Түлкі, тасбақа және кене
Мысал әңгімелер · 1 мин оқу
Бір уақыттарда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласып:
—Мұны ұрық қылып жерге егіп, көбейтіп бөліп алайық,— дейді. Түлкі бір жарды көріп:
—Мен осы жарды сүйеп тұрайын, болмаса құлап кетер,— деп жардың астында саялап жатып алады. Тасбақа байқұс жерді тырналап, кене сорлы тарыны жиып, егіп, әлекке түседі. Сөйтіп көп бейнет шегіп, піскен соң екеуі тарыны орып, жинап алады. Мұны бастырғанда бір аяқ тары болады. Біреуі барып түлкіні шақырып келеді, түлкі келе сала:
—Бұл тарыны үшеуімізге бөлуге болмайды. Үшке бөлген соң әрқайсымызға қаншадан тиеді дейсің. Онан да үшеуіміз жарысып, қай озғанымыз алайық,—дейді. «Мақұл!» деп үшеуі бір жерге келіп қатарласып тұрады. Түлкі: «Ал кеттік!» деп жөней бергенде кене түлкінің башпайы
на жабысып, бірге кетеді. Түлкі өліп-өшіп барынша жүгіріп келіп, қырманға жетіп отыра бергенде, кене:
—Әй, сорлы мені басып өлтіресің бе?—дейді.
—Әй, сен қашан келдің?—дейді түлкі.
—Сен бағана «Ал кеттік!» дегенде-ақ мен келіп алғанмын,— дейді кене. Екеуі дауласып жатқанда, аузы-мұрны қан-қан болып тасбақа келеді. Келе сала:
—Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім, жаңа сендердің арттарыңнан екі қаракер атқа мінген, қара бүркіті және екі тазысы бар екі адам келіп: «Жаңағы қасыңдағы түлкі жол дасыңды тауып бер» деп, менің аузы-мұрнымды қан қылды. Сонда да мен сені айтқам жоқ. Әйтеуір, осы жаққа қарай келе жатыр,—дейді тасбақа. Түлкі:
—Айналайындар-ай, мені айта көрмеңдер, мына тарыны екеуің тең бөліп ал, мен сендерге риза болайын. Олар келсе: «Білмейміз қайда кеткенін» деңдер,—деп тұра жөнеліпті. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене бөліп алыпты.