Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 32 жол
Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппайө
Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
Не файда бір орыннан қозғалмайтын,
Тазармас қара су да жатқан ақпай.
Артықтан тағлым алып, кемге үйретпей,
Жүруің лайық па ғақыл таппайө
Сен неге бой көрсетпей жасқанасыңө
Тастаса көзің көрсін халық ұнатпай.
Бұл шақта сөз базары көтеріңкі,
Сынаспай бақытыңды сен де баптай.
Бірде алып, бірде қалып жүрмес пе едің,
Сөзіңді біреу сөгіп, біреу мақтай.
Бой тежеп жүрексіну дұрыс емес,
Шашылған ризықты жүріп татпай.
Һүммәт тау кеседі деп мысалда бар,
Жігітке һүнер қайда зейін артпай.
Талапты жаңа өспірім бағландар
Жүруге лайықты ғой атын ақтай.
Жігіттің несі жігіт босқа жүрген,
Қызметпен файда беріп, халыққа жақпайө
Бәсең бол, әсем болсаң деген жөнмен,
Һүнерін мұхтаждарға жүрсе сатпай.
Жан-фида, малың тәрік болсын, жігіт,
Дін, милләт деген сөзді тұр жәһидлай.
Мен кепіл сонда жаман болмасыңа,
Тұрмасам қолыңды әкел, айтқан шартта-ай.
Адасып қараңғыда сорлы қазақ,
Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай.
Сөндірмей жанған өртті көрген адам,
Қалайша тұру мүмкін жанға батпай.