Келін төбе
Жер-су аңыздары · 1 мин оқу
Келін төбе. Ілкі заманда қазақ даласына қалмақ шапқан деседі. Ер-азаматтар жау қолынан өліп, ел еңсесі түседі, сол кезде ел ішінде Ақшабақ есімді келіншек бар екен. Қауым елді ақылмен бастайды. Қашқан ел Қаратаудан асып, Сырға жетеді. Сыр жағасындағы қалың тоғайға кіріп, қалмақ қолын адастырып кетеді. Әлгі келіншек дариядан өтіп, аз күн тынышталған елге: «Кетпен ұстауға жарайтын жұрт топырақ тасып төбе үйсін, төбе басына шыққанда дарияның арғы басы көрінетін болсын!» - дейді. Ел екі етпейді, төбені үйеді. Келіншек күнде өрмелеп төбе басына шығып қарауыл қарайды. Келе жатқан жауды күншілік жерден таниды екен. Жау төбесі көрінсе ауылға хабар қылады да, жұрт тоғайға сіңіп құтыла берген. Осыдан кейін Ақшабақтың есімі, беделі ен далаға жайылып, халықтың оған деген құрметі үдей түседі. Осы мекенде диханшылық дәуірлеп, ел тып-тыныш мамыражай заман кешкен. Бір күндері қырағы келіншекке бүйі түйіп өледі. Жұрт оны ардақтап, арулап осы төбеге көмген екен. Содан бұл төбе «Келін төбе» аталып кетіпті дейді.