Ыбырайдың Мақпал қызбен айтысы
Үкілі Ыбырай · 1860–1930 · 42 жол
Мақпал:
Қызы едім Ақтентектің шұға Мақпал,
Жігітті талап қылған тəңірім сақтар.
Кірмейтін ешбір жанның өсегіне,
Айтыссам Ыбыраймен Алла жақтар.
Ыбырай:
Айтамын саған, қалқам, мен де бастап,
Қап пен би бір лəмға қалмас ақсап.
Мезгілсіз ауылыңа бара қалсам,
Қужайтын кəрі-жасың шығар аңсап.
Түтіктен су, түндіктен күн көрсек те,
Екеуміз жолығармыз ебін тапсақ.
Кез болған кезең жерде, қайран құрбым
Кетпеспін тойған жерге сені тастап.
Мақпал:
Ей, құрбым, ризамын сертке жетсең,
Жерлер көп, қиын-қыстау аман өтсең.
Сен үшін жақынымнан болдым алыс,
Тапсырдым бір өзіңе келмей кетсең.
Кез болған кезең жерде, қайран құрбым
Өзің біл ғашығыңды зар еңіретсең.
Ыбырай:
Құдыретің жетеді алла бар қылғанда,
Біреудің кең дүниесін тар қылғанда.
Қабырғам сынбаса да қайысады,
Артымда мен қалдым дер зар қылғанда.
Өлгенше айырылман деп ойлаушы едім
Не болар сонда күнім айрылғанда.
Мақпал:
Біліп ем, төгілген соң толмасыңды,
Ақ сұңқар қайтып қолға қонбасыңды.
Қалайын амандасып, су перизат,
Біліп ем өмір жолдас болмасыңды.
Əлім жоқ енді ұшқанмен алысатын,
Күн қайда жүйрік мініп жарысатын?
Жайлауға қой қоздатып шыққан елдей,
Маңырап бір-бірімізге табысатын.
Ыбырай:
Біраз күн жеңгесіне салдым салық,
Артымда зарланамын Мақпал қалып.
Кез болған кезең жерде, қайран құрбым,
Қасіретің өзегімді кетті-ау жарып.