Қамбар төбе
Жер-су аңыздары · 1 мин оқу
Қаратаудың теріскейінде, Сарысу мен Қоңыр құмының аралығында Шайырлы деген далада Көкдомбақ дейтін төбе бар. Мұны бұл күнде Қамбар төбе дейді. Қамбар батыр сонда өлген. Өлу себебі: Қамбар арқада жүріп, Сырдағы Орақ батырдың баласы Қайқы батырдың аулына келеді. Қайтуында нағашысы Қайқы батырдың жылқысын айдап қашқан, өзі кедей екен. Қайқы батыр Қоңыр құмында қуып жетіп, Сарысудың жиегінде соғысқан. Қамбар Қайқыны құлатқан. Сонда Қайқы:
– Менің өлігімді соңымда келе жатқан жолдастарым тауып алады. Сен де тірі қалмайсың. Өйткені найзамның ұшын уға суғарған едім. Денеңе найзам тиді, сен де өлесің, - дейді. Сөйтіп, жылқыны тастап, ертерек еліңді тап деген кеңес береді. Қамбар соның айтуы бойынша жылқыны тастап жүріп кетеді. Кешкілік Домбалыққа жетіп, сол төбеде денесі уланып өлген. Төбеге ел бар ма екен деп қараған. Содан бері Көкдомбақ Қамбар төбе деп атанған деседі.