Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кәдірбайдың төбеті

Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 178 жол

І
Аяқтарын алдырып,
Астымда атым болдырды.
Айдалада қалдырып,

Құба жонға қондырды.
Жаяу қалдым қаңғырып,
Не жаздым мен сол ғұрлы?
Жұртта қалған жұрынмен,

Ат аяғын байладым.
Дəрі шөппен ем қылып,
Өлтірмеуге ойладым.
Маңайынан шыбынды,

Бүркіп, сілтеп айдадым.
Елді сорған төредей,
Атқа қонған елемей,
Бүгелектерді айдадым.

Түйе жүрген соқпақтан
Таптым сулы бір апан,
Атымды əбден суардым,
Сілкінді атым есінеп,

Қоя берді кісінеп.
Өзім баурында отырған
Қырға қарап салдым əн.
– Шыда біраз, жануар,

Енді жолда болдырма.
Жолдас та жоқ жалынар,
Тек ермегім домбыра!..
Таудан асты күн бұғып,

Ай көрінді бір жақтан.
Келеді екен бір жігіт
Қылаң атқа жүк артқан.
Көтеріле салдым əн,

Атын бұрды ол маған,
Жөн сұрастық жалма-жан.
– Шырағым, мен Жамбылмын.
Өзің қайдан, атың кім?

Ауылдарың қай жерде?
Қатын, балаң бар ма əлде?
Тоқ па үйдегі балалар?
Қанша ед үйде ұл мен қыз?

Мол ма ед үйде ет, қымыз?
Жігіт жерге түсті аттан:
– Менде болмайды ол мақтан,
Бала түгіл қатын жоқ,

Қатын алар затым жоқ,
Елді кезген сен ақын.
Кəдірбайға бір барып,
Жайың бар ма тоятын?

Біз қалдырған қай-қайда,
Жолаушысың бұ күнде,
Барып кетсең болмай ма
Кəдірбайдың үйіне?

Кеше өліп бір төбеті,
Бай қайғысы болды көп.
Шақса керек қарақұрт,
Ит арсылдап жұлынып,

Əбден ығыр болды жұрт.
Жер тырналап дөңгелеп,
Өлді ақыры сол төбет.
Итті көріп Кəдірбай,

Жылап, ұрсып, салды ойбай.
Ат шаптырды жан-жаққа,
Ақын-жыршы дегеннің
Бəрін жиып алмаққа.

Бай бейілін, мейірін,
Сəн-салтанат сейілін,
Ақыл, күшін, зейінін,
Ең ақыры төбетін,

Күймен, жырмен мадақтап,
Бəйіт қылып беретін.
Бай сыйламақ боп отыр,
Зерлі шапан, елу қой,

Екі бірдей жорға атын.
Ет-қымызды былай қой,
Жүз тақта шай, бір қатын…
Сенен озар жоқ ақын,

Сен ғой соны алатын.
ІІ
Жыршыларда дамыл жоқ,
Күндіз-түні айқайлап.

Кəдірбайды мақтап кеп,
Терлеп-тепшіп сор қайнап:
«Тəңір ашқан бағыңды,
Қыдыр баққан малыңды.

Жүйрігің – тек жұлдызың,
Жорғаң – судың құндызы.
Өз мінезің қырмызы,
Ел-жұртыңа жағымды,

Шынжыр балақ, шұбар төс,
Ата тегің мəлім-ді.
Жандаралмен жақын боп,
Талай атың жайылды.

Губернатор келмесе,
Тамағыңды сағынды.
Атың сенің ендеше
Патшаға да танылды.

Атамандар іздеп кеп,
Бірге түлкі қағысты.
Қымыз ішіп, етің жеп,
Үйіңде дем алысты».

ІІІ
Жыршы біткен шуылдап,
Мақтағаны – Кəдірбай.
Итін жоқтап бір уақ,

Елден маза, кетті жай.
Шаршады, əбден терледі,
Жамбылға да сөз берді.
Тұрды төрден Кəдірбай,

Қарап қойды Жамбылға,
Қитар көзін төңкеріп,
Сандықтарын бір шолып,
Түлкілерін бір көріп,

Қымыз жұтып алды да:
– Жырлайды деп естідім, –
Аузыңа түскенді.
Ішіңде бар сұмдығы,

Күйлерің боп шер, жылау,
Салады деп жұртқа ылау.
Кəне, бері жақын кел,
Төбетімді жырлап бер,

Кебісіңді шеш, – деді.
ІV
Күй жосылып жөнелді,
Екі шектен боратып,

Қоя бердім өлеңді,
Жыршыларға қаратып:
– Ей, жыршылар, жыршылар,
Жыр айта ма осылай!

Сөздеріңнің дəмі жоқ,
Күйлеріңнің сəні жоқ,
Пайдасыз жұртқа құр айқай.
Мақтағанға сабылып,

Ұятсыз, арсыз сараң бай,
Бастарыңды көтерші,
Тіленіп, сұрап жыланбай!
Сөздеріңе күйіндім,

Қанша айтсаң да, тойғам жоқ,
Шықпай қалды бүйірім.
Жамбылға құлақ салыңдар,
Сөзімнен пайым алыңдар,

Жарлыдан безген байымас,
Тілене берген жарымас.
Байға жылап жалынған,
Жұрт болмайтын нағыз нас.

Өлеңсіз адам – есіркер,
Ақылсыз адам малмен тең.
Байларға басын имеген,
Еркін боп өтер дүниеден.

Өлеңін сатқан қу кезеп,
Ол бір шыбын, сұр көжек.
Ей, жыршылар, құлақ сал,
Сөздеріңді тыңдадым,

Байға селтең қақтыңдар,
Шыдады əзер қу жаным.
Ал, Кəдірбай, құлақ сал!
Жамбыл сөзін тыңдап қал:

Итіңді жаман демеймін,
Күзетіп жүр малыңды.
Көпшілікті бүлдіріп,
Ұрлап алғандарыңды.

Итің қуып қасқырды,
Ауылдан талай қашырды.
Таңынан талай тартқылап,
Қасқырды талай састырды.

Даусыменен шошытып,
Қасқырларды тықсырып,
Таудан талай асырды.
Естісең, міне, расымды!

Айтсам сөзім нанымды,
Өлеңім оттай жалынды.
Ауылды торып аңдыған,
Қасқырды талай қан қылған,

Сенен жұртқа ит жақсы,
Күзеткен қотан, ауылды.
Кетпеймін айтпай онымды:
Қайнатып Құдай сорыңды.

Ит өлмей-ақ, сен өлсең,
Болар еді тым-ақ орынды.

Жамбыл Жабайұлы өлеңдері

Барлық 96 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері