті атандарының енесін алдырады.

Төле:

– Атанды тізгіндеңдер де тақымына қыл бұрауды салыңдар, – дейді. Жұрт айтқанын лезде орындайды. Бесті атанның тақымына қыл шылбырды салып, шыңғырта бұрағанда, таныған жігіттің түйесі көзінен жас парлап, мұрындығын жұла-мұла бақырып жатқан атанның үстіне түсе қалады. Ал саудагердің түйесі орнынан қозғалмай, жайымен күйсеп тұра береді.

– Ау, халайық, көріп тұрсыздар. Мына жануар шын анасы екен, не дейсіздер?

– Рас, аруана ботасын танып тұр. Төлежанның бұл әділдігіне ризамыз, – деседі жұрт. Төле саудагерге қарап:

– Ә, саудагерім, мынау хайуан да болса әділетін халықтың алдында көрсетті. Атанның кімдікі екеніне халықтың көзі жетті. Сен енді құтыла алмайтын болдың. Күнәні мойынға алған жеңіл. Мына халықтың алдына шығып шындығыңды айт.

– Оу, халайық, осыдан бес жыл бұрын жайлаудан қалаға қайтып келе жатып, жапан түзде, бір төбенің баурайында боталаған түйенің үстінен түстім. Ботасы аяқтана алмай, жығылып, тұрып жатыр екен. Түйені алсам, сіңіре алмаймын. Жолда ел көріп. «Пәленше саудагер алып бара жатыр» дейді. Мына ботаны алып кетсем, ешкім білмейді. Алашаға ораймын да, қомның арасына таңа саламын. Бір жылдан кейін түйе боп шыға келеді. Бір түйе маған аз олжа ма деп сол ботаны алып кетіп ем. Кешсеңдер де, бас кессеңдер де өздерің біліңдер, – деп мойындапты. Міне, Төле би дауды осылай шешіп, жұртты риза етіпті.

Шешендік сөздер

Барлығы: 103 шешендік сөз

Тағы оқыңыз