Кенесары—Наурызбай (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Әбілпейіз деген Бұхарада хандық құрып тұрған. Оның Мәрәйім деген бас уәзірі болады. Әбілпейіз ханға білдірмей, Мәрәйім соңына ханға қарсы адамдарды ертіп, ханды өлтіру жолын қарастырады. Күндердің бір күнінде Мәрәйім Әбілпейізді мейманға шақырып, шарап ішіп мас болған ханды өлтіріп, ертеңіне өзін хан деп жариялайды. Әбілпейіздің үй-мүлкін «хан таланды» деп талатып, үйін құртып жібереді. Әбілпейіздің әйелі бес жасар Абылай деген баласымен қашып, өзі қолға түсерден бұрын «ханның баласы деп тірі жанға айтпай асыра» деп, Ораз деген мүсәпір шалға береді. Бес жасар баланы Мәрәйім іздеткеннен кейін-ақ Ораз қария баланы алып қашып, Түркістан шаһарына келеді. Түркістанда біраз жыл тұрып, ең ауыр қалде өмір сүреді. Жалданып күндерін көреді. Ақыры күн көре алмай «Сарыарқа, Көкшетау деген жақ жақсы, барған адам өмірі көрмеген тойыншылыққа кездеседі» деген хабар есітіп, Ораз қария Арқадан келген көп түйе керуенге ілесіп Сарыарқа деген жерге келеді. Арып-ашып келе жатқан Ораз жас баласын ертіп сусын ішуге Арқалық деген бір бай аулына келеді. Бай шалды баласымен жалшы етіп алады. Жас Абылай көп ұзамай жылқышы болады. Не жақсы аттарды мініп, ат құлағында ойнайтын шабандоз, қатарының арасында беделі асып, абыройлы бола бастайды. Оны сезген Аталық және өзінің баласының жоқтығынан Абылайды өкіл бала етеді. Оған баланың келбеті де себеп болады. Өйткені Абылайға біткен сүйек сұлулығы мен іреңділік ешкімге бітпеген. Ораз шалға бір жесір кемпірді қосып, өз алдына үй етіп қояды.
Күндердің бір күнінде хан Жәнібек жар салып ел жинап, екі рет қазақ аулын шауып алған қалмақтың Қалдан ханына барып кегін алу үшін көп сарбаз жинайды. Ол көп қолға қосылмақ болып, Абылай өкіл әкесінен рұқсат сұрайды. Аталық рұқсат етпейді. Талапты Абылай түн ішінде қашып келіп, хан Жәнібектің қосынына қосылады.
Қалдан ханның еліне жеткенде, дайындалып тұрған көп ләшкер қолымен хан Жәнібектің алдынан қарсы шығады. Екі жақтың сарбазы бетпе-бет келіп, Қалдан ханның атақты батыры Шырыш жеке соғысқа шығады. Шырыш батырдың түрін көрген қазақтарға қорқыныш кіріп, ешбір жан мен барам деп тілемейді. Қатты қысылған хан Жәнібек «Кім талапкер?»—деп айқай салады. Шарт түйінген науша жігіт келіп ханнан рұқсат сұрайды. Қысылып тұрған хан кім екенін сұрамай-ақ рұқсат етеді.
Үлкен майдан алабында Абылай мен Шырыш батыр ұрыс жасап, Абылай Шырышты өлтіреді. Өлген батырмен қалған батырға қарай екі жақтың көп қолы айқайлап ат қойып, ұрыс басталады. Батырынан айырылған қалмақ ханы жеңіліп қашады. Екі хан бітісіп, Абылайға Қалдан хан қызын береді. Қайтып келген соң хан Жәнібек орнына Абылайды хан сайлап, Абылайдың хандық дәуірі сол заманнан басталған.
Абылайдың қалмақтан алған әйелінен Қасым хан туған, бір әйелінен Уәли хан туған.
Абылай Бөген бойының Боралдаймен ұштасқан жерінде ауырып жатып, Көкшетаудағы баласы Уәли ханды шақырады. Уәли хан Көкшетаудан ауырып жатқан әкесіне он алты күн салт атпен жүріп жетеді. Абылай ауырып жатып елдің билерін жиып алып, баласы Уәли ханды орнына хан сайлағанын айтады.
Абылай өлісімен оның балаларының арасынан араздық туып күшейе бастайды. Қасым ханды «қалмақсың, хан емессің» деп шеттете бастайды. Оған шыдамаған Қасым хан бөліне көшеді. Екі арасынан жанжал шығып, ол бала-шағаға шейін араздасуға алып келеді. Бұл араздық Кенесары мен Шыңғыс арасында шығады. Қасым ханның бір әйелінен: Есенкелді, Сарыжан, Ағадай, Кенесары, Бопы, Көшек. Бір әйелінен—Наурызбай. Бір әйелінен Үсен туған.
Уәли ханның баласы Шыңғыс және басқалары Петерградқа оқып, «ұлы» шенге ие болып, қазақ даласын патша әскерінің басып алуына жәрдемдескен.
Уәли хан ауылына патша салдаты келеді-міс, Қызылжар, Ақмешітке патша салдат тұратын кірепіс салады деген хабарды естісімен Кенесары ауылы Көкшетауды тастап, Түркістанға қарай қаша көшеді. Кенесары қашып көшіп келе жатып, Түркістан барып «Қазақ дуанын» шақыратынын хабарлайды. Кенесары Наурызбайдың бірнеше ауылмен қашып бара жатқанын және «Қазақ дуанын» шақыратынын Уәли хан ауылы есітіп, қасына салдат алып, көп адаммен артынан қуады. Қуғыншыдан хабар алған Кенесары ауыл еркегімен бірге жасырынып кетеді.