Хан қорған
Жер-су аңыздары · 1 мин оқу
Абылай хан қарамағындағы қалың әскерлерін таратып жіберіп, өзі Ташкентке келіп, онда біршама уақыт кідіріп, кейіннен еліне қайтып келе жатқанда Арыс өзені бойына келген жерде өзі баяғыда «Шымкент, Сайрамға ие бол» деп қолымен қойған Әбдірахман деген бегі Тұрбат, Сұлтан Рабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі жалпақ табан, жалаң аяқ сарттарды жинап, тосып тұрғанын естіп жайбарақат келе жатқан хан Арыстың жағасындағы бір төбенің басында қосшы-қолаңшы, төленгіттерімен қалшиып тұрады да қалады. Абылай сонда батырларын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, құсадан өледі. Оны сол жердегі бір қорғанға түсіреді. Ол қорған күні бүгінге дейін «Хан қорғаны» аталып қалады деседі.